top of page

Бақытты ұстаздық өмір

Айгүл Тұрғанбайқызы Ержанова. Бақытты ұстаздық өмір

Айгүл Тұрғанбайқызы Ержанова – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», Әлем, Азия, Европа чемпионы, Астана қаласы әкімдігінің Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицей бастауыш сыныптың мұғалімі. Айгүл Тұрғанбайқызының өмірлік және педагогикалық қағидаттары мұғалімнің өмірге және жұмысқа деген бастамашыл, шығармашылық көзқарасының, өзіне сеніп тапсырылған балаларды жақсы жаққа қарай өзгертуге, оларға жетілу, әлеуметтену және ағарту жолында көмектесуге дайындығының үлгісі болып табылады. Оқушыны жеке тұлға ретінде құрметтеу, әр баланы оқыту, шыдамдылық, төзімділік, мейірімділік таныту, алаңдау – мұғалімдердің осындай қасиеттері оларды қоғамда ерекше орынға қояды әрі сенім мен құрметтің негізі болады. Бұл мұғалімнің тарихы қызықты, өйткені ол мектептегі табысты жұмысын спорт әлеміндегі жеке халықаралық жетістіктермен үйлестіреді.

 

– Айгүл Тұрғанбайқызы, алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші. Қай жерде (мектеп, ЖОО), қай мектепте оқыдыңыз және қанша жылдан бері қай сыныпта сабақ бересіз?


– 1978–1987 жыл аралығында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам селосындағы Байқадам орта мектебінде тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, 1988 жылы оныншы сыныпты осы ауданның Коммунар совхозындағы Коммунар орта мектебінде аяқтадым. Мектепті бітіргеннен кейін 1988–1991 жылдар аралығында Сарысу ауданының әкімшілігінде хатшы-машинист лауазымда қызмет істедім. 1991 жылы Жамбыл педагогикалық институтына түсіп, 1996 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шықтым. 1996–2002 жылдары Саудакент ауылындағы Б. Адамбаев атындағы орта мектебінде, содан кейін 2002–2014 жылы Тараз қаласындағы № 43 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болдым. Отбасыма байланысты Астана қаласына 2014 жылы көшіп келдім. 2014 жылдан бері «Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицей» ШЖҚ МКК-да бастауыш сыныптың мұғалімі болып, еліміздің өсіп келе жатқан жас ұрпақтарына білім нәрін берудемін.


– Неліктен бастауыш сынып мұғалімі боламын деп шештіңіз?


– Мұғалім болуға өмірдің өзі себепші болды. Анам он құрсақ көтерген. Екеуі шетінеп кетті де, сегізіміз қалдық. Мен үйдің тұңғышымын. Әкем жұмысқа кетіп бара жатқанда өзімнен кейінгі бауырларыма бас-көз болуды маған шегелеп тұрып тапсыратын. Олардың сабағын оқыту, киімдерін ретке келтіру, тағы басқа шаруалар менің мойнымда болды. Міне осы сәттердегі жауапкершілік менің ұстаз болуыма қызығушылығымды оятты.


Айгүл Тұрғанбайқызы Ержанова. Бақытты ұстаздық өмір

– Балалар мектепке бірінші рет келеді. Оларды оқуға қалай дайындайсыз? Бейімделу үшін көп уақыт қажет бола ма?


– 1-сыныптың табалдырығын жаңадан аттап келген балақайлардың бойында үрей, жасқаншақтық өте басым болады. Олар бірден ашылып сөйлеп кете алмайды. Олардың арасынан күдікпен қарап, тіпті сынып бөлмесіне кіруге қорқып, жылап қашатындар кездеседі.

Бейімделу – әр оқушыда әртүрлі болатын күрделі процесс қой.

Мұғалімнің аса шеберлігі қажет. Ата-анамен және мектеп әкімшілігімен тығыз байланыста болу керек. Оқушыларға олардың рөлі қандай болу керектігін түсіндіріп, қолайлы ортаны дұрыс ұйымдастыратын болса, қиындық ұзаққа созылмайды. «Баланы жастан» деген сөз бар. Бірінші сыныптың табалдырығын аттаған күннен бастап, баланың бойына тыңдалым дағдысын жақсы қалыптастыратын болсақ, бірін-бірі тыңдауға, құрметтеуге, түсінуге мән береді. Осындан кейін бала ойын жүйелі айтуға дағдыланады. Өзіне деген сенім пайда болады.


– Бала үшін – болашақ ересек адам үшін не маңызды: білім немесе дағды, тәрбие немесе білім, психикалық немесе физикалық даму, функционалдық сауаттылық немесе цифрлық технологияларды меңгеру?


– Осы жерде әңгімемді атақты ойшыл Әбу Нәср әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген керемет сөзімен бастағым келіп отыр. Ең алғаш ұстаздық жолымды бастаған күні маған мектеп әкімшілігі сыныптан сыныпқа көшпей қалған, жас ерекшелігі әртүрлі оқушыларды берді. Кейін Тараз қаласына қоныс аударып барған кезде де сынып балаларының санын теңестіріп, жаңадан ашылған сыныпты берді. Бұл сыныпқа әрине үлгерімі төмен, тәртібі қиын балалар жинақталатыны сынып жетекшілеріне айдан анық. Тәртібі қиын балалар өзіне ғана емес, сыныптың білім алуына кедергі келтіреді. Оның істеп отырған іс-әрекетін кейбір оқушылар дұрыс санап, оны қайталағандар болды. Қазіргі білім беріп отырған мектебімде де тәртібі қиын балалар кездесті. Олардың тәртібі мен үлгерімі нашар деп төсінен итеріп тастамайсың ғой. Жолайрықты дұрыс таңдауға, қиын жағдайдан бірге шығуға кеңес беріп, қуанышын бөлісіп жетелеген кезде өзіңе қанат біткендей сезінесің. Керісінше ол тиімді тәжірибе жинақтауға, өзекті мәселерді шешуге, сұрақтарыма жауап іздеуге өте көп септігін тигізді. Сонымен қатар заман ағымына қарай жаңа ақпараттық технологиялар әрбір секунд сайын қарқындап даму үстінде.

Сондықтан ұрпағымыздың ойы озық болу үшін жаңа технологияларды қолдану арқылы білім деңгейлерін арттыру қажет.

Айгүл Тұрғанбайқызы Ержанова. Бақытты ұстаздық өмір

– Қателеспесем, пауэрлифтингтен әлем чемпионатында екі алтын алдыңыз ғой? Бізге сол туралы айтып беріңізші. Балалар сізді қатты сыйлайтын шығар. Жалпы, мұғалімнің кейбір қызықты жетістіктері өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені, балалар мұғалімге тәнті болатын болса, оның соңынан ереді, оны тыңдайды. Сіз қалай ойлайсыз? Біз мұғалімді тапсырмаларды тексеріп, сабақ үлгерімі нашар, бұзық балаларды жазалауға бағдарламаланған адам және осындай іс-әрекет – оның бүкіл өмірі деп ойлауға дағдыланғанбыз. Ал сіздің мысал бұл түсінікке қайшы келеді. Осы мәселеге, спортқа, жеке дамуға, жеке өмірге қатысты өз ойыңызбен бөлісіңізші.


– Осы жылдың ақпан айында Мысыр Республикасының Каир қаласында пауэрлифтингтен ашық әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 23 мемлекетінен 2000-ға жуық спортшы келді. Осы жарысқа Қазақстаннан бапкер інім Ержанов Айбар, Жақаев Ержан үшеуіміз бардық. Тұрып көтеру (становый тяга) мен жатып сығымдап көтеру (жим лежа) бойынша екі категориядан шықтым. Өтінім берілген барлық салмақтарды көтердім. Берілген салмақтарды көтеріп қуанып шығып келе жатсам, төрелік етіп отырған америкалық әйел күлімдеп «Finish Kazakstan» дейді. Содан сыртқа шығып қолыма жаққан магнезияны жуып, терімді басайын десем спортқа қатысып жүрген қыздар мен әйелдер «фото» деп естелік фотоға түсуге ұсыныс жасады. Олар менің қолымның қар сүйегінің бұлшық етін ұстап, «Маша Аллах» деп көздерін бақырайтып таңғалыстарын білдірді. 52 жасымда спорттың ауыр түрін бағындырып, 8 рет рекорд жаңартып, 47 медальға ие болдым. Спорттың осы түрін таңдауға Айбар бауырым себепші болды. Өзімнің бойымдағы қара күшті спортқа неге жұмсап көрмеймін деп ойладым. Айбар інім 8 түрлі спорттан чемпион, соның ішіндегі ауыр атлетикадан Әлем, Азия, Европаны бағындырып, Әлемнің рекордтын жаңартқан спортшы. 276 тонна теміржол локоматив вагонын 10 метрге және ұшақты тартып, Қазақстанның рекордтар кітабына енген.

Педагогтің жетістіктері тек оның жеке кәсіби табысы емес, сонымен қатар оқушылардың, мектептің, тіпті қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды көрсеткіш.

Сонымен қатар шәкірттерін де табысқа жетуге ынталандырады және бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады.


– Кейбір балаларға сабақ бойы тыныш отыру қиынға соғады. Оларға көмектесетін қандайда бір әдіс-тәсілдер мен жаттығулар бар ма? Бала мұғалімді тыңдамай, еркелейтін болса не істейсіз? Дауыс көтеруге тура келе ме?


– Сабақта мазасынданып, қабырғадағы ілулі тұрған сағатқа ұрлана қарап, әр нәрсені сылауратып, қоңыраудың тез соғылуын асығып күтіп отыратын оқушылардың болуы барлық педагогтің басынан өтетін жағдай. Мұндай кезде оқушыға жекіп, ескерту жасауға болмайды. Себебі оқушыны одан сайын ызаландырып, сабаққа деген қызығушылығын жоғалтуға жол берілмейді. Бұндай жағдайда өтіп жатқан сабақтың тақырыбына байланысты құндылыққа тәрбиелейтін сұрақтар қойып, жұптық немесе топтық жұмысқа айналдырып жіберемін. Жұмысын талдап, басқалардың ойымен өз ойын салыстырып отырғанда, қоңырау соғылады. Қоңыраудың қашан болатынын асыға күтіп отыратын оқушылар осы кезде «тууу....» деп өкінішін білдіріп қояды. Кейде қонақ ретінде сабағыма ата-аналарды қатыстырамын. Бала үйде өзін басқаша, ал мектепте тіпті басқаша ұстайды.


Айгүл Тұрғанбайқызы Ержанова. Бақытты ұстаздық өмір

Тіпті бала өзін қорғап қалу үшін айла-тәсілдерді қолданып, үлкендерді сендіреді. Бұл баланың психологиясына үлкен өзгеріс әкеледі. Сондықтан ата-ана сабаққа қатысып отырып, неге көңіл бөліп, нені түзету керектігін сол 45 минуттың ішінде ой елегінен өткізеді. Мұғалімге қоямын деп жүрген сұрағына өзі жауап табады. Бұл әдіс ата-анаға жақсы көмек болатынын байқадым. Оқушыларым сабаққа белесенді қатысу үшін ойын түрлерін қолданамын. Олар: «Тыңдау әдісі», «Ыстық орындық», «Он сұрақ» әдісі, «Есімде қалған он сөз», «Мергендер», «Досыңмен бөліс», «Еркін әңгіме», «Ата-аналар қонақта» және т.б.


– Сізде сыныпты достастырудың, ұялшақ, тұйық балалардың ұжымға қосылуына көмектесетін тәсілдер бар ма?


– Сыныптағы ұялшақ, тұйық балалардың ортаға бейімделуі өте ұзақ жүретін құбылыс. Үйде көп жалғыз қалғаннан, үлкендердің көп тыйым салуынан, көп ескерту жасағаннан, еркін әңгімелеспегеннен, ешкіммен араласпағаннан оқшауланып қалады. Осы кезде жағымсыз қасиеттерден арылмаса, есейген сайын түрлі қиындықтарға тап болады. Аяғында өздеріне қол жұмсауына, басқалардан кек алуға, өштесуге жол береді. Әсіресе ортада өзіне сыныптастарының тиіспеуін, жақындамауын, байқамай өтіп кетуін қалайды. Тіпті олар сабақ айтудан қашқақтап, өзінің дауыс ырғағынан ұялады. Ондай кезде еркін сөйлейтін балалармен жұптастырып жіберіп «Жұбыңмен қосыл» ойын арқылы сөйлетіп, «даусың тартымды», «ойыңды жеткізуге талпындың» деген интербелсенді әдісті қолданып жіберемін. Сырттай бақылауға алып, бағыт-бағдар беремін. Бірінші сыныпқа келген кезде, әсіресе сыныпқа жаңадан оқушылар келген кезде жұптық ойындардың түрлерін түрлендіріп, сабақтың тақырыбымен байланыстыра отырып қолданамын. Мұндай кезде тапсырманы орындау барысында сырт қалып кетпей, өзін-өзі алып шығады. «Досым қандай?», «Жұбыңның әңгімесін жалғастыр», «Мәтіннің бөлігі кімде?» «Суреттің жарты бөлігі кімде?», «Бірдей түстегі фигуралармен жұптас» ойындары арқылы

сынып бөлмесінде еркін қозалып жүріп, өзінің мүмкіндіктерін көрсетуге ашылады. Мұндай жағдайда бала өзінің іс-әрекетіне сенімді болады.

Сабақта қолданған ойындарымды өзімнің инстаграм, фейсбук парақшаларыма салып қоямын.


– Сіздің тәжірибеңіз бойынша, балабақшаға барған және үйде тәрбиеленген балалардың арасында қандай айырмашылық бар? Сыныпта ерекше қажеттіліктері бар балалар болды ма? Әр баламен жеке-жеке сөйлесуге уақытыңыз бар ма, өйткені сыныпта бала көп болса бұл қиын ғой?


– Балабақшаға барған және үйде тәрбиеленген балалардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей деп айтып жатады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Менің тәжірибемде мұндай балалар көп кездесті. Көпшілігі неге деп сұрауы мүмкін? Үйден келген балалар ауылда тәрбиеленгендер. Олар атасы мен әжесімен бірге жүріп жан-жақты тірі табиғатпен танысқан. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін салыстыра алады. Күн, су және құм-топырақтың энергиясымен шымыр болып өскен. Қойған сұрағыңа нақты, дәл жауап бергенде, қайдан білесің деген сұрақты төтесін қойып қалсаң, атам айтты, әжем айтты деп қиналмастан жауап береді. Әріптерді танып, санай алады. Қайшымен жұмыс істегенде саусақ қимылдары шапшаң келеді. Қолындағы заттарын қызғанбай бөлісе алады. Кейбір көпбалалы отбасынан шыққан, бірақ балабақшаға бармаған балалар келеді. Олар буындап оқымасада әріптерді танып, санап береді. Түстерді ажыратып, қалам ұстай алады.

Ғалымдар «Аутизмнің себебі неде?» деген сұраққа жан-жақты жауап іздеуде. Аутизм немесе аутистік спектр бұзылысы әлеуметтік коммуникациядағы қияндықтармен қайталанатын мінез-құлықпен және шектеулі қызығушылықтармен сипаталатын неврологиялық мінез-құлықтың бұзылысы. Бүгінгі таңда баланың басқа ерекшеліктеріне қарамай мүмкіндігі шектеусіз құрдастарымен бірге оқытуға мүмкіндік берілді. Мұндай балаларға ұсақ моторикасын дамытатын жаттығу түрлерін қолданамын. Балаларды жалықтырып алмас үшін ортопедиялық доптар, ірі қыры бар моншақтар, қағаздарды қолмен ұсақтап жырту, жіпке моншақтарды өткізу, жіппен сурет салу сияқты жаттығуларды ауыстырып қолданамын.

Мұндай балалар басқа баларға қарағанда көрсеткен нәрселерді тез үйренуге қызығушылық танытады.

Олардың бойында ерекше тартымды қылықтар басым болып келеді.

Алдымда отырған барлық балаға бірдей қараймын. Әйтпесе, олардың мінез-құлқының бұзылуына жол беріп қоямын. Ішкі күйзеліске ұшырап, басқаларды жек көріп, қатікездік жасауы мүмкін.


– Бала тәрбиелі және үлкен мектеп қауымдастығымен араласуға дайын болу үшін ата-аналарға баланы мектепке қалай жақсы дайындау керектігі жөнінде қандай кеңес берер едіңіз?


– Әрине, баланың тәрбиелі болып өсуі және үлкен мектеп қауымдастығына дайын болу үшін ата-ананың рөлі өте маңызды.

Біріншіден, кешірімді болуға, үлкендер мен кішілердің берген көмегіне алғыс білдіріп, құрметпен қарауға үйретсе.

Екіншіден, қоғамдық орында өзін-өзі ұстауға, ұялы телефонмен айқалап сөйлемеуге көңіл бөлсе.


Айгүл Тұрғанбайқызы Ержанова. Бақытты ұстаздық өмір

Үшіншіден, үйдегі қарапайым жұмыстарға араластырып, бойына жауапкершілікті арттыруға мән берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Бірінші сынып балаларының ішінде өздігінен киіне алмайтын, тіпті өз киімдерін танымайтындар кездесіп жатады. Ата-аналар өз баларына жауапкершілікті арта алмайтыны байқалады. Бала күн ұзақ ұялы телефонның алдында отырады. Оның орнына киімдердің түймесін қадауға, аяқ киімнің бауын байлауға, дастарқан үстіндегі ыдыстарды тасуға көбірек көңіл бөліп, баланың бойында «қолыңнан бәрі келеді» деген сенімділікті қалыптастыру керек. Бала өзін үлкендер сияқты сезінеді және оның өз бетінше әрекет етуге мүмкіндігі болады.


– Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап баланың оқи, санай және жаза білгені дұрыс па? Баланы қай жастан бастап оқытуға кеңес берер едіңіз?


– Күрделі сұрақ екен, ата-ананың сөзімен айтатын болсам, мектепке баламды оқуды, жазуды үйреніп келсін деп беріп отырмын. Онда мектеп не үшін керек, үйде отырып оқыта бермеймін бе? – дейді. Әріпті, жазуды үйреніп келген балалар оқудан тез жалығады. Оның себебі ілгері қарай оқып кетейін десе сыныптағы кедергілер жібермейді. Барлығы емес бірең-сараң балалар әріпті танып, сандарды қосып, алуға дайын емес қой. Осыдан кейін бала мектепке келгісі келмей жылап, үйіне қарай қаша береді. Бұл жағдайға ата-ана мұғалімдерді кінәлі етіп көрсетеді. Балам үйге жылап келді, мазасы қашты деген сөздерді көп айтады. Баланың жағдайына қиындықтың ұясын өздері салып отырғанына мән бермейді. Баланың тілі шығып, былдырлап сөйлей бастаған кезден бастап санайтын, түсті ажырататын, әріптерді құрастыратын ойыншықтарды таңдауға мән беру керек. Ойыншықты қалай ойнау керектігі жайында нұсқаулық беру керек. Шағын әңгіме мен ертегілер оқып беруге көңіл бөлу керек. Мұндай отбасындағы балалардың қиялы ұшқыр болады.


– Басқа мұғалімдерге қызықты болу үшін балалармен жұмыс істеудің жеке әдістемелерімен, нұсқаларымен бөлісіңізші. Сабақты жалықтырмайтын етіп қалай өткізуге болады?


– Педагогтің ең негізгі мақсаты алда отырған оқушыны жалықтырып алмау ғой. Педагогтің оқушыны жалықтырып алмауы дауыс ырғағы мен оның таңдап алған әдіс-тәсілдеріне байланысты болады. Көбіне кейбір ойындар мен әдістердің баланы жалықтырып жіберетінін байқаймын. Өйткені педагог нұсқаулықты дұрыс бермейді және баланы баурап алатын сиқырлы дауыс ырғағын қолданбайды.

Адамды өзіне баурап алатын дауыс ырғағы деп отырғаным тембр емес. Оның жеткізу мәнері мен эмоционалдық реңкі. Мұндай дауыс адамға сенімділік пен жағымды орта қалыптастырады.

Кейбір кезде сабаққа көрнекілік қолданбай дауыс ырғағымды құлаққа жағымды жұмсақ етіп, ойды бөліп, паузаны қолданып, қарапайым әдіспен сабақты түсіндіргеннің өзінде сыныптың іші тып-тыныш, ызың жоқ, барлық бала ұйып тыңдап отырады. Бастауыш сыныптың балалары оқыған мәтіннің мазмұнын айтуға қиналады. Сөздік қорлары аз. Сол кезде мәтінді қарапайым бормен оның сюжетінің суретін салу арқылы түсіндіремін. Бұл баланың еркін, жүйелі сөйлеуіне көмектеседі. Мен керемет суретші емеспін, бірақ жобасын келтіріп саламын. Оған оқушыларым күлмейді. Салған суретіме сүйеніп әңгімелеуге асығады.


– Бақытты ұстаздық өмір сүру үшін қандай ұстаз болу керек?


– «Бақытты ұстаздық өмір» – бұл тек мектепке барып сабақ беру ғана емес. Өзіңнің ісіңнен ләззат алу.

Педагогке баға беретін оның алдында отырған шәкірті.

Содан кейін ата-ана, тағы басқалар. Неге десеңіз, бала сізді қалай суреттейді, басқалар өзіне солай қабылдайды. Қоғам алдында қадірлі болуымен байланысты.

Баланы тек оқушы ретінде емес, жек тұлға ретінде қабылдау керек.

Әр оқушының қабілеті әртүрлі. Шыдамды, мейірімді, төзімді бола білу ұстаздың мерейін үстем етеді. Өзінің отбасына, денсаулығына, жеке дамуына уақыт таба білсе нағыз бақыт. Өз ісімен, мінезімен, жүріс-тұрысымен өнеге болған педагог кез келген ортада сыйлы болады.


Сұхбаттасқан

Вероника КОРЕШКОВА

 

АННОТАЦИЯ

Интервью с педагогом, «Қазақстан­ның еңбек сіңірген ұстазы» А. Т. Ержановой, показывает, как учитель может сочетать интенсивное профессио­нальное и личное развитие, являться примером для учеников, относиться к детям с душой и уважением, помогать им в продижении по учебе, учитывая особенности развития каждого. «Учитель, который подаёт пример своей работой, характером и поведением, пользуется уважением в любой среде», – говорит Айгуль Турганбаевна. Эти слова могут быть ориентиром для каждого педагога.




Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page