Қазақстан жаңа ғылыми-технологиялық дәуірдің қарсаңында
- А. Петрухин
- 6 hours ago
- 12 min read

Жоғары білім мен ғылым жүйесінде болып жатқан қарқынды өзгерістер білім экономикасын қалыптастыруға, адам капиталын дамытуға және елдің технологиялық жаңаруына бағытталған. Бұл саладағы мемлекеттік саясат жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім мен ғылымға дәйекті интеграциялауды, университеттердің бизнеспен және өндіріспен байланысын нығайтуды, өңірлік ғылыми-білім беру экожүйелерін дамытуды және білім берудің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, жауапкершіліктің жаңа саласы – университеттердің технологиялық дамудың, білім трансферінің және ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізудің негізгі драйверлері ретіндегі рөлін күшейтетін елдің инновациялық саясатын қалыптастыру және іске асыру жауапкершілігі Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына өтті. Саланың міндеттері AI-Sana бағдарламасын, эндаументтерді дамытуды, инжинирингтік орталықтар құруды, жас ғалымдарды қолдауды және Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңғыртуды қоса алғанда, бірқатар бастамалар арқылы іске асырылады. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен институционалдық өзгерістер халықаралық сарапшылар мен талдамалық орталықтар тарапынан оң бағалар алуда, бұл Қазақстанға білім беру және ғылыми әріптес ретінде қызығушылықтың атуынан көрінеді. Министр Саясат НҰРБЕКПЕН әңгімемізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың қазіргі жағдайы мен болашақ жоспарлары талқыланады.
– Саясат Нұрбекұлы, соңғы бір жылда жоғары білім мен ғылым саласында орын алған қандай ең маңызды өзгерістерді атап өте аласыз?
– Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамыту векторы бірінші кезекте білім берудің қолжетімділігін арттыруға, дарынды жастарды қолдауға және ғылыми қызметті ынталандыруға бағытталған. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Жоғары білім мен ғылымды дамытудың қабылданған тұжырымдамасы шеңберінде ауқымды жұмыс жүргізілуде.

2025 жылы мемлекет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 90 мыңнан астам грант бөлді. Алғаш рет азаматтарға білім алу үшін жинақ қалыптастыруға көмектесетін «Келешек» жинақтау жүйесі енгізілді. Бағдарлама шеңберінде
мемлекет ағымдағы күнтізбелік жылы бес жасқа толған балаларға 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2025 жылы – 235 920 теңге) бастапқы білім беру капиталын есептеуді бір рет жүзеге асырады. Осы жастан бастап ол 18 жасқа толған кезде жинақ сомасы 5 миллион теңгеден асуы мүмкін.
Сонымен қатар, бұл жинаққа Ұлттық қордан мектеп түлектерінің білім алу мүмкіндіктерін қолдауға арналған қосымша қаражат қосылады.
Қыркүйек айынан бастап барлық студенттердің шәкіртақысы өсті: бакалаврлар үшін – 20%, магистранттар мен докторанттар үшін – 15%. Соңғы бес жылда шәкіртақы көлемі екі есе өсті.

AI-Sana ауқымды мемлекеттік бастамасы іске қосылды. 569 мыңнан астам студент ЖИ негіздері бойынша курстардан өтті, 7 мыңнан астам оқытушы сертификаттар алды. Бұл бағдарламаның мақсаты – жасанды интеллект саласындағы құзыреттілікті дамыту, ЖИ технологияларын білімге, ғылымға және инновацияға интеграциялау.
Екі жылдың ішінде Coursera платформасында 95 университеттің 200 мыңға жуық студенті 380 мыңнан астам сертификат алды. Қазақстан Coursera халықаралық сыйлығының иегері атанды.
Жоғары оқу орындарының ұзақ мерзімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуде эндаумент-қорлардың шешуші рөл атқаратыны белгілі. Әлемдік тәжірибеде эндаумент-қорлар жетекші жоғары оқу орындарының (Гарвард, Стэнфорд, Оксфорд және т.б.) негізгі табыс көзі болып табылады. Олар мемлекеттік қаржыландырудан тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, ғылымды, инновацияларды және білім беру бағдарламаларын дамытуға, жалпы ЖОО-лардың беделі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан біз Қазақстанда эндаумент-қорларды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Биыл «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» Заң қабылданды.
Енді ЖОО-лар инвестицияланатын нысаналы капиталды (эндаументті) құра алады, ал инвестициялардан түсетін табыс ЖОО-ны дамытуға жұмсалады. Сонымен қатар, бизнесті тарту үшін салықтық артықшылықтар, мысалы, салық жеңілдіктері қарастырылған. Салық кодексіне мақсатты салымдар үшін корпоративтік табыс салығы бойынша 100% супер шегерімдер туралы ережелер енгізілген.
Артық бюрократиялық рәсімдерсіз зерттеулер жүргізу үшін қажетті университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары үшін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың оңайлатылған тәртібін көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңартылған Заңға қол қойылды.
Ғалымдардың қолдау белсенді дамып келеді: 1475 зерттеуші әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге гранттар алды, 50 ғалым «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығына ие болды.

Соңғы екі жылда бизнес пен өнеркәсіптің қатысуымен 12 ғылыми-технологиялық хакатон өткізілді. Оның барысында металлургия, мұнай-газ саласы кәсіпорындары және экономиканың басқа да секторлары үшін қолданбалы шешімдер әзірленді.
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту үшін елдің жетекші жоғары оқу орындары жанында жаңа инжинирингтік орталықтар мен ғылыми-технологиялық парктер құрылды. Олардың қатарында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы құрылыс инженерлік орталығы, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ жанындағы органикалық ауыл шаруашылығы технологиялары орталығы, Satbayev University жанындағы сегіз зертханасы бар инновациялық инжинирингтік орталық, «STROYTECH» технологиялық паркі және «А. Бегалинов атындағы келешекті технологиялар мен әзірлемелер» ғылыми-зерттеу орталығы бар. Бұл құрылымдар қолданбалы ғылымды дамытуға, технологиялар трансфертіне және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған.
– 2026 жыл – Білім және ғылым жылы. Биылғы жылы қандай іс-шаралар мен жобалар атап өтілді, бұл жыл университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдары үшін несімен ерекшеленеді?
– Жалпы 2029 жылға дейін жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында көзделген міндеттерді іске асыру жалғасады.
Сонымен қатар, Еуразияның жүрегінде стратегиялық орналасуы және ұзақ мерзімді инвестициялар мен серіктестіктерді дамыту үшін негізгі фактор болып табылатын тұрақтылығы Қазақстанды халықаралық ынтымақтастық үшін тартудың табиғи орталығына айналдырады. Осыған байланысты елді өңірлік білім беру хабы ретінде қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғасады. Биыл «Қазақстан – академиялық білім аумағы» атты II Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтті; бұл ғылым мен жоғары білім саласындағы халықаралық өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды оқиға болды.

Бүгінде Қазақстан жаңа ғылыми-технологиялық дәуірдің табалдырығында тұр. Жасанды интеллект, биомедицина, робототехника және кванттық технологиялар білім мен қоғамның жаңа келбетін қалыптастыруда. Сондықтан,
біздің болашақ жылға арналған стратегиямыз үш басымдыққа: Қазақстанның Еуразиялық өңірдің академиялық орталығы ретінде қалыптасуына; академиялық басқару мен ғылыми әлеуетті күшейте отырып, қазақстандық университеттерді трансформациялауға; технологиялар трансфертін дамытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға негізделеді.
Жас ғалымдарды қолдау басым бағыт болып қала бермек.
Инженерлік білімге және техника мен технологияларды академиялық зерттеуге баса назар аудару, сондай-ақ постдокторанттарды ұстап қалу және университеттер мен ғылыми ұйымдарға жас кадрлардың ағынын арттыру мақсатында жас ғалымдарға арналған «Жас ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 2026-2028 жылдарға арналған конкурс жарияланды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілуде: постдокторанттар мен жас ғалымдарға арналған гранттар, әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыру, іргелі институттарды тікелей қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар, мегагранттар енгізілді.
2024-2025 жылдар аралығында 576 жас маманға тұрғын үй берілді. Олардың 482-сі ҒЖБМ мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы уағдаластықтарға сәйкес іске асырылатын кредиттеу бағдарламасының арқасында пәтер сатып алуға мүмкіндік алды, 94 пәтерді Қазақстан Республикасының Президенті өтеусіз негізде бөлді.

Тұрғын үй беріп қолдаудан басқа, ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін төлем мөлшері ұлғайтылды. Жыл сайын ең перспективалы 50 жас зерттеушіге сыйлықтар мен шәкіртақылар, соның ішінде «Үздік зерттеуші» сыйлықтары мен ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар бөлінеді.
Сондай-ақ келесі жылы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғалымдардың ғылыми тағылымдамалары жалғастырылатын болады.
Ғылым және білім жылы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің кезекті отырысы жоспарланған. Алдыңғы кездесу Атом ғылымын дамытуға және осы салаға мамандар даярлауға бағытталған болатын. Кеңестің болашақ отырыстарында ғылым мен жоғары білім берудегі прогреске, қаржыландырудың тиімді тетіктерін енгізуге, академиялық орта, экономика және басқа да салалар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қатысты мәселелерді талқылау жоспарлануда.
– Қазіргі кезде ұлттық брендімізге айналған «Study in Kazakhstan» жобасына қатысты қандай жаңалықтар бар?
– Биыл біз алғаш рет жоғары білім алу үшін халықаралық студенттер басымдық беретін 14 елдің қатарына кірдік. Бұл біздің үш жылдағы жұмысымыздың нәтижесі, сондықтан біз академиялық ынтымақтастықты нығайту және білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жүйелі жұмысымызды жалғастырамыз.
Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарында 88 түрлі елден келген 35 075 шетелдік студент білім алып жатыр. 2023 жылмен салыстырғанда шетелдік студенттер санының 17%-ға өсуі біздің еліміздің жоғары деңгейлі оқу курстарын, оқу үшін қолайлы атмосфераны және мансап жасаудың үлкен мүмкіндіктерін ұсынатын толыққанды білім беру хабына айналып келе жатқанын көрсетеді. Бірлескен және қос дипломды бағдарламалардың үлесі де екі есеге артып, 454-ке жетті. Қазіргі уақытта біз студенттік супервизаны енгізуді қарастырып жатырмыз, осылайша елімізде оқу үшін шетелдік студенттерге визаларын жыл сайын жаңартудың қажеті болмайды. Бұл олар үшін Қазақстанда оқудың тағы бір үлкен артықшылығы болмақ.

Соңғы жылдары біз шетелде қазақстандық жоғары оқу орындарының төрт филиалын аштық:
өткен жылы Шыршықта М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы; үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан және қазіргі уақытта 1600 студент оқитын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкектегі филиалы және ҚазҰУ-дың Омбыда филиалы ашылды; ал Ошта Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылады. Түрікменстан мен Пәкістан да біздің жоғары оқу орындарының филиалдарын өз елінде көргісі келеді. Пәкістанда елордалық медициналық жоғары оқу орындарының бірінің филиалы ашылуы мүмкін.
Біздің ЖОО-лар халықаралық рейтингтерде өз позицияларын нығайтуда. Мысалы, Times Higher Education 2026 рейтингінде Қазақстан бес университетпен ұсынылған (алдыңғы рейтингте төрт университет болған). Назарбаев университеті өткен жылғы нәтижесін (501-600) жақсартып, үздік 500-ге енді (401-500 орын). Сондай-ақ бұл тізімге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (1201-1500 орын), Л. Гумилев атындағы ЕҰУ (1501+ орын), Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ (1501 + орын) енді. Рейтингке алғаш рет 1501 + санатымен Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университеті енді. Сонымен қатар, қазақстандық репортер-жоғары оқу орындарының саны 19-дан 27-ге дейін өсті, бұл ел университеттерінің халықаралық сапаны бағалау жүйесіне қатысуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
QS WUR 2026 рейтингіне 20 қазақстандық ЖОО кірді, оның ішінде үш ЖОО топ-500-ге енді, бұл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 166 орын, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ – 317 орын, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – 331 орын.
QS Asia University Rankings 2026 рейтингіне 44 қазақстандық ЖОО кірді, оның 10-ы алғаш рет еніп отыр. Рейтингке қатысатын әлемнің 984 жоғары оқу орнының ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 38-орынды, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ 61-орынды, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 79-орынды иемденді. Бұл рейтингтің бірінші жүздігіне енген жоғары оқу орындары.

Біз Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия және Өзбекстанның жоғары оқу орындарымен 40 стратегиялық серіктестік құрдық, оның ішінде 33 филиал франшиза, серіктестік, жаһандық кампус, консорциум сияқты түрлі тәсілдерді қолдана отырып жүзеге асырылды, онда оқыту 162 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Биылғы жылдан бастап Cardiff University, Coventry University, Woosong University, Anhalt, Politechnico della Marche, ММХҚИ филиалдары жұмысын бастады. De Montfort University, Coventry University, Cardiff University, Woosong University дербес кампустар деңгейінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, ресейлік ММХҚИ мен МИФИ үшін бөлек кампустар салынады.
University of Arizona-ның екі кампусының – Шымкент пен Алматыда ашылуы немесе қазіргі уақытта салынып жатқан Алатау қаласында бірқатар білім беру бағдарламалары бар KAIST (Оңтүстік Корея) кампусының ашылуы, «Қазақмыс» компаниясы геологиялық кластерді іске қосатын Жезқазғанда әлемдегі тау-кен ісі мектебінің үздігі Colorado School of Mines кампусының ашылуы маңызды жетістік болады.
Cardiff University өзінің 150 жыл тарихында алғаш рет шетелде кампус ашуға шешім қабылдады, бұл әлемдегі ең үздік университеттердің бірі. Біздің студенттер алғашқы жылдары осы университетте грант бойынша, Уэльстен келген ең мықты оқытушылардан дәріс ала алады. Мұнда ақылы оқыту Ұлыбританияда оқығанға қарағанда әлдеқайда аз. Астанадағы кампус төрт бакалавриат бағдарламасынан басталады, ал қаңтар айынан бастап жасанды интеллект бойынша қуатты магистрлік бағдарлама өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ оның базасында келесі жылдың қаңтар айынан бастап жасанды интеллект саласындағы біліктілікті арттыру жөніндегі жеке орталық іске қосылатын болады.
Woosong University Түркістан облысының сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалдының қызығушылығы мен қолдауының, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қатысуының арқасында Түркістанда өз кампусын ашып, жасанды интеллект пен дата-аналитика саласындағы ең үздік кореялық технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз етті. Бұл университетте оқу үшін жыл сайын 200 грант бөлінеді.

Биыл Алматы маңында New York Film Academy филиалы ашылды. Бес білім беру бағдарламасы бойынша оқудан басқа, мұнда толықметражды фильмдер түсіру үшін екі павильон салынуда және жақын арада сол жерде әлемдік кино түсіріледі.
Қазіргі уақытта біз University of Arizona-мен ынтымақтастықта ауқымды бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы ЖОО-мен серіктестік аясында Петропавлда орналасқан Kozybaev University-де жаңа биоинформатика зертханасын ашу жоспарлануда. University of Arizona-ның бұл салада, әсіресе генетикалық зерттеулерде озық тәжірибесі бар.
Сонымен қатар, мұнай өндіру қызметінің нәтижесінде Қазақстанда айтарлықтай мөлшерде жиналған күкірттен полимерлер жасауға бағытталған маңызды жоба іске асырылатын болады.
Биыл De Montfort University 200 студентті дайындап шығарды, олардың жалпы саны 1000-нан асады және бұл жақында ғана ашылған филиал үшін жоғары көрсеткіш.
Біз Қазақстанға бірнеше ірі аккредиттеу агенттігін тарттық. Мысалы, ең күшті аккредиттеу стандартын білдіретін Ұлыбританияның аккредиттеу жөніндегі бас агенттігі – Quality Assurance Agency.
Өткен жылы олар Қазақстанда АХҚО базасында жеке заңды тұлға ретінде тіркелді және қазір барлық жергілікті кампустарды аккредиттеуден өткізіп жатыр. Қазір ең ірі аккредиттеу агенттігі – North England Commission for Higher Education-мен (Бостон) келіссөздер жүргізілуде. Бұл біздің серіктестерімізге ең жоғары әлемдік сапа стандарттарына берілгендігімізді көрсетеді. Студенттерге де жоғары талаптар қойылады, мысалы, егер Foundation бағдарламасын аяқтағаннан кейін студент оқу бағдарламасын меңгеру үшін ағылшын тілін жеткілікті дәрежеде меңгермеген болса, ол ешбір жағдайда осы жоғары оқу орнына түсе алмайды.
Жауапкершіліктің жаңа саласы – инновациялық саясатты қалыптастыру біздің министрліктің қарауына көшті. Біздің халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі қызметіміз осы міндетті шешуде өте қолайлы, өйткені озық шетелдік оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейтін еліміздің университеттері өңірлер экономикасының инновациялық дамуында шешуші рөл атқарады.
– Алдағы жылы Қазақстанның ғылымы мен жоғары білімінің басымдықтарында жасанды интеллектке қандай орын берілген?
– Мемлекет басшысының жасанды интеллекті дамытуға басымдық беріп отырғанын білесіздер, себебі егер ел жасанды интеллекті қабылдап, дұрыс экожүйені — заңдарды, институттарды және инвестицияларды құратын болса, бұл барлық салада: мемлекеттік басқару жүйесінде де, ғылым мен технологияда да, өнеркәсіпте де үлкен серпіліс беруі мүмкін.
Бүгінгі таңда біз жасанды интеллекті дамытудың үш бағыты бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз: кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулерді іске асыру және қазақ тілін дамыту үшін жасанды интеллекті қолдану.
Осылайша, жоғары білім беруде міндет – бұл оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіруді, заманауи бағдарламалар мен курстарды әзірлеуді, білім беру процесіне ЖИ-технологияларды енгізуді, халықаралық ынтымақтастықты және оқытушылардың біліктілігін арттыруды қамтитын жасанды интеллект саласында мамандар даярлаудың кешенді экожүйесін құру. Бұрын айтқанымдай, бұл міндетті орындауға Cardiff University мен Woosong көмектеседі.

ҒЗТКЖ тұрғысынан қарастырғанда жұмыстың негізгі мақсаты – заманауи ресурстар мен инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы ғылымда жасанды интеллекті қолдануға жағдай жасау. Бұл ғылыми зерттеулердің технологиялылығы мен пәнаралық қабілетін арттырады. Жасанды интеллект арқылы ғылыми саланы басқарудың тиімділігін арттыру да осы бағыттағы біздің міндетіміз болып табылады.
Тіл саясатына келетін болсақ, біз жаһандық жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тіліндегі мазмұнды оңай түсініп, өңдеп және пайдалануы үшін қазақ тілінің қазақ тілінің жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне толыққанды интеграциялануын қамтамасыз етуіміз қажет.
– Келесі жылы қазақстандық ЖОО-лардың алдында тұрған негізгі мақсаттар қандай?
– Қазіргі уақытта біздің университеттер білім беру сапасын жақсартуға, ғылыми зерттеулерді күшейтуге және жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялануға бағытталған терең трансформациядан өтуде.
Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған жоғары оқу орындарының инфрақұрылымына ауыртпалық түсіретін және университеттер мен жатақханаларда орын тапшылығын тудыратын халықтың демографиялық өсуі, жаһандық әлемдік өзгерістер, оның ішінде геосаяси жағдай, технологиялық революция және жасанды интеллект сияқты сын-қатерлерді ескере отырып, біздің университеттер заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға, зертханалық базаны жаңартуға, икемді білім беру бағдарламалары түрінде белсенді шаралар қабылдауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге баса назар аударуы қажет.
Жалпы, бұл шаралардың барлығын жоғары білім беру жүйесі жоғарыда аталған реформалар түрінде енгізіп, жүзеге асырып жатыр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің теңгерімді дамуының және өңірлердің рөлін күшейтудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты қандай негізгі басымдықтар өңірлік жоғары оқу орындарының жұмысын айқындайтын болады?
– Біз бұл мәселеге ерекше назар аударамыз, бұл жаңа ғылыми-технологиялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жергілікті жерлерде ғылыми қызметті басқару және әкімшілендіру бойынша кеңейтілген өкілеттіктер берілді.
Енді әкімдіктер мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты іске асыруда, зерттеулердің басымдықтарын айқындауда және жобалардың практикалық іске асырылуын қамтамасыз етуде белсенді рөл атқарады.
Барлық әкімдіктер жанынан Ғылым жөніндегі кеңестер құрылды, зерттеулердің басым бағыттары бекітілді, әдістемелік ұсынымдар әзірленді және өңірлік деңгейде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жобалар іске қосылды. Бұл шаралар ғылыми тартымдылықтың жаңа орталықтарын қалыптастыруға ықпал етеді және жергілікті университеттердің инновациялық дамудың драйвері ретіндегі ұстанымдарын нығайтады. Алғаш рет өңірлік ғылым өзінің тұрақты қолдау және өсу тетіктерін алды.

Бұл жүйеде өңірлердің өсуінің негізгі нүктелеріне айналатын университеттер ерекше орын алады. 11 өңірлік ЖОО-да академиялық және зерттеу үстемдігі орталықтары (АЗҮО) – академиялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін заманауи алаңдар құрылуда. АЗҮО шеңберінде дамыған зерттеу экожүйесі қалыптасады, инновациялық зертханалар ашылады, оқыту және ғылыми жұмыс үшін инфрақұрылым жаңғыртылады. АЗҮО құрамындағы университеттердің қызметі өңірлердің экономикалық мамандануымен үндестіріледі, бұл сұранысқа ие мамандарды даярлауға және негізгі салаларды ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мысалы, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті саланың тұрақты дамуын қолдауға бағытталған «ШҚО тау-кен металлургия саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті ғылыми негізделген технологияларды әзірлеу және іске асыру» бағдарламасын іске асырып жатыр. Университетте алты заманауи зертхананы қамтитын Ғылыми-технологиялық орталық құрылды, сондай-ақ экология, химия және техносфералық қауіпсіздік саласындағы жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Бұл сұранысқа ие инженерлерді дайындауға және экономиканың нақты секторына бағытталған шешімдер жасауға мүмкіндік береді.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық ортаны жақсарту технологияларын дамыта отырып, «Батыс өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарта отырып, техногендік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жаңа технологияларды әзірлеу» бағдарламасын іске асыруда. Университетте үш жоғары технологиялық зертхана жұмыс істейді, Q1–Q2 журналдарында он мақала жарияланды, патентке өтінім берілді, сондай-ақ ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру үшін үш стартапты іске қосуға дайындық жүргізілуде.
Бұл мысалдар өңірлік жоғары оқу орындарының дарынды жастарды тартатын орталыққа айналатынын, ғылыми және кәсіпкерлік іске асыру үшін жағдай жасайтынын, стартаптар мен инженерлік жобалар үшін инфрақұрылымды дамытатынын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, университеттер өңірлердің кадрлық әлеуетін нығайтады және негізгі салаларды ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, осылайша Президент белгілеген елдің теңгерімді дамуына үлес қосады.
Осылайша, өңірлік ғылымды дамыту экономикалық өсуді ынталандырудың, кадрлық әлеуетті нығайтудың және ғылыми зерттеулерді жергілікті жерлерде практикаға біріктірудің қуатты құралына айналады.
– Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда еңбек нарығының сұраныстарына және ел дамуының стратегиялық басымдықтарына сәйкес келу үшін білім беру бағдарламаларының қандай бағыттары ерекше назар аударуды және жеделдетілген өсуді талап етеді?
– Біз еңбек нарығының қажеттіліктерін болжау және кадрларды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз.
2023 жылдан бастап министрлік «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асырып келеді, оның аясында тоғыз өңірде (Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Жетісу облыстары және Астана мен Алматы қалалары) өңірлік экономиканың ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіптік даярлау мен инновациялық дамудың басым бағыттарын көрсететін 45 сала бойынша аймақтық мамандықтар атластары жасалды.
Онда цифрлық трансформация жағдайында сұранысқа ие болашақтың 471 мамандығы анықталды.
Осы жобаның арқасында 100 600-ден астам мектеп оқушысы edunavigator.kz платформасында жастарға болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесетін кәсіби бағалаудан өтті. Атластар негізінде еліміздің университеттері 900-ден астам білім беру бағдарламасын өзектендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, оның 510-ы мүлдем жаңа.
Дайындықтың ең танымал бағыттарының қатарына цифрлық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы: әмбебап ЖИ әзірлеушісі, жасанды нейрондық желілерді жобалаушы, DevOps-инженер, IoT-маман, рroduct manager, нейрондық желілерді әзірлеуші инженер, ЖИ технологы, ИТ-экожүйелер сәулетшісі, блокчейн технологы, VR/AR/MR инженер-конструкторы, R & D-manager, цифрлық даму тьюторы сияқты мамандықтар жатады.

Цифрлық бағыттардан басқа, қолданбалы ғылымдар мен технологиялар саласында инновациялық білім беру бағдарламалары белсенді әзірленуде: технологиялық нутрициология және тамақ инженериясы, блокчейн-инженерия, энергоменеджмент және тұрақты даму, биология және кинезиология, агроэкология, табиғи энергия тасымалдаушылар мен полимерлердің химиялық технологиясы, урбанистика, металлургия және рециклинг, көлік инженериясы және автотроника және басқалар.
Жасанды интеллект саласындағы білім беруді дамытуға ерекше назар аударылады.
Қазірдің өзінде 30 университет «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект инженериясы және блокчейн», «Медицинадағы жасанды интеллект» және т.б. сияқты 38 мамандандырылған бағдарламаны енгізді. Бұл бағдарламалар генеративті жасанды интеллект (GenAI), түсіндірілетін жасанды интеллект (XAI), үлкен тілдік модельдер (LLM), компьютерлік көру (CV), күшейтілген оқыту (RL), жасанды интеллект этикасы және оны реттеу, кванттық және нейроморфтық есептеулер сияқты озық салаларға бағытталған.
Мұндай бағдарламалардың түлектері Python бағдарламалау, TensorFlow, Keras және PyTorch фреймворктерін меңгеру, деректерді талдау және визуализациялау дағдылары (Pandas, NumPy, Matplotlib және Seaborn), табиғи тілдерді өңдеу (NLP), үлкен деректермен және дерекқорлармен жұмыс істеу (SQL және NoSQL), сондай-ақ нейрондық желілерді әзірлеу және енгізу сияқты XXI ғасырдың негізгі құзыреттеріне ие болады.
Мамандықтар атластарымен жұмыс істеу және жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу Қазақстанның цифрлық экономикасы мен технологиялық болашағының сын-тегеуріндеріне жауап бере алатын мамандарды даярлауды қамтамасыз ете отырып, білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы берік байланысты қалыптастырады.
– Соңғы, барлығын толғандырып жүрген сұрақ – ҰБТ форматын өзгерту туралы. Бұл жайлы толығырақ айтып бере аласыз ба?
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңғырту арқылы біз бүкіл әлемде танылған стандарттар мен технологияларды енгізе отырып, білімді бағалау жүйесін дамытудың жаңа деңгейіне шығамыз және бұл стратегиялық қадам.
Қазақстан ETS-пен бірлесіп, халықаралық стандарттарға негізделген ҰБТ -ның жаңа моделін жасайды. Оған бейімделген тестілеу, жасанды интеллект технологиялары, сондай-ақ шетелде танылған құзыреттерді бағалау жүйесі енгізілетін болады. Автоматтандырылған бағалау және интеллектуалды аналитика процестің әділдігін, сенімділігі мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Мұның бәрі тестілеу нәтижелеріне деген сенімділікті арттырады және оларды әлемдік емтихан жүйелерімен салыстыруға мүмкіндік береді.
Барлық тестілер заманауи психометриялық әдістерді қолдана отырып әзірленеді, бұл олардың ғылыми негізділігіне, сенімділігіне және бүкіл әлемдегі студенттер, университеттер және жұмыс берушілер тарапынан мойындауына кепілдік береді.
Осы мақсаттар үшін ҰБТ-ны кезең-кезеңімен трансформациялаудың бес жылдық жоспарын және ETS компаниясымен бірлесіп (келісім бойынша) тестілеу форматын жетілдіру әдіснамасын әзірлейтін жұмыс тобы құрылады.
– Ақпаратқа толы әңгімеңіз үшін алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен
Александр ПЕТРУХИН
АННОТАЦИЯ
Министр науки и высшего образования РК Саясат Нурбек рассказывает о важных процессах, идущих в казахстанской высшей школе и направлениях развития подведомственной ему сферы на будущий год, затрагивает вопросы трансформации Единого национального тестирования, внедрения искусственного интеллекта, поддержки ученых, акселерации деятельности университетов как центров академического и исследовательского превосходства и многие другие.



