Әуезов университетінде Honors College жаңа білім беру кеңістігінің капсуласы қаланды
- Редакция "СО"

- 2 hours ago
- 1 min read
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне 30 сәуір күні Arizona State University және Cintana Education делегациясы арнайы сапармен келді. Сапар аясында университет аумағында жаңа Honors College жаңа білім беру кеңістігінің капсуласын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті.

Рәсімге Arizona State University проректорының кеңсесі жанындағы жаһандық академиялық бастамалар жөніндегі вице-президент Джулия Розен қатысып, аталған жобаның халықаралық білім беру байланыстарын нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Бұл бастама – университеттің халықаралық деңгейдегі білім беру экожүйесін қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің жарқын көрінісі. Болашақ кампус заманауи аудиториялармен, зертханалармен, цифрлық оқу кеңістіктерімен және студенттердің ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдайтын инновациялық орталықтармен жабдықталады деп жоспарлануда.
Honors College кампусы дарынды жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға және әлемдік стандарттарға сай сапалы білім алуға кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл нысан шетелдік серіктестермен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, академиялық алмасуды кеңейтуге және өңірдің адами капиталын арттыруға серпін береді.
Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.



Comments