«Ономастикалық дискурс: мифологиялық аспекті» гранттық жоба туралы бірер сөз
Ономастика мәселелері тілдік тұрғыдан біраз зерттелген. Бірақ бұл жобада ономастикалық бірліктер дискурстың «шикізаты» және «өнімі» сапасында мифтік дүниетаныммен сабақтастырыла қарастырылады. Өйткені ономастикалық атаулардың не бірліктердің қайсысын алсаңыз да, оның астарында қандай да бір этностың тарихи, тілдік-мәдени мазмұны немесе тұтастай «мәтін», басқаша айтқанда, ұлттық код орныққан.
Сондықтан да оларды ұлттық таныммен өрілген атаулар деуге болады. Ол тек коммуникативтік жағдаятта (дискурста) зерделенеді және соның нәтижесінде сақталып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа тасымалданады. Бұл үдеріс кезінде әр кезеңнің ұлттық құндылықтарына сәйкес жаңаша мәнге ие болып, не керісінше бастапқы мазмұнынан алшақтап, кейде өз архисемасынан ажырауы мүмкін. Мұндай жағдай, біріншіден, тілдік санадағы әлем бейнесінің жұтаңдауына, екіншіден, этностың рухани әлсіреуіне, сөйтіп бірте-бірте мәдени иммунитетінің жойылуына әкеледі. Мұндай жағдайдың алдын алу қажет. Аталған жобаны ұсыну идеясы осы мәселелерге қатысты туындады. Бұл жоба «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасының «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «Қазақстанның киелі географиясы» жобаларын басшылыққа ала отырып, ономастикалық дискурсты мифологиялық аспектіде зерттеу, онимдерді (антропонимдер, топонимдер, фитонимдер) ұлттық мәдениеттің бейнелі-таңбалық жүйесі ретінде сараптай отырып, онамастикалық лексиканың этномәдени-танымдық ерекшеліктерін жалпытүркілік дәстүрлі және философиялық дүниетаныммен тарихи сабақтастықта айқындауды мақсат етеді.
Жоба 2021-2023 жылдарға арналған, жалпы қаржылық көлемі – 44 887 239,90 теңге. Бұл қаржы жұмыс тобының 9 мүшесінің (біреуі – Башқұрт мемлекеттік университетінің доценті, төртеуі – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылары, төртеуі – аталған оқу орнының «Филология» білім бағдарламасының жасы 40-қа толмаған докторанттары) еңбекақы төлемдерін, еліміздегі және елімізден тыс аймақтағы іссапар шығындарын, материалдық-техникалық құралдар мен жабдықтар сатып алу, ғылыми өнімдерді баспадан шығару қаражатын, салық төлемдерін қамтиды. Жобаны қаржыландырушы мекеме – ҚР БҒМ. Жобаның жүзеге асуы үш кезеңнен тұрады.
Жобаның 1-кезеңінде (наурыз - 15 қараша 2021 жыл) атаулар күрделі мағыналы бейне-таңбалар жүйесі ретінде мифологиялық тұрғыдан сипатталды. Қазақ мифологиясындағы ономастикалық лексика мәселелері өзге түркі тілдері материалдарымен байланыста талданды. Қазақстанның «киелі топонимиясы» (сакралды география) бағыттарына сәйкес ұлттық кодтың киелі кісі есімдері мен жер-су атауларында көрініс табуы анықталды. Түркілердің дәстүрлі дүниетанымындағы антропонимдер (кісі есімдері) культі, оның ішінде есімдердің лингвомәдени сипатындағы табу және эвфемизм, сакральді (киелі) кісі есімдерінің діни және тұрмыстық салт-дәстүрлермен байланысты болмыстық-танымдық ерекшеліктері сараланды. Қазақ халқының мифтік танымының топонимдерде берілуі, ондағы культтік жер-су атаулары, тәңірлік наным-сеніммен байланысты ұғымдар зерделенеді. Қазақстан Республикасы мен одан тысқары жерлерге іссапарға барып, материалдар жинақталып, талданып, қорытындыланды.
Тіл тасымалдаушыларының мифтік санасындағы актив және пассив ономастикалық бірліктерді анықтауға бағытталған сауалнама 01.05-01.06.2021ж. 18-51 жас аралығындағы әлеуметтік топтар арасында жүргізілді. Сауалнама сұрақтары электронды Google форматта дайындалды. Сауалнамаға барлығы 102 респондент қатысты, оның 7,8%-ы ер адам, 86,3%-ы әйел адам. 5,9% респондент сұрақты жауапсыз қалдырған. Қатысушылардың 100%-ы қазақ ұлтынан. Әлеуметтік статусы бойынша респонденттердің басым бөлігін студенттер қауымы құрайды (90,2%), мұғалімдердің үлесі – 3%, есепке алынбаған жауаптың пайыздық үлесі – 6,8%. Сауалнамаға енгізілген сұрақтар: 1. Өзіңіз туған не тұратын мекен (жер, су, тау т.с.с.) атауына қатысты қандай аңыз не әңгіме білесіз? 2. Мына есімдер туралы не білесіз, бұлар кімдер? ‣Хауа ана ‣Қорқыт‣Асан қайғы ‣Ұмай ана ‣Бекет ата ‣Дәуіт ‣Самрат ‣Алпамыс ‣Ер Төстік ‣Қозы Көрпеш ‣Баян сұлу ‣Мыстанкемпір ‣Жезтырнақ ‣Пері. 3. Адам не жер-су, өзен-көл, өсімдік атауларының шығуына мән бересіз бе? 4. Өзіңіздің есіміңізді кім қойды және қандай мағынаны білдіреді?
1-сұрақ бойынша респонденттердің 58%-ы өзі туған немесе тұратын мекен атауының шығу тарихын білетінін көрсетті, соның ішінде 18 сауалнама қатысушысы (30,5%) елді мекен атауының шығуын адам есімімен байланыстырады (Ақжігіт ауылы, Бекарыстан би, Құлсары, Тоқмансай, Жабасақ, Жаныс би, Кененбай, Н. Байғанин ауданы, Есет батыр ауылы, Әйке ауылы, Жиренқопа, Алтай батыр, Ақбота Сәңкібай, Ырғыз). Туған жерінің шөпке, өсімдікке қатысты аталғанын 3 респондент (5,1%) жауабынан көруге болады (Мәртөк - «мортық» деген шөп өскендіктен, Сексеуіл). Жер атауының табиғатқа, сөздің түбіріне немесе бірігуінен пайда болған деп санайтындар үлесінде 19 адам (32,2%). Мысалы: Шұбарқұдық, Шалқар, Бозой, Сырдария, Сағыз, Хромтау, Қарауылкелді, Тасөткел, Жаңабұлақ т.с.с). Бестамақ ауылын бес тама руының болуымен түсіндірген респондент 1 (1,7%). Сонымен қатар, аңыз білетінін жазып, бірақ тарқатып жауап бермегендер саны 15 (25,4%). Мекеннің шығу тарихын жазып, бірақ атауын нақты көрсетпеген 3 (5,1%) респондент бар. 1-сұрақ нәтижесі:
2-сұрақ бойынша респонденттің 42%-ының тілдік санасында бұл есімдер мифологиялық немесе көркем шығарма кейіпкерлері, анықтама бергендердің 39%-ы мифпен байланыстырады, яғни, Хауа анаға діни тұрғыдан түсінік бере отырып, ең алғашқы жаратылыс ретінде сипаттайды. Ұмай ананы Тәңірлік образ (Құдай әйел) ретінде қарастырады, демонологиялық кейіпкерлер (мыстан кемпір, жезтырнақ, пері) жағымсыз образда қалыптасқан. Өзге де есімдерге батырлар, әулиелер, ғашықтар, ақын-жыраулар келбетінде нұсқалар берілген.
Сауалнама нәтижесінде респонденттердің (қазақтардың) тілдік санасында мифотопонимдер мифофитонимдерге қарағанда актив сипатқа ие екендігі анықталды.
Мифоантропонимдердің тілдік санада орнығуы мен мифтік мәтіндермен сабақтастық деңгейінің белсенділігі жоғары, бұл мифоантропонимдердің әдеби туынды кейіпкерлері болуымен түсіндірілді.
2021 жылы 10-17 шілде аралығында Ресей Федерациясы Алтай аймағы Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінде және Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінде болып, ономаст ғалымдармен, оның ішінде профессор, ф.ғ.д. Л.М. Дмитриевамен т.б. пікір алмасып, тәжірибе бөлістік. Барнаул қаласындағы өлкетану мұражайында, В.Я. Шишков атындағы Алтай өлкелік әмбебап ғылыми кітапханасында, Н.М. Ядринцев атындағы орталық қалалық кітапхана қорында С.В. Соколовскийдің, А.С. Шабаловтың, О. Гусевтің, А.В. Суперанскаяның, О.А. Леоновичтің, т.с.с. ғалымдардың еңбектерімен танысып, ондағы ономастикалық дискурстың теориялық мәселелері мен талдауларын салыстыра отырып, алғашқы тұжырымдар тезистелді. Қошағаш ауданындағы қазақ ауылы тұрғындарымен (Қалиева Нұрлан Имамамадиевна (қошағаштықтар үшін Галина Имаммадиевна), Жанна, оның жолдасы Болатжан және т.б.) сұхбаттасу арқылы мынадай материалдар: Қошағаш атауының шығу төркіні, Алтай қазақтарының, оның ішінде наймандардың орналасу тарихы, Жазатыр жазығы, Ақтуру тауы, Катун өзені т.с.с. жалпы түркілік тарихи атауларға қатысты деректер жинақталды. Сондай-ақ жобаның жұмыс тобы 25 шілде мен 12 тамыз аралығында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы қорында, 13 тамыз бен 30 тамыз аралығындағы Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы қорындағы материалдармен жұмыс жасап, жоба тақырыбына қатысты ғылыми зерттеулерді зерделеді.
Бірінші кезең нәтижелері гранттық жобаның күнтізбелік жоспарына сай рецензияланатын халықаралық журналдарда жарияланған 2 мақалада мазмұндалды.
Жобаның 2-кезеңі 2022 жылдың қаңтары мен 15 қарашасы аралығына жоспарланған. Бұл кезеңде түркілердің дәстүрлі дүниетанымындағы гидронимдер (су) культі және тіршілік феномені: су рухының әйел бейнесі, сумен байланысты ырым-салт символикасы, судың емдік қызметі, сумен байланысты тыйымдар қазақтардың рухани танымдық көзқарастарымен тарихи-салыстырыла қарастырылады. Нәтижесінде процентилі 35-тен кем емес Скопус базасындағы журналға 1 мақала (мақала дайындалып ұсынылды), Комитет бекіткен тізімдегі журналға 1 мақала (Тектіғұл Ж.О., Дузмагамбетов Е.А., БаядиловаАлтыбаева А.Б. Қазақ топонимдерінің мифологиялық қабаты// ӘЛ-ФАРАБИ атындағы ҚазҰУ ХАБАРШЫ. Филология сериясы. № 1 (185), 2022, 167-180 бб.), «Ономастикалық дискурс: мифологиялық аспекті» монографиясы, «Қазақстан мифоантропонимдері» (1-том) иллюстациялық сөздігі үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жарияланады.
Жобаның 3-кезеңі 2023 жылдың қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезде түркілердің дәстүрлі дүниетанымындағы оронимдер (тау, шатқал, алқап және т.б.) культінің көрінісі қазақ тіліндегі материалдармен тарихи тұрғыдан жан-жақты сипатталады. Түркілердің дәстүрлі дүниетанымындағы фитонимдер (өсімдіктер, ағаш) культінің көрінісі: Қазақстан аумағындағы ағаш пен түрлі өсімдіктер культімен байланысты қалыптасқан мифологиялық атаулар анықталады. Нәтижесінде «Қазақстан мифотопонимдері» мен «Қазақстан мифофитонимдері» сөздігі үш тілде дайындалады. Бұл – жоба нәтижесінің жаңашылдығы.
Жобаның маңызы – қазақ және жалпы түркілік дүниетанымда орныққан ономастикалық атаулардың тілдік қарым-қатынасқа түскен кездегі ұлттық ерекшеліктерінің оң және теріс өзгерістерін анықтап, себебін нақтылап, оны жаңғырту шараларын анықтауға итермелейді. Халықаралық деңгейдегі маңыздылығын мәдениетаралық қарым-қатынастағы нормаларды тануда қазақ және қазақстандық мәдениет туралы ақпарат көзі бола алуымен байланыстыруға болады.
Қазіргі ашық қоғам мәдениеттердің араласуындағы прагматикалық нормаларды білуді, тілдік, тілдік-мәдени, коммуникативтік құзыреттілікті жетілдіруді талап етеді.
Бұл жоба осы қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік береді. Жобаның нәтижелері ұлттық рухты тасымалдайтын ұлттық кодтың (біздің жобамызда ономастикалық бірліктердің) қолданысын кеңейтуге мүмкіндік береді.
САДИРОВА Күлзат Қаниқызы,
филология ғылымының докторы,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік университетінің профессоры,
жобаның ғылыми жетекшісі
АННОТАЦИЯ
В статье речь идет об изучении мифоантропонимов, мифотопонимов, мифофитонимов в качестве «сырья» и «продукта» дискурса в тесной взаимосвязи с ролью мифологии в формировании мировоззрения людей. Описаны цели и этапы работы по грантовому проекту на тему «Ономастический дискурс: мифологический аспект», а также достигнутые результаты и преимущества.
Comentários