Институционалдық серіктестік арқылы жүзеге асырылатын трансұлттық білім беру: ММХҚИ-дің Астанадағы филиалы

Соңғы онжылдық әлемдік жоғары білім беру жүйесінің дамуындағы маңызды белес болды. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орындары оқытуды ұйымдастыру, білім беру процесін басқару, халықаралық ынтымақтастық және студенттермен өзара іс-қимыл тәсілдерін қайта қарастырды. Жеделдетілген цифрлық трансформация, білім беру моделінің өзгеруі, білім сапасына қойылатын талаптардың өзгеруі, сондай-ақ трансұлттық білім беру рөлінің артуы – бұрын перспективалы деп қарастырылған, алайда қазіргі таңда жүйелі сипатқа ие болған бағыттар.
Университеттердің халықаралық қызметі елеулі трансформацияға ұшырады. Халықаралық өлшем жоғары оқу орнының өзінің – оның білім беру бағдарламаларының, зерттеу күн тәртібінің, академиялық ортасының және басқару жүйесінің бір бөлігіне айналуда. Қарқынды цифрландыру жастардың халықаралық білімге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Интернационалдандырудың неғұрлым кең түсінігі қалыптасты, онда әлемдік трендтер тікелей білім беру бағдарламасының мазмұнына және білім беру ортасына енгізіледі. Бұл студент өз елінен шықпай-ақ халықаралық білімнің артықшылықтарына қол жеткізетін модельдің пайда болуына әкелді. Бастапқыда бір елден екінші елге білім беру бағдарламасын экспорттау ретінде қабылданған трансұлттық білім беру институционалдық серіктестікке негізделген модельге көшті.
Трансұлттық білім беру мемлекеттік саясат құралы ретінде
Көптеген елдер үшін шетелдік жоғары оқу орындарының болуы біртіндеп жекелеген білім беру бастамасынан адам капиталын дамыту құралына айналуда.
Жетекші университеттерді тарту – бұл сапалы инновациялық білім беру бағдарламалары, жаңа сапа стандарттарының таралуы, оқытушылардың дамуы, ұзақ мерзімді білім беру көші-қонының қысқаруы, бірлескен зерттеулердің пайда болуы және жаңа академиялық байланыстар.
Сәйкесінше, егер ынтымақтастық шетелдік брендті формалды пайдалану ретінде емес, ұзақ мерзімді серіктестік ретінде құрылса, ол қазақстандық жоғары білім беру жүйесіне айтарлықтай әсер ете алады.
Бұл тәсіл бүгінде Қазақстан үшін ерекше маңызды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша трансұлттық білім беру жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттарының бірі болып табылады.
Шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және стратегиялық серіктестіктерді дамыту Қазақстанда International education at home принципін іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте қазақстандық модельдің мәні шетелдік бағдарламаларды қарапайым импорттаудан әлеуетті түрде кеңірек. Бұл – ең алдымен, халықаралық білім беру ынтымақтастығының жекелеген нысандарынан трансұлттық білім берудің неғұрлым тұрақты модельдеріне қарай даму.

Филиалдарды ашу академиялық ұтқырлықтың, қос дипломды білім берудің немесе қысқа мерзімді жобалардың жекелеген бағдарламаларының шеңберінен шығып, шетелдік университеттің білім беру стандарттарын, академиялық мәдениетін және институционалдық практикаларын ұлттық жоғары білім беру жүйесіне көшіру үшін ұзақ мерзімді платформаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда Қазақстандағы ММХҚИ филиалының пайда болуын тағы бір шетелдік университеттің ашылуы немесе ММХҚИ қызметі ауқымының кеңеюі ретінде ғана қарастыруға болмайды. Бұл жоба студенттерді шетелге жіберуден бастап, ел ішінде халықаралық білім беру ортасын құруға дейінгі Қазақстанның жоғары білім беруді интернационалдандыруға деген тәсілдерінің тереңірек өзгерісін көрсетеді.
Ынтымақтастық моделі де ерекше маңызды.
ММХҚИ филиалын жетекші ұлттық жоғары оқу орнының базасында құру жетекші ресейлік жоғары оқу орнының академиялық сараптамасы мен білім беру дәстүрлерін қабылдаушы тараптың ұлттық контексті, инфрақұрылымы және кадрлық әлеуеті туралы білімімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Бұл жерде шетелдік білім беру бағдарламасын Қазақстанға жай ғана көшіру туралы емес, бірлескен академиялық ортаны қалыптастыру туралы айтылып отыр.

Қазақстан үшін мұндай модель өзінің университеттік әлеуетін дамыту тұрғысынан да маңызды. ММХҚИ-мен өзара іс-қимыл академиялық және басқарушылық тәжірибелермен алмасуға, оқытушылық құзыреттерді дамытуға, білім беру бағдарламалары мен сапаны қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіруге, ал келешекте – бірлескен зерттеу қызметін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
Сондықтан ММХҚИ филиалын құруды трансұлттық білім берудің жаңа буынына көшудің мысалы ретінде қарастыруға болады, мұнда негізгі нәтиже қабылданған студенттердің немесе іске асырылатын бағдарламалардың санымен ғана емес, институционалдық өзара іс-қимылдың тереңдігімен және оның ұлттық жоғары білім беру жүйесіне ұзақ мерзімді әсерімен де өлшенеді.
Көпжылдық ынтымақтастықтан жаңа институционалдық форматқа
Қазақстанда ММХҚИ филиалы құрылған кезде алты ресейлік жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істеп тұрған болатын. Сонымен қатар, оның ашылуына қазақстандық университеттермен ұзақ мерзімді академиялық байланыстар, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыру, академиялық алмасулар, сараптамалық өзара іс-қимыл және халықаралық қатынастар мен кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастық алдын ала болғанын атап өткен жөн.

Осылайша, филиалдың пайда болуы қалыптасқан академиялық байланыстарды тұрақты жұмыс істейтін білім беру, ал келешекте ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы мәртебесіне көшіреді.
Филиалдың қалыптасуында ММХҚИ-дің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтастығы ерекше маңызды.
2025 жылы екі университет арасында қол қойылған келісім филиал құрудың институционалдық негіздерінің бірі болды, ал бастапқы кезеңде дәл ЕҰУ инфрақұрылымы оның қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз етті.
Бұл өзара іс-қимылдың табыстылығы модельді басқа қазақстандық университеттерге таратудың және ММХҚИ Астананы ұлттық және өңірлік академиялық экожүйенің толыққанды элементіне айналдырудың негізі болып табылады.
Экономиканың сұраныстарына бағытталған білім беру бағдарламалары
Қазақстандық ММХҚИ филиалының университеттің дәстүрлі бейінін тек дипломатия және халықаралық қатынастар саласында ғана қайталамайтыны қағида тұрғысынан маңызды. Оның білім беру моделі Қазақстанның қазіргі заманғы экономикалық және технологиялық басымдықтарын ескере отырып қалыптастырылады және елдің ішкі дамуы мен сыртқы байланыстарына қатысатын кадрларды даярлауға бағытталған.
Қазіргі таңда Астанадағы ММХҚИ филиалы әлеуметтік-экономикалық және бизнес-процестерді талдау және модельдеу, әлемдік минералдық-шикізаттық және энергетикалық нарықтар, қаржылық экономика және қаржылық технологиялар, сондай-ақ технологиялық дамуды жаһандық басқару саласындағы бағдарламаларды іске асырады, бұл халықаралық академиялық сараптаманы ұлттық экономикалық басымдықтарға мақсатты интеграциялаудың мысалы болып табылады.
Филиалда оқыту жүргізілетін білім беру бағдарламаларының топтары:
B044 (RU-542) – Менеджмент және басқару (RU-542)
M074 (RU-542) – Қаржы, банктік және сақтандыру ісі (RU-542)
M100 (RU-542) – Автоматтандыру және басқару (RU-542)
Халықаралық деңгейде танымал университеттердің болуы елде қазақстандық студенттерді де, Орталық Азия мен басқа өңірлердің жастарын да тарта алатын білім беру ортасын құру үшін жағдай жасайды. Және ММХҚИ филиалы Қазақстанда қалыптасып келе жатқан өзіндік халықаралық білім беру экожүйесінің бір бөлігі болып табылады. Сондықтан ол білім беру, академиялық ұтқырлық, сараптамалық қызмет және бірлескен зерттеулер дәйекті түрде дами алатын ұзақ мерзімді институционалдық платформаны білдіреді.
Дәл осы тұрғыдан жобаның маңыздылығын бағалау қажет: ММХҚИ-дің Қазақстанда болуы – бұл екі жоғары білім беру жүйесі арасындағы тұрақты академиялық көпір құрудың және трансұлттық университеттік ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырудың кепілі.
Рауза МЕНДАЛИЕВА,
ММХҚИ-дің қазақстандық филиалының директоры,
Анастасия КАРМЕЛЮК,
халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры
АННОТАЦИЯ
Филиал МГИМО в Астане является ярким примером концепции International education at home. В партнерстве с ЕНУ имени Л. Н. Гумилева создана мощная академическая экосистема, позволяющая казахстанским студентам получать международное образование, не выезжая из страны. Направления филиала – от финтеха и энергетики до управления технологиями – напрямую отвечают амбициозным экономическим задачам Казахстана, превращая страну в крупный образовательный хаб в Центральной Азии.




Comments