Алматыда Қазақстан мен Францияның мәдени ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған жаңа жобалар таныстырылды
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға арналған бірқатар іс-шара өтті.

Кітапханада көпшілік үшін Франция кітап бұрышы ашылды. Мұнда елдің тарихы мен мәдениеті туралы басылымдар, француз классиктері мен қазіргі авторлардың шығармалары, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер қойылған. Жаңа кітап бұрышы оқырманның француз әдебиеті мен мәдениетін жақынырақ білуге мүмкіндік береді.
Іс-шара аясында француз тарихшысы әрі зерттеушісі Мари Фавероның «Алтын Орда: дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабының қазақ тіліндегі басылымы да таныстырылды. Еңбекте Алтын Орданың тарихы, Еуразия кеңістігіндегі орны және Орталық Азиядағы саяси әрі мәдени үдерістерге ықпалы баяндалады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Алматыдағы Француз альянсы мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат аясында тараптар бірлескен мәдени-ағартушылық жобалар мен әдеби бастамаларды қолға алып, түрлі іс-шаралар өткізуді көздеп отыр.




Comments