top of page
Search

Туризм және спорт: жастар елдің беделін қалай арттыра алады



Қазақстанның әлеуеті пайдалы қазбалардан, цифрландыру мен өндірісті дамытудан ғана тұрмайды. Отандастарымызды да, шетелдік туристерді де магниттей тартатын бірегей табиғи және мәдени көрікті жерлер республиканың қазіргі келбетінің ажырамас әрі маңызды бөлігі саналады. Ал жергілікті жастардың спорттың әртүрлі саласындағы жетістіктері елді бүкіл әлемге танытып, оның даму деңгейін көрсетеді. Туризм және спорт министрлігінің алдына туризм саласында жоғары кәсіби мамандарды даярлау және спортпен айналысатын жастарды жан-жақты қолдау міндеттері қойылып отыр. Осы міндеттерді орындау мақсатында министрлік қабылдап жатқан шаралар туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ айтып берді.


министр туризма и спорта Республики Казахстан Ермек МАРЖИКПАЕВ

– Ермек Боранбайұлы, сіздің ведомство қоғамның екі маңызды саласына: спорт пен туризмге жетекшілік етеді. Әңгімені туризмнен бастайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірегей туристік әлеуетін барынша ашу жөнінде жұмыстар жүргізуді тапсырды. Ал кадрлық база бұл саладағы мұндай серпіліске дайын ба?

 

– Біз еліміздің бірегей туристік әлеуеті бар екенін мақтан тұтамыз және оны барынша аша түсу үшін жұмыс істеп жатырмыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолда бар ресми деректерге сәйкес, 7 млн-нан астам отандасымыз ел ішінде саяхат жасады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 650 мың адамға артық.

Сондай-ақ, орналастыру орындарында шетелдік туристерге қызмет көрсету үлесінің айтарлықтай өсуі тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 1 миллионнан астам адамға жетті.

Қонақүйлер, демалыс базалары, қонақтарға арналған үйлер, жатақханалар және басқа да орналастыру орындары 2023 жылдың қорытындысы бойынша 229 млрд теңгеден астам табыс тапты. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25%-ға жоғары.

Осылайша, былтыр пандемияға дейінгі көрсеткіштерден асып қана қоймай, туризмнің негізгі индикаторлары бойынша тарихи максимумға қол жеткізілді. Бұл біздің индустрияның тұрақты дамуын көрсетеді.


туризм в Казахстане

Сонымен қатар, бүгінде туризм саласында кадр тапшылығы байқалады. Нарыққа тек менеджерлер ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету саласына қажетті дағдылары бар салалық мамандар қажет. MICE-индустрия (кездесу индустриясы немесе іскерлік туризм деп те аталады), Event менеджмент (іс-шараларды жоспарлау және өткізу) салаларында кадрлар жетіспейді.

Егер біз студенттерге бес жұлдызды қонақүйлерде шет тілдерін оқып-үйреніп, оны іс жүзінде қолданатын практикалық дайындықпен қатар жүретін сапалы білім бере алсақ, олар болашақта білікті маман болып шығады.

Сонымен қатар, қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру арқылы микробіліктілікті ұсынатын және еңбек нарығын қажетті құзыреттері бар мамандармен қысқа мерзімде қамтамасыз етуге, сондай-ақ қолда бар еңбек ресурстарын қайта даярлауға мүмкіндік беретін еңбекке қабілетті халықты қайта даярлауға ерекше назар аудару қажет.

Осы міндеттің аясында Туризм және спорт министрлігі туристік саладағы серпілісті қамтамасыз ету үшін кадрлық базаға барынша инвестиция салуда. Мәселен,

Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында туристік сала кадрларын даярлау жүйесін жетілдіру үшін бірқатар шара көзделген. Олардың ішінде туризм бойынша білім беретін оқу бағдарламаларын қалыптастыру үшін халықаралық сарапшыларды шақыруды, ағылшын тіліндегі пәндер үлесін ұлғайтуды, бизнес өкілдерін білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге, сондай-ақ пәндерді оқытуға және тәмамдау жұмыстарына басшылық жасауға тартуды атап өтуге болады.

– Жақында Түркістан облысында арнайы жоғары оқу орны – Халықаралық туризм және меймандостық университеті ұйымдастырылды. Оның алдына қандай міндеттер қойылды? Туындаған мәселелермен қалай күреседі? Өткен жылдың көрсеткіштері қандай? Қанша грант бөлінді, олардың барлығы игерілді ме? 

 

– Дұрыс айтасыз, Халықаралық туризм және меймандостық университеті шын мәнінде туристік өнімдердің және қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыра отырып, олар дайындап жатқан кадрлар арқылы туризм және меймандостық саласындағы мамандар жетіспеушілігінің орнын толтыру үшін құрылды.

Қазіргі уақытта туризм және меймандостық индустриясы үшін кадрлар даярлайтын Қазақстандағы жалғыз салалық жоғары оқу орнының алдында білімі мен құзыреттілігі жоғары кадрларды дайындап шығаруға бағдарланған дуальды оқыту жүйесі мен халықаралық тәжірибеге негізделген сапалы, сұранысқа ие білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру міндеті тұр. Сонымен қатар туризм және меймандостық саласында білімі мен құзыреттілігі жоғары кадрларды дайындап шығаруға бағдарланған халықаралық серіктестер; ғылыми-зерттеу қолданбалы жобаларды іске асыру және олардың нәтижелерін ел экономикасының нақты секторына, сондай-ақ білім беру процесіне және басқа да бірқатар міндеттерге енгізу сияқты маңызды міндеттер қойылған.


Международный университет туризма и гостеприимства

Кейінгі төрт жылда Халықаралық туризм және меймандостық университеті 3000-нан астам студентті тартты. Олардың барлығы «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Туризм», «Бос уақытты үйлестіру» және «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқытылады.

Туризм және спорт министрлігі ағымдағы 2023-2024 оқу жылына 800 атаулы грант бөлді. Бұл гранттардың барлығы ойдағыдай игерілді. Сондай-ақ ақылы оқуға 179 студент қабылданды. Бұл талапкерлердің туризм және меймандостық бағыттары бойынша оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Биыл 500-ге жуық студент университетті тәмамдайды деп күтілуде.

Университет енді құрылғандығына қарамастан, бірқатар жетістікке қол жеткізді. Айталық, 2021 жылдың желтоқсанында Дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) мүшесі ретінде бекітілді. Бұл тұрғыда аталған ұйымға мүше Қазақстандағы жалғыз университет болып саналады. Оқу ордасы отандық және шетелдік серіктестермен кең ынтымақтастық арқылы дуальды оқыту жүйесін белсенді қолданып отыр. 2023 жылдың қазан айында оны Түркия Республикасының Жоғары білім кеңесі мойындап, университетті шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізді. Мұның университет үшін бірнеше маңызды артықшылығы бар: біздің дипломымызды Түркия аумағында тану, мемлекеттік бағдарламаларға, гранттарға және қаржыландыру мен ынтымақтастықтың басқа да мүмкіндіктеріне қол жеткізуге жол ашылды.

 

– Халықаралық туризм және меймандостық университеті – сіз басқарып отырған министрлікке ведомстволық бағынысты ұйым. Бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын дайындау үшін оған академиялық еркіндік жеткілікті ме?

 

– Академиялық еркіндік жоғары білім беруде білім беру бағдарламаларын қалыптастырудың негізгі аспектісі болып саналады. Оның нәтижесінде университет оқытушыларының жаңа құзыреттерді біріктіре отырып, еңбек нарығының талаптарындағы өзгерістерге жауап беруге және сол арқылы заманауи бәсекеге қабілетті білім беру бағдарламаларын дайындауға мүмкіндігі бар.

Білім беру бағдарламаларын қалыптастыру процесі әдетте еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыруға және түлектерді қажетті дағдылармен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше кезеңді қамтиды. Мысалы, жоғары оқу орны жұмыс берушілер болашақ қызметкерлерде бағаланатын негізгі құзыреттерді анықтай отырып, туризм саласындағы еңбек нарығының ағымдағы және болашақ талаптарына өз бетінше зерттеулер жүргізуге құқылы. Сондықтан білім беру бағдарламаларын қалыптастыру барысында жұмыс берушілер мен қоғамның кері байланысын ескеру қажет.

Түрлі кездесулерге, форумдарға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қатыса отырып, Халықаралық туризм және меймандостық университеті туристік компаниялар, орналастыру және тамақтандыру қызметтері, білім беру мекемелері және басқа да компаниялар арасында серіктестік келісімдерін жасау үшін негізгі стейкхолдерді табуға мүмкіндік алады.

Біз министрлік тарапынан туристік бизнес-қоғамдастықпен байланыс орнату үшін университетке толық қолдау көрсетеміз, туризм және меймандостық индустриясы үшін бәсекеге қабілетті кадрларды тәрбиелеуге белсенді қатысамыз.

 

 

Международный университет туризма и гостеприимства

– Оқуға қабылданған контингенттің құрамы қандай? Қабылданғандардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар ма? Әлде басқа өңірлерден келген түлектер көп пе? Шетелдік студенттер бар ма? Олардың деңгейі қандай? Грантқа үміткерлердің оқуға түсуінің шекті деңгейін жоғары оқу орнына түсудің ең төменгі өту ұпайы – 50 балға дейін төмендету тәжірибесі ақталды ма?

 

– Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Қазақстанның түрлі өңірінің келген студенттердің әртүрлі контингенті бар. Біздің студенттердің көпшілігі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Шымкент, Астана және Алматы сияқты ірі қалалардан білім қуып келген жастар бар. Моңғолиядан, Ресей Федерациясынан және Өзбекстаннан келген шетелдік студенттер де оқиды. Бұл студенттердің барлығы үшін оқу тәжірибесін байытатын бірегей білім беру атмосферасын қалыптастырады. Халықаралық контингент университеттегі әртүрлілік пен мәдени алмасуға үлес қосады. Шетелдік студенттердің білім деңгейі де жоғары. Бұл оқу бағдарламаларының сәтті өтуімен және олардың университеттің академиялық өміріне белсенді қатысуымен расталады. Бұл мәдениетаралық атмосфераны қалыптастырады және әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер арасында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес, білім беру бағдарламаларының көпшілігіне түсу үшін шекті балл 50 бал болып белгіленген. Бұл шешім талапкерлер үшін жоғары білімге кеңірек қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

Қонақжайлылық және туризм индустриясында soft skills-тің (әдемі және сауатты сөйлеу, көпшілік алдында сөйлеу, тыңдау, клиентті баурап алу, сұхбаттасушыны өзіне тарту, өзіне деген сенімділік және т. б.) маңызды құзыреттердің бірі екенін атап өткен жөн.

Тәжірибеге бағдарланған тәсіл және дуальды оқыту жүйесін енгізу арқылы үшінші курс студенттері өндірісте болады әрі саланың мықты практиктерінен үйренуге, өз дағдыларын дамытуға және университетті бітіргенге дейін жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

 

 Халықаралық туризм және меймандостық университеті саланың кадрларға деген сұранысын толығымен қанағаттандыруға арналған ба? Әлде мұны басқа жоғары оқу орындарының қатысуынсыз іске асыру мүмкін емес пе? Министрлік басқа жоғары оқу орындарымен қалай өзара іс-қимыл жасайды? Олардың министрліктің нысаналы гранттарын алуға мүмкіндіктері бар ма?

 

– Бір өкініштісі, туристік салаға тартылған кадрлық әлеуетті зерттеу нәтижесі көңіл көншітпеді.

Сала әлі де сапалы мамандарға мұқтаж болып отыр. Бұл Халықаралық туризм және меймандостық университетінің маңыздылығын растайды және оған жүктелген миссияның мәнділігін атап көрсетеді.

Қысқа мерзім ішінде оқу орнына біз қажетті кадрларды және тәжірибесі мол сала мамандарын тарта алдық. Осы жерде жақында ғана байқау өткізу арқылы іріктеу тәртібімен университеттің жаңа ректоры – ғылым кандидаты, жоғары білім беру жүйесінде үлкен жұмыс тәжірибесі бар маман, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әлібек Жұмабекұлы Шоқпаровтың тағайындалғанын атап өту керек.

Дегенмен, туризм және қонақжайлылық саласы үшін мамандар даярлайтын басқа да қазақстандық жоғары оқу орындарында бірқатар тәжірибелі оқытушылар бар. Ол жерде оқу орнының материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базалары құрылған. Жас жоғары оқу орнына олармен белсенді ынтымақтастық жасасу керек. Олар тек бірігіп қана республикалық деңгейде кадр тапшылығы мәселесін шеше алады.

Қазіргі уақытта туризм саласында кадрлар даярлау 49 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында жүзеге асырылады.

Туризм және спорт министрлігі Халықаралық туризм және меймандостық университеті үшін ғана туризм бойынша бакалавриаттың нысаналы гранттарына қатысты бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады.

 

– Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанның мәдени, тарихи, табиғи игіліктерін терең зерттеген мамандарды даярлау үшін еліміздің тарихы, археологиясы, географиясы бойынша жарияланған әдебиеттер, қолжетімді зерттеу нәтижелері жеткілікті ме?

 

– Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарының оқу процесіне енгізілген еліміздің тарихы, археологиясы, географиясы бойынша жарияланған әдебиеттер жеткілікті. Бірақ олар негізінен ескірген және көптеген басылымдарда біздің ғалымдар мен ұйымдастырушылардың Қазақстанның мәдени, тарихи және табиғи игілігін зерделеу жөніндегі зерттеулерінің нәтижелері жеткілікті түрде көрсетілмеген және ұсынылмаған.

Еліміздің тарихы, археологиясы, географиясы бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және оларды оқу процесіне енгізу Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің тарихи-мәдени мұрасының жергілікті және көшпелі туризмді дамытудағы маңыздылығын, туристік қалалар мен маршруттарды қалыптастыру мен дамытудағы мұражай және тарихи-мәдени туризмнің рөлін бағалау дағдылары бар мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Егер оқу процесін осы ерекшеліктің қосымша басылымдарымен қамтамасыз ететін болсақ, онда болашақ мамандар сапалы білім алатын болады. Өйткені олар Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тереңірек біледі, Қазақстанның дамуындағы барлық кезеңдегі халықтың салт-дәстүрлерін меңгереді.

Қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларын әзірлеу инновациялық сипатқа ие. Бұл кітап қорын үнемі толықтыруды және тиісті әдебиеттерді шығаруды талап ететін өзекті әрі креативті пәндер мен сабақтарды құруды білдіреді. Осыған байланысты егер кейбір пәндер бойынша әдебиеттермен қамтамасыз ету айтарлықтай жоғары болса, онда басқалары үшін басылым қажет. Бұл тек оқытушылардың ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, көтермелеу және олардың жұмыстарын оқу-әдістемелік жұмыстар ретінде оқу және жариялау арқылы мүмкін болады.

 

Международный университет туризма и гостеприимства

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан туризм саласындағы серпінді жобаларды әзірлеуге университет ғалымдары, оқытушылары мен студенттері тартылды ма?

 

– Иә, университет ғылыми бағытта да дамып келеді. Осы мақсатта 2022 жылы ғылыми-зерттеу орталығы құрылды, өзінің ғылыми баспа органы – «Bulletin of the International University of Tourism and Hospitality» халықаралық журналының негізі қаланды. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті жариялаған конкурстарға ғылыми-зерттеу жобалары әзірленіп, ұсынылуда, ішкі жобалар қаржыландырылып жатыр.

2023-2024 оқу жылының бірінші жартысында қолданыстағы екі жобадан басқа университеттің ғылыми қызметкерлері мен оқытушылары 2024-2026 жылдар аралығындағы кезеңге ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына 21 өтініш берді. Қазіргі уақытта олардың төртеуі тексеруден өтті және сараптама сатысында, ал қалған 17 жоба тексеруден өтіп жатыр.

Сондай-ақ, университеттің студенттері оқытушылардың жетекшілігімен туризм саласындағы ғылыми жұмыстармен айналысады. Мысалы, олар «Түркістанда Smart city құру перспективалары: дамудың өзектілігі» және «Қазақстандағы туризм тауашасы: проблемалар мен олардың шешімдері» тақырыптарында жобалар әзірледі. Қазіргі уақытта олардың республика деңгейіндегі алдағы стартап-жобаларға қатысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Студенттерді ғылымға баулу мақсатында жыл сайын ғылыми жоба бойынша студенттер арасында конкурстар өткізіледі. Мысалы, 2023 жылы жыл сайынғы ғылым апталығында «Қазақстандағы туризмді дамыту» ғылыми жобасының конкурсы өткізіліп, конкурс нәтижелері бойынша 1-ші және 2-ші орын алған студенттерге ақшалай сыйлықтар табысталды.

 

– Қазақстан туризм саласында қай елдермен белсенді халықаралық ынтымақтастық жүргізуде? Бұған Халықаралық туризм және меймандостық университеті қалай қатысады?

 

– Халықаралық туризм және меймандостық университеті түрлі елдермен, соның ішінде Түркия, Тайланд, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Атап айтқанда, университет әріптестік мекемелермен меморандумдарға қол қою арқылы бірлескен бастамалар мен іс-шараларды әзірледі. Олардың ішінде келесілерді атап өтуге болады:

– Alanya Alaaddin Keykubat University (Түркия) – Erasmus+ бағдарламасы бойынша академиялық ұтқырлыққа қатысу, бірлескен ғылыми жобалар шеңберіндегі ынтымақтастық;

– Erciyes University (Түркия) – Гастромектептер құру бойынша тәжірибе алмасу, Erasmus+ бағдарламасы бойынша бірлескен ғылыми жобалар шеңберіндегі ынтымақтастық;

– Istanbul Ticaret University (Түркия) – қонақтарға дәрістерді ұйымдастыруға жәрдемдесу;

– Sakarya University of Applied Sciences (Түркия) және Necmettin Erbakan University (Түркия) – Erasmus+ бағдарламасы шеңберіндегі академиялық ұтқырлыққа қатысу;

– Prince of Songkla University (Тайланд) – академиялық ұтқырлық аясындағы ынтымақтастық;

– Ташкенттегі Сингапур менеджментті дамыту институты (Өзбекстан) – бірлескен зерттеу жобалары шеңберіндегі ынтымақтастық, форумдарға бірлесіп қатысу;

– Туризмді дамыту ғылыми-зерттеу институты (Өзбекстан) – бірлескен ғылыми жобаларға қатысу;

– Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті (Өзбекстан) – оқытушылар алмасу аясындағы ынтымақтастық;

– Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті – бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық ұтқырлық аясындағы ынтымақтастық;

– Туризм академиясы (Қырғызстан) – академиялық ұтқырлық аясындағы ынтымақтастық.

Бұл ынтымақтастық қадамдары академиялық алмасуды, бірлескен ғылыми зерттеулерді және тәжірибе алмасуды қоса алғанда, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде жаһандық перспективаны дамытуға және туристік білім беруді интернационалдандыруға ықпал ететін іс-шаралардың кең ауқымын қамтиды.

 

туризм в Казахстане

– Спорт тақырыбына ойыссақ. Бүгінгі таңда жас спортшыларға, спорт мектептері түлектеріне, сонымен қатар секцияларға үнемі қатысатын қарапайым мектеп оқушыларына қандай қолдау көрсетіледі? Қандай да бір гранттар, жеңілдіктер қарастырылған ба?

 

– Қазақстанда спорт ұзақ уақыттан бері ұлттық мәдениет пен бірегейліктің маңызды бөлігі болып саналады. Ғасырлық дәстүрлі спорт түрлерінен қазіргі заманғы пәндерге дейін қазақстандықтар дене белсенділігі мен жарыстарға қызығушылық танытуда. Сондықтан біздің мемлекетіміз спортпен белсенді айналысатын өскелең ұрпаққа барлық жағдайды жасауға барынша тырысады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларға, оның ішінде халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орнына түсу үшін гранттар беруге бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, «Білім туралы» Заңға сәйкес,

кейінгі үш жылдағы халықаралық спорттық жарыстардың (ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен тізбеге кіретін) жеңімпаздары мен жүлдегерлері таңдаған мамандығы олимпиада, конкурс немесе спорттық жарыс пәніне сәйкес келген жағдайда жоғары оқу орнына білім беру грантын бере отырып қабылданады.

 

Касым-Жомарт Токаев с юными спортсменами

– Біздің студенттер дүниежүзілік қысқы және жазғы универсиадаларға үнемі қатысады. Қазақстан өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында Түркі универсиадасын қабылдады. Бүгінгі таңда студент жастар спортқа қаншалықты белсенді қатысады? Олар қандай спорт түрлерімен көбірек айналысады?

 

– Егер спорттық іс-шаралар туралы айтатын болсақ, онда олардың саны жеткілікті. Студент жастарымыз жарыстардың барлығына қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр.

Екі жылда бір рет Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері арасында жазғы және қысқы универсиада өтетіні белгілі. 2023 жылы Ақтау қаласында 17 спорт түрінен ҚР ХІІ Жазғы универсиадасы өтті. Оған 62 жоғары оқу орны, 324 команда, 2092 студент және 323 жаттықтырушы-оқытушы қатысты.

Универсиадамен қатар Студенттердің спорттық лигасы өткізіледі. Оның мақсаты – дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын студенттер санын көбейту. 2023 жылдың қорытындысы бойынша лиганың республикалық кезеңіне 34 жоғары оқу орны, 784 студент қатысты.

Сондай-ақ қазақстандық студенттер спорттың 10 түрі бойынша Дүниежүзілік қысқы универсиадаға және спорттың 11 түрі бойынша Дүниежүзілік жазғы универсиадаға қатысады.

2023 жылдың қаңтарында қазақстандық спортшылар Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Қысқы универсиадада жақсы өнер көрсетіп, 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.


казахстанские лыжники

2017 жылы Алматыда өткен Универсиада Қазақстан құрамасы үшін ең сәтті қысқы Универсиада болып қала береді. Біздің команда Ресейден кейін екінші жалпы командалық орынға ие болды. Қазақстандықтар барлығы 36 медаль: 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль жеңіп алды.

Жоғарыда аталған спорттық іс-шаралар студенттердің жоғары қызығушылығын арттырады және олар үлкен биіктерге жетіп, әлемдік спортқа белсенді қатысуды жалғастыруда.

Жалпы, кез келген студент жоғары оқу орнына түсу кезінде өзіне ұнайтын спорт секциясын таңдай алады деп айтуға болады. Бағдарламада мектеп бағдарламасына ұқсас белгілі бір стандартқа сәйкес келетін дене шынықтыру бағдарламасы бар. Бірақ өзін физикалық тұрғыдан дамыту үшін көптеген жастарға баскетбол, футбол, жүзу, жеңіл атлетика, бокс, күрес түрлері және т. б. сияқты спорт түрлері ұсынылады.


хоккеисты Казахстан

– Универсиадаларға, басқа да спорттық жарыстарға қатысатын студенттер мен жеңімпаздарға қалай қолдау көрсетіледі? 

 

– Студенттік спортты қолдау ірі халықаралық жарыстарды өткізумен байланысты. Спорт түрлері бойынша жазғы және қысқы дүниежүзілік универсиадалардың барлық чемпиондары мен жүлдегерлеріне мемлекеттен ақшалай көтермелеу қарастырылған.

Халықаралық спорт жарыстарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне, спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) жаттықтырушылары мен мүшелеріне ақшалай көтермелеу мөлшері Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 156 бұйрығымен бекітілген:

1. Жазғы, қысқы дүниежүзілік универсиада (1 орын – 15 000$, 2 орын – 10 000$, 3 орын – 5000$);

2. Олимпиадалық, паралимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионаты (1 орын – 3500$, 2 орын – 2300$, 3 орын – 1100$).

 

Казахстанские спортсмены с кубком

– Қазақстанда бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұған дайындық қалай жүріп жатыр?

 

– Өздеріңіз білетіндей, бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биылғы 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. 100-ден астам елден делегация келеді. Дүниежүзілік ойындардың бірегейлігі спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың тұтастығында жатыр.

Ойындардың спорттық бағдарламасы 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрін қамтиды. 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Дүниежүзілік ойындарды өткізу үшін жаңа құрылыстарды салудың қажеті жоқ. Қолданыстағы инфрақұрылым пайдаланылатын болады.

Жалпы, елордадағы 7 нысан ойындарды қабылдайды:

– «Астана-Арена» стадионында ойындардың ашылу салтанаты өтеді;

– Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлері бойынша жарыстар өтеді;

– «Алау» мұз сарайында халық ойындары мен жекпе-жек түрлері бойынша жарыстар жоспарлануда;

– «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады;

– «Думан-Парламент» конференц-залында дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өтеді;

– «Қазанат» ипподромында ат спорты, көрме түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ ойындардың жабылу салтанаты өтеді;

– Ұлттық музейде ғылыми конференция ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасын даярлау басталды, командалар құрамы қалыптастырылуда, оқу-жаттығу жиындары өткізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы спорттың барлық түріне қатысады. Бұл бағытта жұмыс Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесіп жүргізілуде.

Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарына дайындық аясында ұлттық құрама командалар 55 оқу-жаттығу жиынына, сондай-ақ 27 халықаралық және 53 республикалық жарысқа қатысады.

Сонымен қатар, наурыздан шілдеге дейін біздің спортшылар аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, қазақ күресі, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақтан 4 әлем чемпионатына және 4 Азия чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.

Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларына бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсету үшін барлық жағдай жасалған.


Всемирные игры кочевников

– Қазан қаласында «Болашақ ойындары» өткенін білеміз. Біздің спортшылар қандай нәтиже көрсетті?

 

– 21 ақпан мен 3 наурыз аралығында Ресейде өткен «Болашақ ойындарында» 48 отандасымыздың өнер көрсетуі спорт әлеміндегі жарқын оқиғалардың бірі болды. Бұл халықаралық турнир цифрлық және классикалық спортты үйлестіретін 21 инновациялық фиджитал спорт түрін біріктірді, Ресей, Қытай, Үндістан, Беларусь, Оңтүстік Корея, Испания, Уругвай, Филиппин, Аргентина, Эквадор, Колумбия секілді елдерден екі мыңға жуық адам қатысты. Қазақстандықтар лайықты өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Counter-Strike 2 және лазертаг ойынында біздің xGOD командамыз жеңіске жетіп, финалда ресейлік LookingForOrg құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Матч Inferno картасында 13:9 және Overpass картасында 13:11 жиынтық ұпайымен аяқталды. Бұл жетістік xGOD ойыншыларының жоғары дайындығы мен кәсібилігін растайды. Қазақстандықтар 1 175 мың доллар көлеміндегі жүлдені жеңіп алды.

Біздің Counter-Strike ойыншылары әлемдік аренада әуелден бар. Осы ойынның алғашқы нұсқаларынан бастап қатысып келеді және бүгінде олар халықаралық турнирлерде жанкүйерлерді қуантуын жалғастыруда. Қазақстандықтарды таңғажайып жеңісімен құттықтаймыз, мұндай жүлде қоры шын мәнінде киберспорт әлемі үшін елеулі награда болып саналады.


Игры будущего

Сонымен қатар, Dota2 бойынша түрлі халықаралық командалар құрамындағы қазақстандықтар ширек финалға жетті. Біздің фиджитал-хоккейшілер – Cyber Barys командасы 1/8 финалға дейін барды. Young командасының жаттықтырушысы Әлім Рахметов өз командасын бірінші орынға жетелеп, оның ұжымы 87,5 мың доллар ұтып алды. «Танктер әлемі» спорт түрінен Rise командасының ойыншысы Станислав Штыренко финалдың 1/4 кезеңінде өнер көрсетуін аяқтады, оның ұжымы қатысқаны үшін 30 мың доллар алды. Absolute командасының мүшесі Әділ Елдосов Standoff пәнінің жеңімпазы атанды, оның командасы 87,5 мың доллар табыс тапты.

Қазақстанда киберспорт инфрақұрылымы 2018 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Содан бері бұл бағыт алғаш рет ресми спорт түрі болып танылды, ал жазда Қазақстан Киберспорт федерациясы пайда болды. Елде жүздеген турнир, соның ішінде бірқатар халықаралық турнир өтті.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін өткізуді ұсынды.


 

АННОТАЦИЯ

Министр туризма и спорта Республики Казахстан Ермек Маржикпаев, отвечая на вопросы редакции, рассказывает о развитии туристской отрасли и поддержке молодежного спорта в стране. В Международном университете туризма и гостеприимства, подведомственном министерству, уже четвертый год готовятся специалисты в области туризма. Страна накануне проведения Всемирных игр кочевников. Победители и призеры чемпионатов получают денежные поощрения от государства. Казахстанский туризм и спорт получает всестороннее и динамичное развитие.


bottom of page