Жұлдыз Болат: «Gybrat High School» – табысқа жету жолы
- Редакция "СО"

- 2 hours ago
- 5 min read

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында сапалы білім беру мен адам капиталын дамытуды басты басымдық ретінде атап көрсеткені белгілі. Бүгінде еліміздің білім беру саласында жекеменшік сектордың үлесі артып, бәсекеге қабілетті білім ордаларының қатары көбейіп келеді. Солардың ішінде Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Gybrat High School» орталығы қысқа уақыт ішінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 136 ұпайға дейінгі жоғары нәтижелерге қол жеткізу және әлемдік жоғары оқу орындарымен сенімді серіктестік орнату – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, бұл жүйелі әрі мақсатты жұмыстың нақты нәтижесі. 2024-2025 оқу жылында жоғарғы сынып оқушылары үшін ашылған орталық, бүгінде жаңа оқу жылында ірі оқу ордасына айналмақ. «Gybrat High School» орталығының құрылтайшысы, педагог Жұлдыз Болатпен отандық білім берудегі жаңа стандарттар мен оқу ордасының алдағы даму стратегиясы туралы сұхбаттасқан едік.
– «Gybrat High School» атауының астарында терең мағына жатыр. Орталықтың негізгі концепциясы мен басты құндылықтарын қалай сипаттар едіңіз?
– «Gybrat» атауы менің ең алғашқы дебат клубымнан бастау алған. Орталық атауын таңдаудағы басты мақсатымыз – терең білім мен ғибратты тәрбиенің өзара сабақтастығын көрсету болды. Қазіргі жаһандану заманында білім тек ақпаратты қабылдау мен жинақтауда емес, өмірлік тәжірибеде тиімді қолдана алу өзекті. Осы тұста ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса. Үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Біздің басты миссиямыз – оқушының академиялық білім көрсеткішінің жоғары болуын ғана емес, ұлтқа қызмет ететін нағыз көшбасшы тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету.
«Gybrat High School» орталығының тұжырымдамасы тұлғалық еркіндік, академиялық адалдық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік сынды іргелі құндылықтарға сүйенеді. Әр оқушының ой еркіндігін, шығармашылық қабілетін дамытып, жауапкершілік пен шынайылықты қатар қалыптастыруға мән береміз. Шәкірттерімізге тек мектеп бағдарламасын меңгертумен шектелмей, олардың болашақ жолын айқындауға, мамандық таңдауда қателеспеуіне және халықаралық білім кеңістігіне еркін енуіне жағдай жасаймыз.

– Білім алумен қатар, «soft skills» (тұлғалық дағдыларды) дамытуға бағытталған білім орталығын ашуға сізге не түрткі болды?
– Орталықты ашуға, ең алдымен отандық білім беру жүйесіндегі академиялық теория мен өмірлік қажетті дағдылар арасындағы алшақтықты жою қажеттілігі түрткі болды. Осы бағытта біз шәкірттеріміздің сыни ойлау қабілеті мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ерекше басымдық береміз. Орталықта интеллектуалды дебат клубтары мен тұлғалық даму сағаттары тұрақты жұмыс істейді. Бұл жобалар оқушының көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, ойын еркін жеткізуге, өзіне деген сенімділігін арттыруға және шешендік сөйлеу дағдысын шыңдауға көмектеседі.
Сонымен қатар, біз оқушылардың креативті бастамаларын қолдау мақсатында арнайы Startup алаңдарын ұйымдастырып келеміз. Осы жоба аясында шәкірттеріміздің батыл идеялары шынайы жобалар мен әлеуметтік бастамаларға айналуда.
– Сіздің тәжірибеңіз бойынша, сапалы білім берудің алгоритмі мен құпиясы неде?
– Шын мәнінде, тұлғалық еркіндік пен жоғары академиялық нәтиже – бірін-бірі толықтыратын, ажырамас ұғымдар. Мұндай жетістік кездейсоқтық емес, ұзақ уақыт бойы атқарылған жүйелі әдістемелік жұмыстың заңды жемісі. «Gybrat High School» орталығында ҰБТ-ға дайындық процесі жай ғана механикалық тестілеумен шектелмейді. Біз ең алдымен пәнді теориялық және практикалық тұрғыда терең зерделеуге, фундаменталды білім қалыптастыруға басымдық береміз.
Біздің басты жұмыс принципіміз – әр оқушының интеллектуалдық әлеуетін дербес бағалау. Әр шәкірттің білім деңгейін алдын ала саралап, оның әлсіз тұстары мен даму мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке даму картасын жасаймыз. Бұл әдіс баланың уақытын тиімді басқарып, нақты нәтижеге фокус жасауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тәжірибелі ұстаздарымыз білім берумен қатар, оқушының психологиялық тұрақтылығы мен эмоционалдық интеллектіне де ерекше мән береді. Екі жыл қатарынан осындай биік межені бағындыруымыз – біздің білім беру моделіміздің өміршеңдігін айқын дәлелдеп отыр. Бүгінде орталығымыздың қатары толығып, қос бірдей білім ордасы ел игілігіне жұмыс істеуде. Біз шәкірттерімізді тек емтихан сынағына емес, үлкен өмір белестеріне дайындаймыз. Ал жоғары ұпай жинау – сол сапалы дайындық пен кәсіби көзқарастың табиғи көрінісі дер едім.

– Орталықтарыңыз оқушылардың шетелдік жоғары оқу орындарына түсуіне көмектесетінін білеміз. Осы бағыттағы стратегияларыңыз қандай?
– Біз жаһандық білім беру үрдістерінен тыс қала алмаймыз, сондықтан халықаралық интеграция біз үшін басты басымдық деп айтар едім. «Gybrat High School» орталығы бүгінде Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы университеттерімен байланыс орнатқан. Нақтырақ айтатын болсақ, Словакия, Италия, Малайзия елдеріне грантқа түскен оқушыларымыз бар.
Бұл нәтижеге екі негізгі қадам арқылы қол жеткізіп отырмыз: біріншіден, оқушыларды 10-шы сыныптан бастап халықаралық емтихандарға (IELTS, SAT) мақсатты түрде дайындаймыз. Екіншіден, шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, диалог алаңын құрамыз. Әлемдік ЖОО-ның төрінде қарапайым қазақ баласының білім алуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Мұндағы басты мақсат – шәкірттеріміздің шет елден білім алып, еліміздің ғылымын көтеруі.
– Шетелдік гранттарды иелену үшін тілдік біліктілік аса маңызды екені белгілі. Орталықта оқушылардың ағылшын тілін меңгеруі және тілдік орта қалыптастыру мәселесі қалай шешілген?
– Ағылшын тілі бізде тек пән емес, күнделікті қолданылатын құрал.
Орталықта Speaking Club, дебаттар, эссе жазу және академиялық талқылаулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. IELTS және TOEFL емтихандарына арналған арнайы дайындық модульдері жұмыс істейді.
Оқушылар тек емтихан тапсырып қана қоймай, ағылшын тілінде еркін ой жеткізе алатын деңгейге жетеді. Сонымен қатар сабақ барысында ағылшын тіліндегі контент кеңінен қолданылады, бұл табиғи тілдік ортаны қалыптастырады.

– Оқушылардың болашақ мамандығын таңдауы мен мектептен кейінгі еңбек жолына бейімделуі қандай жүйе арқылы жүзеге асады?
– Мамандық таңдаудағы қателік тек жеке деңгейдегі мәселе емес, ол қоғамның кадрлық әлеуетіне тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан біздің орталықта кәсіби бағдар беру жұмысы 10-шы сыныптан бастап жүйелі түрде жүргізіледі. Біз оқушыларға тек мамандықтар туралы ақпарат беріп қана қоймай, түрлі тренингтер мен өндіріс орындарының өкілдерімен тікелей кездесулер ұйымдастырамыз.
Басты ерекшелігіміз – түлектермен байланысты үзбейтіндігімізде. Серіктес ұйымдарымыз шәкірттеріміздің жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін де еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби ортаға еркін енуіне қолдау көрсетеді. Біз шәкірттерімізді тек дипломы бар маман емес, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті нағыз кәсіби шеберлер ретінде көргіміз келеді.
– Бүгінде жасанды интеллект пен цифрландыру білім берудің ажырамас бөлігіне айналды. Орталықта оқу процесін цифрландыру және оқушылардың техникалық дағдыларын (STEM) дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, қазіргі таңда цифрлық сауаттылық пен технологиялық дағдылар – сапалы білімнің маңызды құрамдас бөлігі. Біздің орталықта оқу процесін цифрландыру кезең-кезеңімен жүйелі түрде енгізіліп келеді. Сабақ барысында заманауи білім беру платформалары, интерактивті құралдар және деректерге негізделген бағалау жүйелері қолданылады.
STEM бағыты бойынша оқушылардың аналитикалық және инженерлік ойлауын дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Орталықта бағдарламалау негіздері, робототехника және логикалық ойлауды дамытуға арналған арнайы курстар ұйымдастырылған.
Оқушылар жобалық жұмыстар арқылы нақты мәселелерді шешуге дағдыланып, өз идеяларын цифрлық форматта жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.

– Орталық ата-аналармен кері байланысты қалай орнатады? Олардың бала тәрбиесі мен білім алу процесіне қатысу деңгейі қандай?
– Біз «мектеп – оқушы – ата-ана» үштігінің тығыз байланысын білім сапасының кепілі деп білеміз. Орталықта ата-аналармен кері байланыс орнатудың ашық әрі жүйелі механизмі қалыптасқан. Біз ата-ананы жай ғана бақылаушы емес, оқу процесінің толыққанды серіктесі ретінде көреміз.
Біріншіден, цифрлық платформалар арқылы ата-аналар баласының сабаққа қатысуын, үлгерімін және күнделікті нәтижелерін нақты уақыт режимінде қадағалай алады. Екіншіден, біз тек бағаны талқылаумен шектелмей, баланың психологиялық жай-күйі мен тұлғалық дамуы туралы тұрақты түрде жеке кеңестер беріп отырамыз.
– Біздің білуімізше, «Gybrat School» жүйесінде 1-9 сыныптарды ашып, қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отырсыздар. Бұл қадамның маңызы неде?
– Иә, бұл – ең алдымен уақыт талабы мен қоғамдық сұраныстан туындаған шешім. Ата-аналар тарапынан «бастауыш сыныптан бастап сіздердің білім беру жүйелеріңізбен оқығымыз келеді» деген ұсыныстар өте көп түсті. Сондықтан
2026-2027 оқу жылынан бастап біз орталықтың ауқымын кеңейтіп, толыққанды орта мектеп форматына көшуді қолға алдық.
Жақында Қаскелең қаласында бой көтеретін жаңа «Gybrat High School» ғимараты заманауи талаптарға толық сай болады. Ол жерде шәкірттердің ғылыми ізденісіне арналған зертханалар, денсаулығын шыңдайтын спорт залдары және эстетикалық талғамын дамытатын шығармашылық орталықтар қарастырылған. Бұл – тек білім ордасы емес, ұлттың болашақ интеллектуалдық элитасын тәрбиелейтін заманауи білім хабына айналмақ.
– Болашақ түлектеріңізді он жылдан кейін кім болғанын көргіңіз келеді?
– Біз шәкірттерімізді болашақта өз ісінің хас шебері, парасатты, ұлтжанды және ең бастысы – бақытты тұлға ретінде көргіміз келеді. «Gybrat High School» қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір жас ел дамуына үлес қосып, жаһандық кеңістікте биік белестерді бағындыратын азамат болатынына сенімдімін.
Осы сәтте «Gybrat High School» орталығының білікті ұжымына және баласының болашағын бізге сеніп тапсырған ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Біз бүгінге дейін ауқымды істердің бастаушысы болдық, ендігі кезекте ірі білім ордасына айналып, еліміздің өркендеуіне және әр баланың жарқын болашағына қызмет етуді жалғастыра береміз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Бастамаларыңызға тек сәттілік тілейміз.
АННОТАЦИЯ
Образовательный центр «Gybrat High School», расположенный в Каскелене, стремится внести свой вклад в будущее страны, выстраивая преподавание на сочетании личной свободы и академической дисциплины и развивая в учениках лидерские качества. Центр успешно ведет сотрудничество с вузами разных стран, а в этом году по запросу общества открывает среднюю школу.



Comments