top of page

Жетісу университеті өңірлік кадр даярлау мәселесін талқылады

1 hour ago
2 min read


І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында «Өңірлік кадрларға қажеттілік картасы негізінде білім беру шешімдерін әзірлеу» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.


Іс-шараға Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының, облыс әкімдігінің, білім және жұмыспен қамту басқармаларының өкілдері, университет басшылығы, жұмыс берушілер, колледждер мен өңір ұйымдарының өкілдері қатысты.


Семинарды Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ермек Бөрібаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы директорының орынбасары Олжас Сәкенов Жетісу университеті жобалық офисті алғашқылардың бірі болып ашып, өңірлік кадрларға қажеттілік картасын бірінші болып әзірлегенін атап өтті. Ол университет пен облыс әкімдігіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, жобаны іске асыруға үлес қосып жүрген мамандарға ризашылығын білдірді.


Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев өңірдің еңбек нарығындағы қазіргі және перспективалық кадр қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, тау-кен өндірісі, өнеркәсіп, энергетика және өндірістік жабдықтарды пайдалану бағыттарында білікті мамандарға сұраныс артып отыр. Осы орайда қажетті техникалық мамандарды даярлау көлемін ұлғайтып қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттерін еңбек нарығының нақты талаптарына сәйкестендіру маңызды.


Семинар барысында Жетісу облысы Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оналбаев жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптары туралы баяндама жасады. Ол маман даярлауда теориялық біліммен қатар практикалық дағдылардың маңызына тоқталып, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.


Ал «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы офисінің басшысы Марина Скиба өңірлік кадрларға қажеттілік карталары мен жаңа мамандықтар атластары негізінде білім беру бағдарламаларын трансформациялау бағыттарын таныстырды. Ол кәсіби ортадағы өзгерістерді жүйелі талдау, перспективалық мамандықтар мен заманауи құзыреттерді айқындау және оларды білім беру бағдарламаларына енгізу тетіктері бойынша жүйелі баяндама жасады.


Семинар барысында панельдік пікірталас пен топтық жұмыстар өткізіліп, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай жаңарту, жұмыс берушілермен байланысты күшейту, өзекті мамандықтар мен жаңа құзыреттерді ескеру мәселесі талқыланды.

 

Жиын  қорытындысы бойынша аймаққа қажетті мамандарды даярлау, жаңа оқыту бағыттарын қалыптастыру және білім беру жүйесін нарық талабына бейімдеу жолдары ұсынылды.



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page