top of page

Саясат Нурбек выступтл а Нацилнальном курултае

Еліміздің ертеңі – бүгінгі білім мен ғылымға деген талабымыздан, ұлт ретінде өз күшімізге сенімімізден басталады. Қасиетті Ұлы Далада ұрпақтың өрісін кеңейтетін ең үлкен капитал – сапалы білім, ал мемлекеттің бәсекеге қабілетін арттыратын ең мықты тірек – ғылым мен технология.



Бүгін Ұлттық құрылтайдың V отырысында 2023–2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттарын баяндадым. Бұл – мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен жаңғыруының нақты басқарушылық картасы. Демографиялық өсім, еңбек нарығының трансформациясы, технологиялық бәсеке және қоғамның әлеуметтік әділеттілікке сұранысы бір нүктеде тоғысып тұр: университеттердің сапасы мен ғылым саясатының тиімділігі.


Алдағы онжылдықта 18 жасқа толатын жастар санының айтарлықтай артуы күтіледі. Бұл – жоғары білімге сұраныс еселеп өседі деген сөз. Сондықтан біз «жүйе өзі көтереді» деген ескі инерциядан шығуға тиіспіз. Тұжырымдама аясында қолжетімділік пен тең мүмкіндікке бағытталған шаралар қабылданды: гранттар көлемін ұлғайту, шәкіртақыны кезең-кезеңімен арттыру (2025 жылы 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге дейін), сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру кредиттері, сондай-ақ «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі және «Ұлттық қор – балаларға» бастамасымен байланысқан жаңа қаржылық архитектура. Мұнда мемлекеттің кепілдігі сақталады, бірақ білім траекториясын жоспарлау мәдениеті қалыптасады, жауапкершілік мемлекет пен ата-ана арасында әділ бөлінеді.


Екінші стратегиялық блок – технологиялық бәсекеге қабілет және интеллектуалдық егемендік. Бізде 122 ЖОО, 724 мыңнан астам студент бар. Бұл – елдің жаңғыру ресурсы. Сондықтан жасанды интеллект бойынша ЖООаралық стандарт қабылданып, ондаған жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді, мыңдаған оқытушының біліктілігі жаңартылуда. AI-SANA бағдарламасы – жай ғана тренд емес, нақты «технологиялық трамплин»: жаппай базалық даярлықтан бастап, зерттеу, жобалау, акселерация және нарыққа шығуға дейінгі толық экожүйе. Сонымен қатар 42 PFLOPS қуаттылығы бар Академиялық кластер құрылады, бұл университет ғылымын үлкен деректермен жұмыс істейтін, әлемдік деңгейдегі зерттеулерге қабілетті жаңа сатыға көтеретін инфрақұрылым.


Үшінші блок – ғылымның экономикамен нақты байланысы. Біз ғылымды есеп үшін емес, нәтиже үшін дамытамыз. Ғылыми ұйымдар мен ЖОО-ларға қажетті сатып алулар рәсімдерін жеңілдету, қаржыландырудың ұлғаюы, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру үлесін арттыру – мұның бәрі ғылымның «жеке әлем» емес, ұлттық өндірістік күн тәртібінің бөлігіне айналғанын көрсетеді. Университет жанындағы инжиниринг орталықтары, ғылыми-технологиялық парктер, ғылыми-технологиялық сессиялар арқылы «мемлекет – ғылым – бизнес» ықпалдастығы күшейіп келеді. Өңірлік ғылымды дамытудың да институционалдық негізі қаланды, әкімдіктер жанындағы ғылыми кеңестер өңір мәселелерін ғылыми жобалармен шешуге тұрақты түрде тартылуда.


Төртінші бағыт – халықаралық әріптестік пен адами капиталдың құндылықтық өзегі. Шетелдік ЖОО филиалдары мен стратегиялық серіктестіктер – тек бедел емес, білім трансферті, зерттеу мәдениеті, технологиялар мен инвестициялар тартудың құралы. Ал жастарды әлеуметтендіру, «толық адам» идеологиясы – қоғамның тұтастығы мен жауапты азамат қалыптастырудың негізі. Тіл саясаты мен қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, цифрлық тілдік жобалар және ұлттық тіл моделін әзірлеу – мәдени-өркениеттік қауіпсіздіктің де маңызды бөлігі.


Бүгінгі негізгі ойым - институттарды дәл баптауымыз қажет. Қолжетімділік, сапа, оқытушы әлеуеті, есептеу инфрақұрылымы, индустриямен байланыс және ғалымның әлеуметтік мәртебесі – міне, осының бәрі бір жүйеге айналғанда ғана біз білім мен ғылымды ұлттық қуатқа айналдырамыз.


Бұл – 2023–2029 тұжырымдамасының мәні және еліміздің келесі даму кезеңіне арналған нақты басқарушылық рамка.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page