top of page
Астана қаласының № 84 «Кәусар» балабақшасы. Балабақшадағы ландшафтық зерттеулер

Қазіргі білім беру жүйесінде балалардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыруға үлкен мән беріледі. Бұл мақсатқа жетудің тиімді жолдарының бірі – мектепке дейінгі ұйымдардың аумағында ландшафтық зерттеулерді ұйымдастыру. Оларды балабақшада іс жүзінде жүзеге асыру балалардың табиғатты бақылауына, тануына және онымен белсенді өзара іс-қимыл жасауына мүмкіндіктер ашады. Қарқынды урбанизация мен антропогендік жүктеменің артуы жағдайында ерте жастағы балалар үшін экологиялық және эстетикалық тұрғыдан ұйымдастырылған орта құру ерекше өзектілікке ие болады. Балабақша аумағы балаларға экологиялық тәрбие берудің, танымдық дамуы мен еңбекке баулудың маңызды кеңістігіне, табиғатпен табысатын мекеніне айналады. Сондықтан оны дұрыс ұйымдастыру өте маңызды. Астана қаласының № 84 «Кәусар» балабақшасында бұл мәселе ғылыми негізде және шығармашылық тәсілмен шешілген.

 

Ландшафтық зерттеулердің мәні мен маңызы

Ландшафтық зерттеулер – бұл белгілі бір аумақтың табиғи жағдайларын кешенді зерттеу процесі. Олар жер бедерін, топырақ құрамын, климаттық ерекшеліктерді және өсімдік жамылғысын қамтиды.

Балабақша аумағында жүргізілетін мұндай зерттеулердің басты мақсаты – табиғи жағдайларға бейімделген, қауіпсіз әрі тиімді көгалдандыру жобасын құру. Бұл, өз кезегінде, балалардың денсаулығын сақтауға және қоршаған ортаны жақсартуға ықпал етеді. Біздің балабақшамызда 2023 жылдан бастап «Балабақшаны көгалдандыру кезінде жүргізілетін ландшафтық зерттеулер» тақырыбы бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Көктемнің келуімен балабақша ауласы гүлдерге толып, сұлулығымен балаларды қуантады. Жол бойында өсіп тұрған қызғалдақтар мен бәйшешектер кішкентай бүлдіршіндерге табиғаттың қандай ғажайып екенін ұғындырады. Жасыл шөптің үстімен жүгіру, жұмсақ жерде ойнау – балалар үшін ерекше қуаныш.

2023 жылғы 2 қазанда Мұғалімдер күніне орай балабақшада «Тәрбие бағы» алаңы ашылды. Оған біз 20 қайың және 21 алма көшетін отырғыздық. Осы саябақтағы көлеңкелі ағаштардың астында орналасқан алаңдарда әртүрлі әдістемелік кездесулер мен іс-шаралар өткізіледі, ал балалар отырғызылған көшеттерді күтіп-баптауды, олардың күннен күнге, жылдан жылға өсуін бақылауды, өз еңбегінің жемісін көруді және табиғатты қорғауды үйренеді деп болжануда.

Сонымен қатар, біз «Арайлы Астана» саябағын аштық, онда 70 ағаш отырғызылды. Қарағайлардың қасында өсіп тұрған алма ағаштары көктемде гүлдеп, күзде жеміс береді. Балалар бұл ағаштардың қалай өсіп, жеміс беретінін көріп, табиғаттың құпияларын түсіне бастайды.

Тәрбиеленушілеріміздің жетістіктерін, олардың ертеңгі өмірге қадам басқандағы құндылықтарын біз осы тәрбиенің нәтижесі деп санаймыз.

Біздің балабақшамыздағы ең ерекше орындардың бірі – ландшафтық кабинет. Мұнда балалар табиғатты зерттеп, оған күтім жасауды үйренеді. Кабинетке кірген бойда ерекше жасыл әлемге тап боласыз. Герань, бегония, фикус сияқты бөлме өсімдіктері өзінің жасыл жапырақтарымен назар аудартады. Олардың әрқайсысы күтімді қажет етеді, ал балалар оларға қамқорлық жасауды: суғаруды, топырақты қопсытуды, жапырақтарын сүртуді үйренеді. Бір бұрышта кішігірім жылыжай орналасқан. Мұнда көкөністер мен шөптесін өсімдіктер өсіріледі. Балалар топыраққа тұқым сеуіп, олардың қалай өніп шығатынын бақылайды. Бірнеше аптадан кейін қияр мен қызанақтың өскіндері пайда болып, жас бағбандарды қуанышқа бөлейді.


Астана қаласының № 84 «Кәусар» балабақшасы. Балабақшадағы ландшафтық зерттеулер

Кабинеттің тағы бір кереметі – шағын ботаникалық бақ. Мұнда тропикалық өсімдіктер, су өсімдіктері, кактустар мен суккуленттер бар. Балалар олардың ерекшеліктерін зерттеп, өсімдіктердің әртүрлілігімен танысады. Ландшафтық кабинеттің қабырғалары табиғат тақырыбында безендірілген. Мұнда түрлі өсімдіктердің суреттері, олардың атаулары мен күтім жасау ережелері жазылған ақпараттық бұрыштар бар. Сондай-ақ жануарлардың, құстар мен жәндіктердің табиғаттағы рөлі туралы ақпарат берілген. Бұл кабинет балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, экологиялық білім береді. Мұнда олар өсімдіктердің өмірі, қоршаған ортаның маңыздылығы туралы біліп, табиғатты аялауға дағдыланады.

Ландшафтық кабинет баланың қиялын дамытуға көмектеседі. Ағаштар өсіп тұрған алаң ертегілер әлеміне ұқсаса, тастардан үйілген кішкентай тау ертегі патшалығына жетелейтін зәулім сарайды елестетеді. Мұндай жерде балалар еркін ойнап, өздерін нағыз зерттеушілер, саяхатшылар немесе ертегі кейіпкерлері сезіне алады.


Астана қаласының № 84 «Кәусар» балабақшасы. Балабақшадағы ландшафтық зерттеулер

Балабақша ауласында кішкентай тоған бар. Онда алтын балықтар жүзіп жүр. Балалар судың тазалығын қадағалап, балықтарға қамқорлық жасауды үйренеді. Осылайша жауапкершілік сезімі оянады.

 

Ландшафтық зерттеулердің кезеңдері

Көгалдандыруға дейін біздің балабақшамыздың аумағы жүйесіз болды: өсімдіктер ретсіз отырғызылған, кейбір жерлерде көлеңке жеткіліксіз еді, ал кейбір учаскелер мүлдем пайдаланылмай, бос жататын. Балалардың табиғатқа деген қызығушылығы төмен болып, өсімдіктерге күтім жасау дағдылары іс жүзінде қалыптаспады. Қазіргі жеткен нәтижемізге қол жеткізу үшін бірқатар қадамдар жасау қажет болды: аумақ туралы жалпы мәліметтер жиналатын дайындық кезеңін ұйымдастыру; далалық зерттеулер жүргізу – топырақ үлгілерін алу, өсімдіктер тізімін анықтау; топырақтың құрамын, құнарлылығы мен ылғалдылығын анықтау үшін алынған үлгілерге зертханалық талдау жасау; аумақтың аймақтарын жобалау және көгалдандыру жоспарын құру.

Аумақ бірнеше аймаққа бөлініп, топырақ құрамы, күн сәулесінің түсу деңгейі, желдің бағыты жан-жақты зерттелді.

Бұл жұмысқа балалар да белсенді түрде тартылды: олар қарапайым тәжірибелер жүргізді, топырақтың ылғалдылығын анықтауды, өсімдіктердің өсуін бақылауды және күнделікке белгілеп отыруды үйренді.

Зерттеу нәтижесінде күн шуақты учаскелерге сәндік қырыққабат, барқытгүл (бархатцы), петуния, циния, раушан, гортензия, қызғалдақ сияқты гүлдерді отырғызу тиімді екені анықталды. Ал көлеңкелі жерлерге көгал шөбі мен сәндік бұталар орналастырылды. Сонымен қатар, бұрын бос жатқан аумақта шағын «экобақ» ұйымдастырылып, онда балалар көкөніс өсірумен айналысты.

Жұмыстың бастапқы кезеңінде бірқатар қиындықтар туындады: балалар өсімдіктерді дұрыс суғаруды білмейтін, кейбір көшеттер қурап қалды, уақытты ұйымдастыруда да қиындықтар болды. Дегенмен, кезекшілік жүйесін енгізудің, күтім жасау ережелерін жүйелі түрде үйретудің арқасында бұл мәселелер біртіндеп шешілді.


Астана қаласының № 84 «Кәусар» балабақшасы. Балабақшадағы ландшафтық зерттеулер

Балалар өсімдіктерге күтім жасау, табиғатқа ұқыпты қарау, бақылаулар мен зерттеулер жүргізу дағдыларын меңгерді. Бұрын тек сырттай бақылаушы болған біздің тәрбиеленушілеріміз енді процестің белсенді қатысушыларына айналды.

Балабақша ауласы абаттандырылып, демалыс аймағы, гүлзарлар мен шағын бақ ұйымдастырылды.

Ең бастысы – балалардың экологиялық мәдениеті қалыптасты, олар табиғатқа аялы көзқараспен қарауды үйренді.

Атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша бірнеше ғылыми-әдістемелік мақалалар жарияланды, бұл педагогикалық қауымдастықпен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Бұл бағыттағы жұмысқа тәрбиеші Б. А. Жиенбаева ерекше үлес қосты. Ол үш жыл бойы өз тобымен бірге эксперименттік жұмысқа белсенді қатысып, жинақтаған тәжірибесі негізінде «Мектепке дейінгі жастағы (4–5 жас) балалардың экологиялық мәдениетін дамыту ерекшеліктері» атты авторлық бағдарламасын әзірледі. Бағдарламада балалардың зерттеу дағдыларын дамыту, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу және практикалық іс-әрекет арқылы оқыту жолдары нақты көрсетілген.


Астана қаласының № 84 «Кәусар» балабақшасы. Балабақшадағы ландшафтық зерттеулер

Балабақшаны көгалдандыру кезінде жүргізілетін ландшафтық зерттеулердің арқасында балалар маңызды дағдылар мен ұғымдарды меңгереді.

Табиғатты тану. Балалар өсімдіктердің түрлерін, олардың өсу жағдайларын (жарық, су, топырақ) зерттейді. Ағаштарды, гүлдерді, бұталарды ажырата бастайды.

Бақылау және зерттеу дағдылары. Өсімдіктердің қалай өсетінін, жыл мезгілдеріне байланысты қалай өзгеретінін бақылайды, қарапайым қорытындылар жасайды.

Еңбек дағдылары. Қарапайым жұмыстарды орындау – гүл отырғызу, суғару, топырақты қопсыту арқылы еңбекке баулынады.

Экологиялық тәрбие. Табиғатты қорғау, өсімдіктерге күтім жасау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ұғымы қалыптасады.

Эстетикалық талғам. Әдемі гүлзарлар жасау, гүлдердің түсін үйлестіру арқылы сұлулықты сезіну қабілеті дамиды.

Топтық жұмыс. Балалар бірге жұмыс істеуді, бір-біріне көмектесуді, ортақ мақсатқа жетуді үйренеді.

Ландшафтық зерттеулер балаларды табиғатты түсінуге, оны қорғауға және оның игілігі үшін еңбек етуге баулитын тиімді құрал болып табылады деп есептейміз.


Балауса Кайыргалиева, меңгеруші,

Гулдана Маратова, әдіскер,

Жанерке  Елеукенова, тәрбиеші,

№ 84 «Кәусар» балабақшасы, Астана қ.

 

АННОТАЦИЯ 

Детский сад № 84 «Каусар» г. Астаны представляет опыт проведения ландшафтных исследований, направленных на научно обоснованное озеленение территории. Опыт может быть полезен руководителям, методистам и воспитателям дошкольных организаций, стремящимся превратить территорию детского сада в гармоничную развивающую среду.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page