Lesson Study ерекше балаларды түсінуге қалай көмектеседі
- Кулдархан Баймусаева, Астана қаласы № 96 «Аяла» арнайы балабақшасы меңгерушісі

- 4 days ago
- 6 min read

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелері қазіргі педагогика ғылымында елеулі орын алады. Зерттеулер көрсеткендей, білім беру процесінің тиімділігі көбіне оқытуды жекелендіруге, баланың даму ерекшеліктерін ескеруге және бейімделген әдістемелерді қолдануға байланысты болады. Сондай әдістердің бірі – Lesson Study.
Қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесі әр баланың толық дамуы үшін жағдай жасауға бағытталған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының өсуі олардың оқыту, дамыту және әлеуметтену мәселелерін ерекше өзекті етеді. Мектеп жасына дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту сапасын арттыру қазіргі білім берудің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Назар инклюзивті білім беруге аударылған. Бұл балалардың тиімді дамуы үшін әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеру, оқу процесін жетілдіру және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру маңызды. Әдебиеттерде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім берудің тиімді стратегияларын зерттейтін көптеген ғылыми еңбектерді табуға болады. Жеке тәсілдің маңыздылығы атап өтіледі. Жеке оқу жоспарларын құрастыру, баланың күшті және әлсіз жақтарын ескеру, оның қызығушылықтарына негізделген оқыту оң нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторлары болып табылады. Педагогтар мен балалар арасындағы өзара әрекеттестік маңызды рөл атқарады. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде бұл жаңа тәсілдерді талап етеді. Осындай тәсілдердің бірі Lesson Study әдісі болып табылады. Ол педагогтердің бірлескен жұмысына, балаларды бақылауға және білім беру процесін терең талдауға негізделген, бұл әр тәрбиеленушінің жеке даму траекториясын құруға мүмкіндік береді.
Lesson Study жұмыс істеуінің ең маңызды шарты – ынтымақтастыққа ашық, дамуға және тәжірибе алмасуға дайын педагогтар тобы. Бұл әдіс мектеп оқушыларының сабақтарын зерттеуде кеңінен қолданылады. Енді оны ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге мамандандырылған мектепке дейінгі ұйымдарда сынақтан өткізу жоспарлануда. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс – бұл тек жүректің қалауымен, жанның түкпірінен шыққан махаббатпен ғана атқарылатын іс. Lesson Study әдісі бізге, педагогтерге, осы жолда сенімді серік болары анық.
Lesson Study – педагогтердің бірлескен жұмысы арқылы сабақтардың сапасын жақсарту және балалардың дамуын зерттеудің тиімді тәсілі.
Астана қаласының «Аяла» арнайы мектепке дейінгі мекемесінің педагогтері 2023-2026 жылдар аралығында Lesson Study әдісін білім беру процесінде сынақтан өткізіп, оны ерекше қолдауды қажет ететін балалармен жұмыста қолдану мүмкіндіктерін көрсету және оның тиімділігін анықтау мақсатында зерттеулер жүргізді.
Біздің алдымызда балаларды оқытуға жеке тәсілдерді әзірлеу және іске асыру, әр баланың даму ерекшеліктерін анықтау және, әрине, әдістің педагогтердің кәсіби дамуына әсерін бағалау міндеті тұрды. Олардың жұмысының басты міндеті – баланың жеке басын бұзбай, оның ашылуына көмектесу. Осы форматта жұмыс істей отырып, педагогтер бірлесіп сабақтарды жоспарлады, балаларды бақылады, жеке реакциялар мен қиындықтарды тіркеді, нәтижелерді талқылады және тәсілдерді түзетті. Lesson Study әдісі бойынша бірлескен жұмыс педагогтерге сабақтардың сапасын арттыруға, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде балалардың оқу жетістіктері артады. Сабақтар оқытудың әртүрлі салалары бойынша өткізілді.
Дене шынықтыру сабағы баланың қимылын жетілдіреді, дене бітімін қалыптастырады. Әр балаға оның ерекшелігін ескере отырып, тиісті жаттығуларды таңдау – басты міндет. Біздің мақсатымыз – әркімнің өз қарқынымен дамуына жағдай жасау.
Сөйлеуді дамыту және көркем әдебиет. Баланың сөйлеуі дамыса, ойы да ашылады. Әңгіме айту, ертегі оқу, рөлдік ойындар – бәрі де сөздік қорды байытуға бағытталған.

Сенсорика. Әртүрлі текстуралармен, иістермен, пішіндермен таныстыру арқылы біз баланың сезім мүшелерін дамытамыз. Дүниені сезіну, түстерді ажырату, дыбыстарды есту – баланың қоршаған ортаны танудағы алғашқы қадамдары.
Қоршаған ортамен таныстыру. Баланың қоршаған әлемді тануы оның дүниетанымын қалыптастырады. Біз экскурсиялар, тәжірибелер, қызықты әңгімелер арқылы баланың қоршаған ортаға деген қызығушылығын оятамыз.
Сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру. Шығармашылық – шексіз әлем. Әр бала – суретші, мүсінші, құрастырушы. Біздің міндетіміз – оларға өз қиялдарын қағазға, сазға, түрлі-түсті материалдарға түсіруге көмектесу.
Музыка. Ән айту, би билеу, музыкалық аспаптарда ойнау арқылы біз баланың музыкалық қабілеттерін дамытамыз, сезімдерін оятамыз, эмоцияларды білдіру жолдарын ашамыз.
Арнайы түзету іс-әрекеті. Логопед, психолог, дефектологтың көмегімен әр балаға назар аудару, оның дамуындағы қиындықтарды анықтау және түзету.
Lesson Study әдісі арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың ортаға бейімделуін зерттеу 2023-2024 оқу жылынан басталып, 2025-2026 оқу жылының соңына дейін жалғасады. 2023-2024 оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес психологтар алғашқы мониторинг нәтижелерімен таныстырды. Балабақша педагогтері Республикалық «AIAT» ғылыми-әдістемелік қолдау орталығынан «Lesson Study-ды балабақшада ұйымдастырудың тиімді жолдары» тақырыбында оқыту семинарынан өтті. Семинарды Еуразия гуманитарлық институтының аға оқытушысы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, тренер, докторант Ғалымжанов Баянғали Ғалымжанұлы жүргізді. Бұл эксперимент Lesson Study әдісінің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ортаға бейімделуіне әсерін анықтауға және инклюзивті білім беру тәжірибесін жетілдіруге бағытталған.
Мамандардың жеке түзету-дамыту жұмысы барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоршаған ортада жағымды қарым-қатынас орнату, оның ішінде мұқият тыңдау және назар аудару дағдылары жаттықтырылды. 2023-2024 оқу жылындағы жұмыс барысында қыркүйек, қаңтар және мамыр айларында топтық педагог-психологтар есте сақтау, ойлау, қабылдау, зейін және қиял деген 5 критерий бойынша мониторинг жүргізді. Мониторинг нәтижелері балалардың танымдық процестерінде айтарлықтай оң динамиканы көрсетті. Балалар өз ойларын еркін білдіре бастады, есте сақтау және зейін процестері жақсарды, олар педагогтермен еркін сөйлесіп, тапсырмаларды өз бетінше орындайтын болды.
Тәжірибелік мысал 1. Сөйлеу дағдысының жақсаруы
Зерттеу барысында «Мерей» тобындағы 5 жастағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар А. есімді тәрбиеленуші бақылауға алынды. Бастапқы кезеңде бала педагогтің сұрақтарына бір сөзбен ғана жауап беріп, құрдастарымен қарым-қатынасқа сирек түсетін. Ұйымдастырылған іс-әрекет барысында Lesson Study әдісі бойынша үш педагог бірлесіп бақылау жүргізіп, сөйлеуді дамытуға бағытталған әдістерді таңдады.
Мысалы, «Ойыншықтар дүкені» тақырыбындағы сабақта балаға рөлдік ойын арқылы сатушы мен сатып алушының диалогын құру тапсырылды. Алғашқы сабақта бала тек ойыншық атауын ғана айтты. Үшінші цикл соңында «Маған қызыл машина беріңізші», «Мен қуыршақ сатып аламын» деген сияқты толық сөйлемдер құра бастады.
Нәтижесінде 2 ай ішінде баланың сөздік қоры кеңейіп, сөйлеу белсенділігі артты. Бұрын сабақ кезінде үндемей отыратын бала кейін өз еркімен жауап беруге ынта білдірді.
Қазан айында инновация әдіскері Б Б. Бегайдар әдістемелік кеңес отырысында эксперименттік алаң жұмысының мазмұнын нақтылап, зерттеу жүргізу жолдарын көрсетті. Қараша айында «Мерей» және «Зерек» топтарында тәрбиешілер Б. Б. Жаманкулова және Г. Н. Айгабулова ұйымдастырылған іс-әрекет өткізіп, Lesson Study әдісі арқылы зерттеу жүргізді. Педагогтер әр апта сайын зерттеуге алынған топтарда зерттеу жүргізіп, зерттеу парағын толтырып отырды.
Тәжірибелік мысал 2. Зейін мен есте сақтаудың дамуы
«Зерек» тобындағы В. есімді тәрбиеленушіде зейіннің тұрақсыздығы байқалды. Сабақ басында тапсырманы соңына дейін орындамай, жиі басқа әрекетке ауысып кететін.
Lesson Study барысында педагогтер бақылау кезінде баланың тапсырманы орындау уақытын белгілеп отырды. Алғашқы мониторингте бала бір тапсырмаға тек 2–3 минут ғана зейін қоя алатын.
Сенсорика сабағында түстер мен пішіндерді сәйкестендіру ойындары енгізілді. Әр сабақтан кейін педагогтер рефлексия жасап, тапсырмаларды жеңілден күрделіге қарай өзгертті. Бір айдан кейін бала тапсырмаға 7–8 минут тұрақты зейін қоя алатын деңгейге жетті. Сонымен қатар, бұрын тек 2 пішінді ғана ажыратса, кейін 5–6 пішінді қатесіз атай бастады.
Қаңтар және сәуір айларында «Мерей» тобы «Үй жануарлары» және «Ойыншықтар дүкені» тақырыптарында, ал «Зерек» тобы «Қыстап қалатын құстар» және «Көңілді пішіндер» тақырыптарында ашық ұйымдастырылған іс-әрекеттер өткізді.
Тәжірибелік мысал 3. Әлеуметтік бейімделу
Эксперимент басында кейбір балалар топтық ойындарға қатысудан бас тартып, жеке ойнауды қалайтын. «Үй жануарлары» тақырыбындағы сабақта жұптық және топтық ойын элементтері қолданылды. Бақылау нәтижесінде алғашқы кезеңде балалардың 30%-ы ғана топтық жұмысқа белсенді қатысса, үшінші Lesson Study циклынан кейін бұл көрсеткіш 70–80%-ға дейін өсті.
Балалар бір-біріне көмектесуді, кезек күтуді, пікір алмасуды үйренді. Бұл олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне оң әсер етті.

Мамыр айында жүргізілген сауалнама нәтижесінде педагогтердің барлығы дерлік Lesson Study әдісі арқылы зерттеу жүргізудің тиімділігін мойындады.
Бұрын балалар тапсырманы педагогтің тікелей көмегімен ғана орындаса, Lesson Study әдісі енгізілгеннен кейін олардың өз бетінше жұмыс істеу дағдылары қалыптаса бастады. Әсіресе сөйлеу, зейін, қарым-қатынас және танымдық белсенділік бағыттарында айқын оң өзгерістер байқалды.
Педагогтердің білім беру стратегияларын жетілдіре отырып және балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың дамуына ықпал етуге болады.
Зерттеу барысында Lesson Study әдісінің тиімділігін бағалау үшін балалардың оқу жетістіктерін бақылау, педагогтердің пікірлерін жинау және сабақтарды бейнежазба арқылы талдау сияқты әдістер қолданылады. Зерттеу нәтижелері мектеп жасына дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқу процесін жақсартуға және олардың оқу жетістіктерін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде. Зерттеу барысында педагогтердің бақылау, талдау және рефлексия жасау дағдылары жетілдірілді, сонымен қатар зерттеу нәтижелері басқа мектепке дейінгі мекемелер үшін де пайдалы болады.
Мониторинг нәтижелері Lesson Study әдісінің көмегімен балалардың танымдық процестері (есте сақтау, ойлау, қабылдау, зейін, қиял) жақсарғанын көрсетті. Сондай-ақ, балалардың әлеуметтік-эмоционалды дамуында оң өзгерістер байқалды, олардың өз ойларын еркін білдіру, құрдастарымен және педагогтермен қарым-қатынас жасау қабілеттері артты. Lesson Study әдісін қолдану педагогтерге оқу процесін балалардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік берді, бұл балалардың белсенділігін арттырып, оқуға деген қызығушылығын оятты. Педагогтер инклюзивті мәдениетті дамытуға, балалар арасындағы өзара қолдау мен түсіністікті арттыруға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың басқа балалармен тең дәрежеде білім алуына және кемсітушіліктің алдын алуға күш салды.
Lesson Study әдісі мектеп жасына дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуын және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.
Бұл әдіс педагогтерге кәсіби тұрғыда өсуге, балалардың дамуын қолдауға және инклюзивті білім беру ортасын құруға көмектеседі. Lesson Study әдісін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы ұйымдарда кеңінен қолдануды енгізу үшін осы әдісті қолданудың озық тәжірибесін тарату және педагогтер арасында тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, сондай-ақ педагогтердің осы әдіс бойынша арнайы оқыту курстарынан өтуін қамтамасыз ету қажет.
Кулдархан БАЙМУСАЕВА,
Астана қаласы № 96 «Аяла» арнайы балабақшасы меңгерушісі
АННОТАЦИЯ
В связи с увеличением числа детей с особыми образовательными потребностями, их развитие, образование и социализация стали одной из актуальных проблем в сфере образования. В данной статье Кулдархан Баймусаева, заведующая специализированного детского сада № 96 «Аяла» г. Астаны, рассматривает применение метода Lesson Study, направленного на то, чтобы помочь педагогам глубже понять потребности детей, оптимизировать процесс обучения и создать индивидуальную траекторию развития для каждого ребенка.



Comments