top of page

Абай университеті: Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеретін жоба мәресіне жетті

Бұған дейін Абай университетінде 4–12 қараша аралығында дәстүрлі «Ұлттық диктант» жобасы өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды шара бүгін өз мәресіне жетті. Диктант жазу жобасына университеттің әкімшілік басқару жүйесінен бастап, барлық деңгейдегі қызметкерлер мен студенттер қатысты.


ree

Қазіргі таңда орта мектептерде диктант жазу дәстүрі сирей түскені көптен бері айтылып жүр. «Соның салдарынан көп жағдайда оқушылар тестке дайындалып, жазу сауаттылығы кенжелеп, орфографиялық қателердің саны артқанынан тіл мәдениеті төмендей түсті» дегенді айтады мамандар. Бұдан кітап оқуға деген қызығушылық азайып, жалпы тілдік сауат деңгейіне кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес.


Биылғы жылғы «Ұлттық диктант» жобасының ерекшелігі тек университет көлемінде ғана емес, республика бойынша және шетелдегі қазақ диаспорасы арасында да онлайн форматта өткізілді. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, азаматтардың сауатты жазу дағдыларын жетілдіру, жастардың тіл мәдениетін көтеру және қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру.


Қатысушылар «til.kz» сайты арқылы тіркеліп, тапсырмаларды онлайн орындады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдап отырған жоба Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлының және осы қоғамның Алматы қалалық филиалының төрағасы Болат Анапияұлының бастамасымен жүзеге асты. Шараға аппарат басшысы Жанатбек Ішпекбаев пен факультет декандары жетекшілік етіп, диктантты қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушылары – Роза Бақбергенова, Жарқынай Қоқанова, Зейнеп Османова, Ұлан Тайжанов, КәрімБайқұтов, Санақжан Самархан жүргізді.


Ұлттық диктантқа Педагогика және психология, Математика, физика және информатика, Филология, Жаратылыстану-география, Әлем тілдері, Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық, Өнер, Foundation, Сорбонна-Қазақстан институты және Тарих және құқық факультеттерінің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер белсене қатысып, өздерінің тілдік сауаттылығын сынап көрді. Қатысушылардың сауаттылығы бойынша: 1–3 қате жібергендер жоғары деңгейде бағаланады, 4–7 қате жібергендер тілдік дағдысы қалыптасқан, 7–12 қате жібергендерге тұрақты түрде жаттығу жасау ұсынылады, ал 13 және одан көп қате жібергендерге тіл мамандарымен қосымша жұмыс ұйымдастырылмақ.


Диктант қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етіледі. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға электронды алғыс хат және KITAP қосымшасына тегін жазылым берілмек. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары жастардың жазу тілінде ауызекі стильдің жиі қолданылуы қазақ тілінің табиғи нормасына қатты әсер етіп жатыр. Сондықтан диктант жазу дәстүрін жаңғырту – ұлттық тіл мәдениетін сақтау мен дамыту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

 


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page