top of page
Search

Отанының игілігі үшін еңбек етті. Академик Айтмұхамед Абдулиннің туғанына 100 жыл

Биыл қазақ халқының көрнекті ұлы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Құмкөл кен орындарын тұңғыш ашушы академик Айтмұхамед Абдуллаұлы Абдулиннің туғанына 100 жыл толады.

 

Академик А.А. Абдулин – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғҒылым академиясының экс-вице-президенті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының құрметті директоры, Қазақстан жер қойнауының құрметті барлаушысы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, запастағы полковник. «Отан», «Құрмет», «Октябрь революциясы» ордендерімен, екі «Қызыл жұлдыз» орденімен және көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың шәкірті. 1924 жылы 29 қарашада Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қара-Кеңгір ауылында дүниеге келген. 17 жасында соғысқа ерікті болып кетіп, Сталинград шайқасына қатысқан, бүкіл Еуропаны жүріп өтіп, жауынгерлік жолын Жапонияда аяқтады. С.М. Киров атындағы Қазақ университетін бітіргеннен кейін, еңбек жолын 1953 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазКСР Геология ғылымдары институтында бастады. Қазақстанның геология ғылымына 60 жылға жуық өмірін арнаған ғалым ол жерде зертханашыдан институт директорына дейінгі еңбек жолын жүріп өтті.

Академик А.А. Абдулин Қазақстанның және одан тысқары жерлердің ғалымдары арасында үлкен құрметке ие болды. Оның жаратылыстану жөніндегі еңбектері Қазақстанның геология ғылымында лайықты орын алады. Ол сондай-ақ Қазақстанның пайдалы қазбаларын ашуда практикалық маңызы бар көптеген геологиялық, тектоникалық, металлогендік және әртүрлі масштабтағы құрылымдық-формациялық карталардың бірлескен авторы.

Геология бойынша еңбектер А.А. Абдулинді кеңінен танымал етіп, геологтардың қалыптасуы үшін үлкен маңызды болды. Оның қатысуымен ашылған жаңалықтардың бірі – Оңтүстік Қазақстанның мұнай өнеркәсібі үшін базаға айналған Құмкөл мұнай кен орны. Ғылыми қоғам академикті қазақстандық ғылымның шынайы патриоты деп санайды.

А.А. Абдулин жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында жиырма жылдан астам уақыт бойы аймақтық геология және металлогения бойынша ұжым мен ғылыми зерттеулерді басқара отырып, геолог-ғалымдар мен практиктердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. 

Биылғы жылы Алматы қаласында және ғалымның отанында көрнекті геологты еске алуға арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. «Современное образование» журналының редакциясы А.А. Абдулиннің қызы, биология ғылымдарының кандидаты Сәуле Айтмұхамедқызы Абдулинамен кездесті.


– Құрметті Сәуле Айтмұхамедқызы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосқан әкеңіздің мерейтойы құтты болсын. «Іздеудің қиын жолдары» кітабымен танысқаннан кейін Айтмұхамед Абдулиннің жолында көптеген қиындықтар болғанын білдік, ғалым ол қиындықтарды қалай жеңді, оған кім қолдау көрсетті? 


– Менің әкем қиындықтарды батылдықпен жеңді. Иә, әкемнің өмір жолында қиындықтар өте көп кездескен, ата-анасынан ерте жетім қалған, 1937 жылы үлкен ағалары қайтыс болған, әкем тек өзіне, өз күшіне ғана сену керек екенін түсінеді. Әкемл әрқашан маған қорған болып, қолдау көрсетті. Менің дана әрі сенімді әкем бар екенін, қиын кезде қол ұшын беретінін сезіндім, тіпті әкемнің қандай ерекше адам екенін бұрынғыдан да жақсы түсіндім. Мен және менің балаларым оны мақтан тұтамыз және халықтың жадында ол көрнекті геолог, қиянатқа бармайтын, адал, әдепті әрі мейірімді адам ретінде мәңгі қалады деп сенеміз.

Анам көп жылдар бойы әкеме сенімді тірек, демеу болды. Ата-анам ҚазМУ жатақханасында танысыпты. Сол кезде аспирантурада оқып жүрген анам құрбысына қонаққа келіп, сол жерде әкемді көреді. Олардың көздерімен көздері түйісіп қалады – ол төсегінде отырып, шинелін тігіп жатады. Анам құрбысынан бұл жігітті танисың ба деп сұрағанда, одан да жақсырақ жігітпен таныстырамын деп жауап берген! Бірақ ата-анам бәрібір танысып, кездесе бастайды, ал көп ұзамай әкем үйлену туралы ұсыныс жасайды. Анам әртүрлі жағдайларды ерекше бағалай білетін керемет ақылды әрі көреген жан болды, әрдайым әкеме құнды кеңестер беретін. Анамның қазасы әкемнің жанына қатты батты, өйткені олар елу жылға жуық бірге өмір сүрді ғой.

 

– Академик Айтмұхамед Абдулин ғалымдардың келер буынына не қалдырды?


– Барлық мұра – әкемнің еңбектерінде, оның геология бойынша жұмысы кейінгі буын мамандары үшін үлгі және нұсқаулық болды, ал ол 10 монография мен 300-ден астам ғылыми мақаланың авторы, 30-дан астам ғылым докторының және 150-ден астам ғылым кандидатының тәлімгері.

Жер тарихының басты кезеңдері бойынша Қазақстанның жер қыртысының геологиялық құрылымы мен дамуының негізгі ерекшеліктерін сипаттайтын «Қазақстанның геологиясы мен минералдық ресурстары» атты әкемнің монографиясы әлі күнге дейін тек Қазақстандағы ғана емес, барлық әлемдегі студенттер мен аспиранттардан бастап әлемдік мамандар деңгейіне дейінгі геологтар үшін жалғыз оқу құралы болып қала береді. 

Менің әкем – әйгілі Құмкөл кен орны мен тағы 20 басқа кен орнын алғаш ашушы.


–  Біздің оқырмандарға, әсіресе, болашақ мансабы үшін техникалық мамандықтарды таңдайтын жастарға не тілер едіңіз?

 

– Қазақстандық мамандардың жаңа буыны әкемдей жақсы оқып, өз мамандығының қыр-сырын тамаша меңгерулеріне тілектеспін. Атап айтқанда, геологтар үшін экспедициялық сапарлар өте маңызды – бұл білімнің негізі!

Әкем елу жыл бойы экспедицияда жүрді. Ерте көктемде Геология институтының жанында геологиялық экспедицияға баруға арналған жабдықтармен жабдықталған үлкен көліктердің тұратыны есімде. Бұл көңіл көтеретін ойын-сауық сапары емес, жаз бойы жұмыс істеп, шатырда тұрып, тұрмыстық қолайсыздықты сезіну керек болады, көбінесе жаңбыр жауады, суық түседі, су тасқыны болады, әкем осының бәрін басынан өткерді. 

Әкемнің отансүйгіштігі бөлек әңгімеге. Ол Отанымыздың игілігі үшін еңбек етті, мен жас оқырмандарға еліміздің игілігі үшін еңбек етіңіздер дер едім!

 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page