top of page

Жаңа Конституция – білімді және инновациялық қазақстанның берік негізі

Ербол Исақаев. Жаңа Конституция – білімді және инновациялық қазақстанның берік негізі

Бүгін тарихи маңызы бар құжат – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ұсынылды. Бұл XXI ғасырдағы ұлт дамуының стратегиялық картасы. ЖОО ректоры ретінде, бұл жобадан кез келген мемлекеттің тағдырын айқындайтын басты сала – білім беру, ғылым үшін қуатты серпілістің бастамасын көремін. Білім мен ғылым саласының өкілдері ретінде бізге жаңа мүмкіндіктер ашатын әрі жоғары жауапкершілік жүктейтін конституциялық нормаларды бірге талдап көрейік.

 

1. Білім, ғылым және инновация жаңа деңгейге көтеріледі

Алғаш рет білім, ғылым және инновациялар Конституция жобасының кіріспесінде тікелей бекітіліп отыр.

Неліктен бұл маңызды?

Кіріспе– мемлекеттің стратегиялық бағдарларын, ұзақ мерзімді басымдықтарын және бүкіл құқықтық жүйенің мағыналық бағыттарын айқындайды. Сонымен қатар, алғаш рет конституцияның негіздерінде (3-бап, 2-тармақ) бұл құндылық нақты әрі тікелей бекітіліп, мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыты ретінде танылады. Бұл – жай декларация емес, ең жоғары құқықтық ұстаным.

Заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің барлық тармақтары өз саясатын осы басымдықты ескере отырып құруы тиіс.

 

2. Сапалы және қолжетімді білім алудың конституциялық кепілдіктері

33-бап әлеуметтік кепілдіктерді одан әрі нығайтады:

  • Орта білімнің міндетті әрі тегін болуы сақталады;

  • Мемлекеттік жоғары оқу орындарында тегін жоғары білім алудың конкурстық негізде берілуі әділдік пен дарынды жастарды іріктеуді қамтамасыз етеді;

  • Мемлекеттік білім беру стандарттары (4-тармақ) Қазақстанның бүкіл аумағында білім беру кеңістігінің бірлігін және білім сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді;

  • Маңызды қағидат – білім беру жүйесінің зайырлы сипаты (5-тармақ), бұл еркін ғылыми ізденіс пен оқыту үшін бейтарап әрі зияткерлік ортаны сақтауға мүмкіндік береді.

 

3. Шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау – прогрестің қозғаушы күші

23-бап ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігін тікелей кепілдендіреді. Бұл – батыл ғылыми болжамдардың, іргелі зерттеулердің және технологиялық серпілістердің негізі.

Зияткерлік меншікті қорғаудың атап өтілуі (2-тармақ) ғалымдарымыздың әзірлемелерін коммерцияландыруға, стартаптар мен шағын инновациялық кәсіпорындар құруға құқықтық негіз қалайды.

Осылайша университет тек кадр даярлайтын орын ғана емес, экономика үшін жаңа технологиялар мен идеялар өндіретін орталыққа айналады.

 

4. Экологиялық мәдениет – конституциялық құндылық

Конституция жобасында табиғатқа ұқыпты қарау ел дамуының негізгі бағдарларының қатарына шығарылған. Қазақстан халқы экологиялық жауапкершіліктің болашақ дамудың негізі екенін тікелей мойындайды.

Бұл – түбегейлі жаңа көзқарас. Экология қосалқы мәселе ретінде емес, өмір сапасымен, экономикалық дамуымен және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың дербес әрі ерекше бағыты ретінде қарастырылады.

Мұндай тұжырымдама технологиялық прогресс, білім мен ғылым табиғатты қорғау және ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаттарымен ажырамас байланыста болатын орнықты даму философиясын қалыптастырады.

 

5. Адами капитал мен қадір-қасиет – ең жоғары құндылық

Конституция жобасы адамның өмірі, құқықтары мен қадір-қасиеті (1-бап) басты орында тұратын жүйені дәйекті түрде қалыптастырады. Бұл қағидат Негізгі Заңның бүкіл мәтіні арқылы өтіп, мемлекеттің дамуына гуманистік бағыт береді.

Жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі, адам қадір-қасиетіне құрмет, ақпаратқа қолжетімділік (21-бап) азаматтың шығармашылық, ғылыми және зияткерлік әлеуетінің толық ашылуына жағдай жасайды.

Дәл осындай тұлға- білімді, еркін, сыни ойлай алатын әрі жауапты азамат- ел дамуының басты құндылығы және негізгі ресурсы ретінде қарастырылады. Бұл- университет қауымдастығы жаңа Негізгі Заңмен толық бөлісетін мақсат.

 

Солтүстік Қазақстан университеті үшін қандай маңызға ие?

Біздің алдымызда ауқымды міндет тұр: жаңа Конституцияның рухы мен мазмұнына толық сай келетін білім, технология және инновациялар бойынша өңірлік хаб құру:

  • Ғылыми-зерттеу бағытын күшейтіп, өңір мен ел экономикасының нақты секторына бағытталған қолданбалы әзірлемелерге басымдық беруіміз қажет;

  • Үздіксіз білім алуға және шығармашылыққа қабілетті мамандарды даярлайтын инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу керек;

  • «Ақылды» экономика үшін технологиялық шешімдер мен кадрлар даярлау мақсатында өнеркәсіппен әріптестікті кеңейтуіміз қажет;

  • Студенттерге азаматтық жауапкершілікті, білім мен жасампаздыққа негізделген патриотизмді, табиғатқа және мәдени мұраға ұқыпты көзқарасты қалыптастыруымыз керек (34, 40-баптар).

 

Бұл Конституцияны қабылдау – халықтың ақыл-ойына, біліміне және жасампаз энергиясына көрсетілген ұлттық сенімнің айқын көрінісі. Осы тарихи сәтті терең түсіне отырып, әділетті, білімді және инновациялық Қазақстанды қалыптастыруға бар күшімізді салайық.

Барлық оқытушыларды, ғалымдарды, қызметкерлер мен студенттерді Негізгі Заң жобасын мұқият зерделеуге және оның қоғамдық талқылауына белсенді қатысуға шақырамын. Біздің кәсіби әрі азаматтық пікіріміз аса маңызды!

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page