top of page
Search

Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылды

Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. ҚР Үкіметі тиісті қаулыны қабылдады.


«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қызметіне:

  • әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;

  • ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіру;

  • ғылымды дамыту бойынша форсайттық зерттеулерді дайындауды және жүргізуді үйлестіру;

  • ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу;

  • ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу;

  • ғылыми журналдар шығару, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу;

  • ғылымды танымал етуге қатысу және т.б. кіреді.

ҚР ҰҒА жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.

Еске сала кетейік, биылғы 1 маусымда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе бере отырып, Академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын. Академиктердің ұсынысы бойынша Үкімет ҰҒА-ны трансформациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оның негізгі міндеті Академия қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды қалыптастыру болды.


Фото: www.gylymordasy.kz

bottom of page