top of page
Search

AIF халықаралық сарапшылары Қазақстанның жоғары біліміндегі жаңа трендтерді талқылады

AIF халықаралық сарапшылары Қазақстанның жоғары біліміндегі жаңа трендтерді талқылады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


«Білім: әлеуметтік-экономикалық өсудің қозғаушы күші» панельдік сессиясы Астана халықаралық форумының қатысушыларының қызығушылығын тудырды. Панельдік сессияның спикерлері ретінде Ұлыбритания, Германия, Франция және АҚШ-тың мемлекеттік саясат, экономика және жоғары білім саласындағы жетекші халықаралық сарапшылары сөз сөйледі. Сессияның серіктесі – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі.


Білім мен экономиканың байланысы қандай? – мұндай сұраққа сессияның модераторы, белгілі дат журналисті Бенте Далсбек спикерлерге жауап беруді ұсынды.


Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сессия қатысушыларына отандық жоғары білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мен инновациялар туралы айтып, бүгінгі таңда ел Үкіметі екі негізгі мақсатқа – жоғары білім сапасы мен қолжетімділігіне назар аударатынын атап өтті. Осы міндеттерді шешу үшін Үкімет биылғы жылы Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады. Онда алдағы жеті жылға саланы дамытудың негізгі басымдықтары көрсетілген.


Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Ұлыбритания еліміздің жоғары білім берудегі алғашқы серіктес елдерінің бірі екенін еске салды. Ол сондай-ақ соңғы он жарым жыл ішінде Қазақстанда жоғары білім берудің қуатты дамуы жүріп жатқанын және бұл осы саладағы табысты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.


АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының уақытша сенім білдірілген өкілі Джуди Куо Қазақстанның бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін әлемнің үздік жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары мен тәжірибелерін тарту жөніндегі бастамаларын түсінікті және маңызды деп санайды.

Сонымен қатар, елімізде бірегей «Болашақ» бағдарламасы бар. Ол сондай-ақ Қазақстан үкіметінің Орталық Азия өңіріндегі трансұлттық білім беру хабы болуға ұмтылысын қолдады.


Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы елшілігінің орта және жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі атташесі Ксавье Ле Торривеллек Францияда экономиканың дамуы білім беру арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті. Дәл осы қағида елге ғылым мен инженерияда тек Еуропада ғана емес, әлемде де жетекші орынға ие болуға мүмкіндік берді. Мысалы, соңғы 25 жылда Францияда 54 атом станциясы салынды.


Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Мехтхильд Зассе сондай-ақ біздің елдеріміздің ДААД пен «Болашақ» халықаралық бағдарламаларының табысты ынтымақтастығы аясындағы өсу үрдістерін атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда білім беру тек білім беру және жинақтау ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды алу болып табылады.

Minerva университетінің негізін қалаушы және ректоры Бен Нельсонның (АҚШ) пікірінше, қазіргі жағдайымыз болашаққа не әкелетіні туралы ақпарат береді. Жасанды интеллекттің пайда болуы, Chat GPT, IPI-инжиниринг білім мен дағдылардың жаңа деңгейін қажет етеді.

Дәстүрлі білім беру жүйесі болашақ цифрлық экономика үшін мұндай мамандарды өсіре алмайды. Осы серпіліс үшін Қазақстанға екі-үш жаңа озық жоо құру қажет. Бұл жоғары білімнің бүкіл жүйесі мен болашақ экономикасы қалыптасатын «маяктар» болады деп есептейді беделді Америка университетінің ректоры.


Coursera Бас директоры Джефф Маджионкальданың айтуынша, айналамыздағы өзгерістер үнемі болып тұрады, егер ерік пен тілек болса, онда ел бұл мүмкіндіктерді өзгеріске қарай қарастырады. Білім мен экономика арасындағы байланыс прогресс пен дамудың ұлттық көрінісі болып табылады.


Жаһандану және цифрландыру жағдайында Қазақстанның жоғары білімінде болып жатқан өзгерістерді қарастыра отырып, халықаралық сарапшылар Қазақстан Үкіметінің қазақстандық жоғары оқу орындарының әлеуетін арттыруға, отандық жоғары мектептің интернационализациясы мен ашықтығына, жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге қолдауы мен мүдделілігін оң бағалады.


bottom of page