«Study in Kazakhstan»: біздің әлемге жауабымыз
- А. Петрухин
- Aug 26
- 21 min read
Updated: 5 days ago
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕКПЕН сұхбат


Журналдың осы санында біз еліміздің аумағында жұмыс істей бастаған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары туралы ақпарат жинадық. Редакциядағы бұл ақпарат басқа филиалдардың ашылуына қарай толықтырылатын болады және талапкерлерге, ата-аналарға, жұмыс берушілер мен жаңа білім беру орталықтарының барлық әлеуетті серіктестеріне жол сілтейтін ақпар-кітапша болады.
Нөмірімізді іс жүзінде жылдам жүзеге асып жатқан «Study in Kazakhstan» жобасының ұйытқысы – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕКПЕН болған сұхбаттан бастаған жөн болар. Саясат Нұрбек біздің елімізге жетекші шетелдік жоғары оқу орындарын тартқан, сол арқылы қазақстандық жоғары мектептің келбетін түбегейлі өзгерткен қайраткер ретінде тарихта есте қалады деп сеніммен айтуға болады.
Қазақстанды өңірлік академиялық хаб ретінде қалыптастыру жөніндегі көпжоспарлы жұмыс білім беру, ғылыми, экономикалық және имидждік компоненттерді қамтиды. Елдің академиялық саласын толыққанды экспортқа бағдарланған салаға айналдыру, еліміздегі оқыту сапасын арттыру және Қазақстанның жаһандық академиялық аренадағы рөлін күшейту үшін әлі де күрделі жолдан өту керек. Министрмен әңгімемізді біз жобаның экономикасын, тәуекелдерді және жақын арада көргіміз келетін күтілетін дивидендтерді талқылай отырып, тәжірибелік деңгейде өткіздік.
– Саясат Нұрбекұлы, «Study in Kazakhstan» еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеген сөздеріңіз бұның басқаша болуы мүмкін емес сияқты әсер қалдырады. Біздің дарын иелеріміз шетелге ағылып кетіп жатыр, бәсекелестер – Қытай, Өзбекстан және басқа да көршілер бізді өкшелеп келе жатыр ...
– Бүгінде әлемде технология мен дарын иелері үшін қызу бәсекелестік жүріп жатыр. Жетекші елдер ең қабілетті студенттер мен жас мамандарды тарту және ұстап тұру үшін тұтас жүйелерді құруда. Бір өкініштісі, Қазақстан әлі де осы жарыста артта қалғандардың қатарында тұр – біздің ең дарынды мектеп пен колледж түлектерінің айтарлықтай бөлігі шетелге оқуға және жұмыс істеуге кетеді. Мысалы, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына әлемнің жетекші университеттерінен ондаған ұсыныс түскенде немесе қазақстандық олимпиада жеңімпаздары халықаралық жарыстарда жүлде алған кезде мақтанамыз. Бірақ нәтижесінде Қазақстанның бұл жастардың көпшілігінен айырылатынын түсінуіміз керек.
Жоғары білім – күшті сүзгі және сонымен бірге дарын иелері үшін магнит. Үздік университеттер әлемнің түкпір-түкпірінен ең жарқын ойшылдарды жинайтын өзіндік «шаңсорғыш» ретінде әрекет етеді. Бұл ууниверситеттер орналасқан елдер үлкен табыстарға қол жеткізеді, кейін ғылымды, техниканы және экономиканы дамытуға жұмыс істейтін зияткерлік капиталды қалыптастырады. Міне сондықтан да үкіметтер жоғары оқу орындарын стратегиялық маңызды құрал ретінде белсенді түрде қолдайды.
Мысалы, жетекші экономикалық держава АҚШ-та америкалық жоғары оқу орындарының түлектері автоматты түрде Green Card алуға өтініш бере алады. Осылайша, ел өз әлеуетін дәлелдеген ғаламшарымыздағы үздік студенттерді қамтамасыз етеді. БАӘ-де «алтын виза» бағдарламасы бар – дарынды студент, стартаптың негізін қалаушы немесе ізденетін маман ұзақ мерзімді тұруға ықтиярхат ала алады және одан әрі мансап пен ғылыми өсу мүмкіндігін алады.

Көршілеріміз, біздің ең жақын бәсекелестеріміз өте белсенді. Қытай соңғы жылдары 50-ге жуық шетелдік университеттің филиалдарын ашты. Өзбекстанда соңғы 12 жылда 40-қа жуық филиал ашылды. Оңтүстік Корея өзінің күшті білім беру имиджі мен белсенді грант саясатының арқасында жүздеген мың шетелдік студентті тартады. Қырғызстанда шетелдіктерді оқытудың қолжетімді құны қызықтыратын модель құра алды. Сондықтан,
сіздің сұрағыңызға жауап бере отырып, басқа таңдаудың болмағанын, бізге осы бәсекелестік күреске түсуге тура келгендігін айта кетейін.
Мен тағы бір көрнекі мысал келтіремін. Бүгінде Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технология институтында (UNIST) қазақстандық 500-ге жуық студент білім алуда. Ауқымды түсінетін болсақ, бұл небәрі бес мың адамға арналған университет, ал әрбір оныншы қазақстандық. Бұлар негізінен «Білім-Инновация» мектептерінің түлектері. Жыл сайын корейлер оларға кепілдендірілген гранттар береді, негізінен біздің үздік түлектерімізді алдын ала «сатып алады». Соның нәтижесінде қазақстандық жоғары оқу орындары бұл дарынды студенттерді қабылдамай, негізгі ресурс – адам капиталынсыз қалды. Корея Республикасы 2027 жылға қарай 300 мың шетелдік студентті тартуға бағытталған «Study in Korea 300K» ұлттық стратегиясын жүзеге асыруда.
Біз Қазақстанға да дәл солай жүйелі түрде әрекет ету керектігін түсінеміз. Сондықтан «Study in Kazakhstan» – біздің өте қиын сынаққа берген жауабымыз. Біздің стратегиямыз – дарын иелерін бастапқы кезден қолға түсіріп, оларды ел ішінде ұстап қалу, елде әлемнің үздік ЖОО-ларында оқуға мүмкіндік беру. Мықты түлектер шетелде оқыған күннің өзінде Қазақстанмен байланысын сақтап, елге оралуы үшін бакалавриат студенттеріне арналған «Болашақ» бағдарламасын қайта қалпына келтіру де талқылануда.

Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам талапкер бітіреді. Олардың ең бәсекеге қабілеттілері – шамамен 1-2%-ы автоматты түрде шетелдік университеттерге бағытталған. Оңтүстік Кореяның ғана емес, әртүрлі елдердің ЖООөлары қазірдің өзінде біздің мектептермен мақсатты түрде жұмыс жасап, біздің түлектерге емтихан алдында гранттар беріп жатыр. Соның нәтижесінде отандық ғылым мен инновацияны дамытудың драйвері бола алатын үздік студенттер елден кетуде. Біздің университеттер дарынды жастарды толық пайдалана алмайды.
Бұл жағдайды өзгерту үшін Қазақстандағы жоғары білім сапасын еуропалық стандарттармен салыстыруға болатын деңгейге дейін көтеру қажет. Сонда талапкерде – елде қалып сапалы білім алу немесе кету деген екі таңдау болады. Біздің міндет – таңдауды Қазақстанның пайдасына қалыпты әрі беделді ету.
Бізге еліміздің басты капиталы – адам капиталын ұтымды басқару керек. Үздік түлектер Қазақстанда қалса, бізде жаңа ғылыми мектептер, инновациялық компаниялар, технологиялық серпілістер болады.
«Study in Kazakhstan» бағдарламасының мақсаты – Қазақстанды тек жақын көршілерімен ғана емес, әлемнің жетекші елдерімен бәсекеге түсе алатын өңірлік білім беру хабына айналдыру.
– Сіз сектордың коммерциялық тартымдылығы және «Study in Kazakhstan» жобасы туралы өте жігерлендіріп айтасыз. Елімізде жоғары білім нарығы өседі деп айтуға бола ма? Қазақстанда тағы қанша университет пайда болуы мүмкін?
– Мен көптеген жылдар бойы форсайттық зерттеулермен айналыстым – бұл болашақ сценарийлерді есептеу және бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын түсіну әрекеті. Егер мемлекет немесе университет осы процестерді болжай алса, ол бәсекелестік артықшылыққа ие болады, пайда әкеледі немесе кем дегенде тәуекелдерді азайтады.
Бүгін біз маңызды көрсеткішті көріп отырмыз: биыл Қазақстанға 31,5 мың шетелдік студент келді – бұл тарихи рекорд. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. Олар экономикаға 30 миллиард теңге әкелді, мұны көптеген университеттер сезініп үлгерді. Негізгі ағындар Үндістаннан келеді (12,5 мың студент), алғаш рет 3 мыңнан астам студент Ресейден, 2 мыңнан астам студент Қытайдан, сондай-ақ Моңғолия мен Әзірбайжаннан келді. Және де біз азаматтары көбіне мұнда мәңгі қалмай, арнайы білім алу үшін келетін елдер туралы айтып отырмыз. Бұл академиялық туризм деп аталатын ең тиімді түрлерінің бірі – студент 4 жыл оқуға қалады, оқу ақысын төлейді, күнделікті тамаққа, көлікке, баспанаға, демалысқа ақша жұмсайды, сонымен қатар бізге туыстарын әкеледі.
Ауқымды түсіну үшін бір мысал айтайын, Ұлыбританияда 758 мың шетелдік студенттен түскен университеттердің кірісі 43 миллиард фунт стерлингтен асқан – 50 миллиард долларға жуық қаражат. Сондықтан да жоғары білім әлеуметтік сала емес, экономика мен экспорттың бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ,
Қазақстандағы әрбір шетелдік студент 1,3 жұмыс орнына – мұғалімдерден бастап қызмет көрсетуші қызметкерлерге дейін жүктеме жасайды. Біздің 31,5 мың студентіміз іс жүзінде 40 мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етті. Бұл экономиканың тұтас бір саласы.
Иә, нарық өсіп келеді, болашағы зор. Елде демографиялық серпіліс бар: 2027 жылға қарай жарты миллионға жуық бала мектепке барады, бұл абсолютті рекорд. 2019 жылдан бері біз миллион оқушыға арналған 1200 мектеп салдық, бірақ жоғары оқу орындарының саны бұрынғы деңгейде қалып отыр.

Дегенмен, негізгі мүмкіндіктер терезесі – бұл сыртқы нарық. Қазақстан Үлкен Еуразия аймағының орталығында орналасқан, онда 2 миллиардтан астам адам тұрады, оның жартысы 25 жасқа дейінгі жастар. Тек Үндістанда 25 жасқа дейінгі 650 миллион жас бар, Пәкістанда жыл сайын 5 миллион, Өзбекстанда 1 миллион бала дүниеге келеді. Олардың барлығына білім керек.
Сонымен қатар, дәстүрлі академиялық орталықтар – АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия кіруге шектеу қоюда. Мысалы, Канадада университеттерге түскен Үндістаннан келген студенттердің 71%-ы виза алмаған. Ұлыбританияда Үндістаннан келген 350 мың студенттің 4 мыңы ғана виза алған. Бұл жаңа білім беру орталықтарының пайда болуына жағдай жасайды.
Біз алдымызға 2028-2029 жылдарға дейін жыл сайын 150 мың шетелдік студентті қабылдаймыз деген өршіл мақсатты қойып отырмыз. Бұл экономикаға 1 триллион теңгеге жуық кіріс әкеледі. Бұл мақсатқа жету үшін елімізде ағылшын тілінде оқытатын, дамыған инфрақұрылымы, академиялық еркіндігі бар 40-50 мықты университет құру керек деп ойлаймын.
Сан емес, сапа басты критерий болады. Сонда түлектер өндіріске дайын маман ретінде келеді, нұсқауларды күтпей, шешімдерді ұсынып, жаңа құралдарды енгізеді, компанияларды құрады.
Университеттер – тек білім ғана емес, сонымен қатар идеялар, зерттеулер мен технологиялар алаңы. Дәл осы университеттердің арқасында Еуропа мен Солтүстік Америка өз уақытында көтерілді. Өңірлік хабқа айналғымыз келсе, Қазақстан үшін мықты жоғары оқу орындарына арқа сүйеу де маңызды.
– Жеке секторда, қаржылық құрылымдарда менеджер ретінде үлкен тәжірибеңіз бар. «Study in Kazakhstan» жобасының бизнес-моделі туралы айтып беріңізші.
– Министрлікте жұмыс істегенге дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығында даму стратегиясымен және серіктестер тартумен айналыстым. Біз бұл тәжірибені министрлікке әкелдік; «Study in Kazakhstan» міндеттерін жүзеге асыру үшін арнайы жобалық кеңсе құрылды; Әрбір шетелдік университетте премиум-клиенттермен жұмыс істеу кезінде банк секторында әдеттегідей жеке жоба менеджері болады. Мұндай менеджер серіктеспен барлық кезеңде бірге жүреді және кез келген мәселені шешуге көмектеседі. Бүгінде жобалық кеңседе 15-ке жуық адам жұмыс істейді, олардың әрқайсысы бірнеше университетті басқарады.

Біз серіктестеріміздің сапасына назар аудардық. Қазақстанға әлемдік рейтингтегі 250-300-ден төмен емес үздік университеттер еніп жатыр. «Ашық аспан» деп аталатын жолды ұстанатын кейбір елдерден, мысалы, Түркия, Мальта, Малайзия, Сингапур және т.б. айырмашылығы – мұнда кез келген университетке филиал ашуға рұқсат етілген. Сондықтан біз мақсатты әдісті таңдадық, өйткені, қайталап айтамын, біз үшін сапа маңызды.
Біз түсінікті ынтымақтастық пакеттерін әзірледік. Ең құнды нұсқа – шетелдік университеттің брендімен елімізде толыққанды кампус ашу. Қазірдің өзінде осындай бес серіктесіміз бар. Екінші нұсқа – қос дипломды бағдарламалар құрылған немесе серіктес ЖОО-ның толық дипломдары берілген кезде қазақстандық университеттердің базасында жұмыс істеу.
Кардифф университеті осындай жарқын мысалдың көрсеткіші бола алады. Қыркүйек айында өз тарихында алғаш рет шетелдік кампус ашады және оны Қазақстанда ашады. Бұл шешімді қабылдау үшін біз Қазақстанды университетке білім беру әлеуеті зор, қарқынды дамып келе жатқан нарық ретінде таныстырдық. Бұл іскерлік тәсіл шешуші болып шықты.
Менің еңбек жолымның басым бөлігі халықаралық біліммен де байланысты болды. «Болашақ» бағдарламасымен жұмыс істеу барысында мен жетекші университеттердің басшыларымен қарым-қатынас орнатып, студенттерімізге жеңілдік шарттары туралы келіссөздер жүргіздім. Осы жылдар ішінде мен кең байланыстар жинақтадым және шешім қабылдау жүйесінің мейлі бұл америкалық, британдық немесе еуропалық үлгі болсын әртүрлі елдерде қалай жұмыс істейтінін түсіндім.
Бұл тәжірибе келіссөздер жүргізу барысында көп көмектесті.
Шетелдегі университеттер эмоцияға емес, нарық пен тәуекелдерді мұқият талдау негізінде шешім қабылдайды. Біз олармен осы тілде сөйлесуді үйрендік, өңірдің төлемге қабілеттілігін, жастар санының өсуін, нарықтың әлеуетін таныттық.
Осының арқасында біз, мысалы, тау-кен өнеркәсібі бойынша әлемдегі нөмірі бірінші Colorado School of Mines сияқты серіктестерді тарта алдық. Жезқазған қаласында олар өз тарихында алғаш рет үш бакалавриат бағдарламасын ашады.
Сонымен қатар, біз жүйелі түрде ынтымақтастық шарттарын бекіттік – академиялық серіктестерге стратегиялық инвестор мәртебесі, экономикалық және салықтық преференциялар берілді. Мен көптеген келіссөздер жүргіздім және оларды көбінесе демалыс және мереке күндері жүргіздім. Бірақ дәл осы қатысу және жеке кепілдіктер университеттердің Қазақстанға сенуіне мүмкіндік берді.
– Сіз жобаларды басқаруда өте жаңашыл, демократиялық тәсілді қолдандыңыз, маңызды шешімдерді қабылдауды шетелдік филиалдардың өздеріне тапсырдыңыз. Айтыңызшы, бұл механизм қалай жұмыс істейді?
– Стратегиялық серіктестер кеңесін (Strategic Partners Council) құру жобаның сәттілігін айқындайтын әрі өте маңызды шешім болды деп есептеймін. Алғаш рет өткен жылы Президенттік орталықта шақырған болатынбыз. Біз бұл тек министрліктің жобасы емес, біздің ортақ хабымыз екенін және барлық негізгі шешімдер алқалы түрде қабылданатынын мәлімдедік. Осылайша, «үкімет жоғарыдан – шетелдік әріптес төменнен» үлгісін бұзып, бірлескен басқару форматына көштік.
Инвесторлар – прагматикалық адамдар, оларға кепілдіктер, нақты статистика қажет және тәуекелдерді азайту керек. Біздің өңір олар үшін жаңа, көршілік оңай емес, саяси тәуекелдер жоғары аймақ. Сондықтан біз оларға стратегиялық инвесторлар сияқты жақындадық – олардың мүдделері мен ұзақ мерзімді шарттарын қорғаудың нақты тетіктерін ұсындық.
Кеңес жыл сайын өткізіледі; өткен жылы Астанада 113 жоғары оқу орнының 67 топ-менеджері бас қосты. Барлығы бірауыздан мұндай тәжірибені еш жерден көрмегенін атап өтті. Әдетте үкіметтер мен министрлер өзгереді, ережелер мен заңдарға түзетулер енгізіледі әрі тұрақтылық инвесторлар үшін өте маңызды. Жаңа алқалы орган олар үшін сенімділік пен ұзақ мерзімділіктің күшті белгісі болды.
Біз бұл модельді университеттер автономды, бірақ стратегиялық шешімдер жалпы дауыс беру арқылы қабылданатын Калифорния университеттері жүйесінде (UC Berkeley, Irvine, Santa Barbara және т.б.) қарастырдық. Қазақстанда біз бұл тәжірибені бейімдедік – университеттер тәуелсіздігін сақтайды, бірақ ең маңызды шешімдер бірлесіп талқыланып, қабылданады.
Осылайша, серіктестер министрлердің ауысқанына немесе саяси циклдерге қарамастан жобаның тұрақты екендігіне сенімді болады. Біз үшін бұл сенімнің негізгі факторына айналды,
шетелдік университеттер Қазақстанда ұзақ мерзімді және ашық жұмыс істеуге жағдай жасалып жатқанын көріп отыр, мұнда барлық тәуекелдер: экономикалық, қаржылық, ұйымдастырушылық және реттеушілік тәуекелдер алдын ала есептеліп, жабылады.
– Біздің ата-аналар мен талапкерлерді толғандыратын сұрақ – филиалдардағы білім алу қаншалықты қолжетімді болады?
– Бұл жерде біз тағы да жастарымыз үшін қолжетімді білім сапасына назар аударуымыз керек. Бұл жерде бізде ымыра жоқ. Өткен жылы кейбір үміткерлер Heriot-Watt-қа оқуға түсу талаптарын орындай алмаған кезде, біраз ата-ана ренжіді, бірақ біз университеттерге олардың академиялық саясатына араласпауға уәде бергенімізді түсіндірдік. Нәтижесінде бірінші курсқа 200-ден аз адам қабылданды. Биылдан бастап талаптар бұрынғыдан да қатаң болады.
Филиалдардағы білім беру құны бас жоғары оқу орындарына қарағанда анағұрлым төмен, сонымен бірге білім берудің сол сапасы сақталады. Ұшу, тұру және ілеспе шығындар болмайды. Отбасылар үшін бұл айтарлықтай үнем.
Бұл жерде талапкерлердің грант бойынша да түсуге мүмкіндіктері бар екенін айту керек.
2025 жылы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқуға арналған гранттар саны
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасындағы Аризона университетінің филиалы | 400 |
Cardiff University Astana | 300 |
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасындағы Хериот-Уатт университетінің филиалы | 250 |
Абай атындағы ҚазҰПУ базасындағы Лотарингия университетінің филиалы | 210 |
М.В. Ломоносов атындағы ММУ филиалы | 200 |
Coventry University Kazakhstan | 200 |
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті базасындағы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің қос дипломды бағдарламалары | 140 |
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы МИФИ ҰЗЯУ филиалы | 100 |
С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті базасындағы И.М. Губкин атындағы мұнай және газ РММ филиалы | 100 |
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасындағы Ташкент ауыл шаруашылығын ирригациялау және механикаландыру инженерлері институтының филиалы | 100 |
Астана халықаралық университеті базасындағы Пекин тіл және мәдениет университетінің филиалы | 80 |
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасындағы МХҚМИ филиалы | 60 |
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасындағы Берлин техникалық университетінің филиалы | 50 |
Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті базасындағы Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінің филиалы | 50 |
«Восход» Мәскеу авиациялық институтының филиалы | 45 |
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті базасындағы Д.И. Менделеев атындағы РХТУ филиалы | 40 |
Нархоз университетіндегі Queen ‘ s University Belfast филиалы | 30 |
Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасындағы City University of Hong Kong филиалы | 30 |
Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасындағы Марке политехникалық университетінің филиалы | 20 |
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті базасындағы Миннесота университетінің филиалындағы қос дипломды бағдарламалар | 10 |
Нарыққа баламасын көрсету үшін бізге күшті академиялық брендтер қажет болды. Бүгінгі таңда көптеген елдер студенттік визаларды беруді күшейтуде және мыңдаған төлемге қабілетті талапкер жаңа мүмкіндіктерді іздеуде. Олар Қазақстанда Кардифф университетінің немесе басқа да жоғары оқу орындарының кампустарын көргенде, бұл біздің елімізді таңдаудың пайдасына шешілетін маңызды дәлел болады.
Білім беру бағдарламалары барынша қолданбалы, Қазақстанның қажеттіліктеріне бағдарланған. Мысалы, ядролық энергетика (МИФИ, Penn State University, Grenoble INP), энергетика және сутегі технологиялары (Technische Universität Berlin), агротехнология (Università Politecnica delle Marche), тау-кен ісі және металлургия (Colorado School of Mines) бағдарламалары.
Бұл жай ғана имидж үшін ашылған филиалдар емес – бұл жаңа салалар мен экономиканың болашағы үшін өсу нүктелері және бұл мансаптық мүмкіндіктердің кепілі.
Қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған филиалдарға қызықты және перспективалы бағыттары бар жаңалары қосылуда. Алматыда Аризона университетінің кампусының құрылысы аяқталуда, Қаскелеңде қыркүйек айынан бастап New York Film Academy іске қосылады, Сәтбаев университетінде Penn State және Grenoble INP филиалдары ашылуда.
ЮНЕСКО деректері бойынша, бүгінде жер шарында 8 миллиардтан астам адамның бар екенін, бірақ тек 254 миллион адам ғана жоғары білімге қол жеткізе алатындығын ұмытпауымыз керек. Сондықтан қазақстандық ата-аналар мен талапкерлер елімізде ашылып жатқан жетекші университеттердің филиалдары шын мәнінде айрықша мүмкіндік екенін түсінуге тиіс.
Көптеген филиалдарда оқу ағылшын тілінде жүргізіледі (бағдарламалардың шамамен 95%-ы). Бұл да еліміз үшін жаңа деңгей және әлемдік білім кеңістігіне интеграциялану жолындағы маңызды қадам.
– Бұл стратегияның артықшылығы туралы қаншама дәлелдер айтылса да, әлі де болса шетелдік университеттердің келуі біздің отандық университеттерге зиянын тигізбей ме, оларда білім алудың беделі төмендей ме деген сақтық пікірлер де кездеседі?
– Шетелдік университеттерді әкелудің қажеті қанша, одан да өзіміздің университеттерге көңіл бөлмейме деген сын жиі айтылып жүр. Бірақ бұл жердегі басты мәселе – бүкіл білім беру жүйесінің сапасын арттыру. Қазақстанда жақсы демографиялық ағын бар – жыл сайын 200 мыңнан астам үміткер. Бұл ретте оқуға түсушілердің 10-15% -ы еліміздің үздік ЖОО-ларына, бір бөлігі ұлттық және ірі жекеменшік университеттерге, 50-60% -ы өңірлік жоғары оқу орындарына түседі, ал кейбіреулері мүлдем жоғары білімсіз қалып қояды.
Мұндағы басты мәселе – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Ұлттық университеттер үшін мемлекеттік грант шамамен 1,2 миллион теңгені (жылына ≈2 мың доллар), өңірлік университеттер үшін шамамен 900 мың теңгені (≈1,8 мың доллар) құрайды. Ақылы негізде студент небәрі 500-600 мың теңгеге (≈1 мың доллар) оқиды. Бұл ақшамен университет оқытушылардың, зертханалардың, коммуналдық қызметтердің жалақысын жабуы керек. Нәтижесі анық – «не төлесеңіз, соны аласыз». Салыстыру үшін айтатын болсақ, АҚШ-та бір маманды оқытудың орташа құны 27 000 долларды құрайды.
Жағдайды өзгерту үшін жаңа табыс көздері қажет. Әлемде университеттер үш жолмен ақша табады: мемлекеттік және жеке инвестициялар (соның ішінде эндаументтер), ғылыми зерттеулер және шетелдік студенттерді тарту. Қазақстанда біз үш саланы да дамыта бастадық. Осы мақсатта эндаумент қорлары туралы, ғылыми-техникалық саясат туралы заң қабылданып, шетелдік университеттермен білім беру хабы құрылуда.

Бірақ басты мақсат – ақша табу емес, өңірлік университеттерді трансформациялау. Мысалы, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ-ді халықаралық зерттеу университетіне айналдыруға Хериот-Уатт көмектесуде. Осы мақсатта қазақстандық оқытушылар Эдинбургте тағылымдамадан өтіп, сапаның жаңа стандарттары енгізілуде. Аризона университеті Петропавлдағы М. Қозыбаев атындағы ОҚУ-мен де осылай жұмыс жасауда. Қызылордада Сеул техникалық университетінің көмегімен машина жасау дамып келеді, Атырауда Губкин университеті мұнай-газ секторын реформалауда, Қарағандыда Эксетер университеті тау-кен ісін күшейтуде.
Осылайша, филиалдар өсудің қозғаушы күші ретінде әрекет етеді, олар стандарттарды көтереді, академиялық ортаны қалыптастырады, оқыту мен зерттеу тәжірибесінің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге олар өңірлік дамудың драйверлеріне айналады – мысалы, Аризона университетінің арқасында Петропавлға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден студенттер келді.
Kozybayev University өзінің «алғашқы қарлығаштарын» – қос дипломды бағдарламалардың төртінші курсының 29 студентін АҚШ-тың Туксон қаласындағы Аризона университетінің негізгі кампусына оқуға жіберді. Келесі жылы бұл студенттер Қазақстанға оралып, екі диплом алып, өз мансабын құра бастайды.
Өнеркәсіптік серіктестердің университеттермен бірге келуі де маңызды. Мысалы, Colorado School of Mines Қазақстанға келерде өзімен бірге Chevron, Rio Tinto және басқа да жаһандық ойыншыларды алып келеді, олар қазірдің өзінде біздің елде ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Шетелдік университеттермен елге тек академиялық стандарттар ғана емес, сонымен қатар бүкіл экожүйелер: стартаптар, венчурлік қорлар, қолданбалы ғылыми жобалар кіреді. Бұл қосымша инвестиция мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Әрине, тәуекел жоқ емес, ең алдымен көші-қон тәуекелі бар. Сатып алу қабілеті төмен елдерден келетін студенттердің бақыланбайтын ағынының алдын алу, бірақ сонымен бірге күшті әрі дарындыларын тарту мақсатында Қазақстан үшін визалық режимді дұрыс құрылымдау маңызды. Қазіргі уақытта біз студенттік визаның форматын өзгертуге қатысты жұмыс істеп жатырмыз; ол Дубайдағыдай оқудың бүкіл кезеңіне шығарылуы керек, сонымен қатар стартап немесе танымал компания құрса, дарынды студенттерге елде қалуға мүмкіндік беру керек.
Шетелдік филиалдар отандық университеттерді алмастырмайды, керісінше олардың серіктесі және жаңа сапаға трамплин болады. Бұл – бүкіл жоғары білім беру жүйесін ұзақ мерзімді трансформациялау құралы.
Шетелдік серіктес ЖОО-ны, базалық ЖОО-ны және филиал үшін өңірді таңдауда біз бірнеше қағидатты басшылыққа аламыз. Ең алдымен өңірдің экономикасы мен сұранысына сәйкестігін қараймыз. Әрбір серіктестік нақты салалар мен өңірлік басымдықтар үшін таңдалады. Мысалы, Colorado School of Mines тау-кен өнеркәсібі шоғырланған Жезқазған қаласында бағдарламалар ашады, ал Grenoble INP атом саласын дамыту аясында Satbayev University-де ядролық бағыттарды іске қосады. Жоғары оқу орындарының өзі ұсыныс жасайды. Кейбір жағдайларда Мемлекет басшысы шешім қабылдайды. Бұл ретте кадрлар қажеттілігінің өңірлік карталары ескеріледі. «Жаңа мамандықтар атластары» аясында әр өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне талдау жүргізілуде. Соның негізінде әкімдіктермен бірлесіп салалық басымдықтар анықталып, салалардың бағыттары қалыптастырылады.
Осылайша, шетелдік университеттер өңірлік даму стратегиясына кіріктіріліп, жай ғана білім беру алаңы емес, экономикалық өсудің толыққанды нүктесіне айналды.
– Әлем: Euronews, Times Higher Education... Қазақстанның жоғары білімі туралы айтып жатыр. Жобаның осы сектордағы маркетингі мен имидждік жұмысы туралы сөйлесейікші.
– Иә, біздің белсенділіктің арқасында Қазақстанда жоғары білім беру саласында жүйелі әрі дұрыс жұмыстың қалыптасып келе жатқанын түсінетіндер көбейіп келеді. Бірақ бізде әлі де елеулі олқылықтар бар. Мысалы, көптеген университеттер маркетингпен айналысуды мүлде білмейді.
Білім беру маркетингі – өзіндік терминологиясы мен стратегиялары, market penetration, нарықты бағалау көрсеткіштері, сатып алу қабілеті бар, оқудың оңтайлы құнын анықтайтын, жәрмеңкелер ұйымдастыратын, рекрутингтік агенттіктермен жұмыс істейтін тұтас индустрия. Бізге мұны әлі де үйренуге тура келеді.
Бүгінде көптеген өңірлік университеттер өз брендтерін жаңарта бастады. Біз ЖОО атауларына үйреніп қалдық, бірақ шетелдік серіктестер олардың маркетингке өте ыңғайсыз, тіпті айтуы қиын екенін байқай бастады. Сондықтан университеттер нақтырақ және танымал атауларды іздеуге кірісті: Yessenov University, Zhubanov University, Shakarim University және т.б. Бұл стратегияның бір бөлігі – нақты сәйкестікті қалыптастыру. Ғаламдық ЖОО-лардың мысалдары – Harvard, Stanford – бренд тарихи сабақтастығын сақтай отырып, қысқа және танымал болуы керек екенін көрсетеді.

Жаңа буын студенттерінің ықпалын бөлек атап өткен жөн. Егер біз, мыңжылдықтар, көбінесе университетті жүрегімізбен немесе кеңеспен таңдаған болсақ, онда Z ұрпағы және әсіресе альфа ұрпақ оған прагматикалық тұрғыдан қарайды. Олар үшін жайлылық пен кеңістік маңызды. Мысалы, Narxoz University-ді алайық, оның интерьері, ландшафтық дизайны, жатақханалары толығымен жаңартылған. Қазіргі заманғы студенттер көздерімен таңдайды, дизайн, атмосфера және инфрақұрылым олар үшін маңызды.
Сондықтан инфрақұрылым стратегиялық факторға айналып отыр. Әлемдік университеттер бірегей кампустар мен жатақханалар құру үшін атақты сәулетшілерді («starchitects») тартады. Мысал ретінде Принстон университетін келтіруге болады, онда кампус XVIII ғасырдан бері брендтің бір бөлігі болды. Қазақстандық ЖОО-лар да студенттерді тарту үшін жұмыс істейтін танымал архитектуралық бейнелерді жасауы керек.
Бірақ мұның бәрі алға жылжытусыз тиімді болмайды, сәйкесінше еш нәтиже бермейді. «Study in Kazakhstan» кешенді маркетингтік стратегиясы маңызды. Мұнда «Өзіңді мақтамасаң, ешкім мақтамайды» деген қағида жұмыс істейді. Біз Қазақстанның мүмкіндіктері туралы ел ішінде де, шетелде де белсенді және жүйелі түрде айтуымыз керек. Биыл Қазақстан өзінің ұлттық павильонын Лондонда өткен Bett Show ең ірі білім беру көрмесінде алғаш рет көрсетті. Кейін Әзірбайжанда, Пәкістанда, Қытайда көрмелер өтті. Ендігі жоспар – Моңғолия, Үндістан, Индонезия, Вьетнам, Марокко және т.б. елдерде көрме өткізу.
Стратегиялық серіктестер форумын өткізу – маңызды элемент. Келесі раунд осы жылдың 17 қазанына жоспарланған. Форумға жетекші шетелдік университеттердің басшылары, халықаралық рейтингтік агенттіктердің өкілдері, жаһандық білім беру және технологиялық корпорациялардың топ-менеджерлері қатысады.
Бұл мемлекет, академиялық қауымдастық және жаһандық серіктестер арасындағы «сағаттарды салыстыруға» арналған алаң, онда ғылым мен жоғары білімді дамыту жөніндегі бірлескен шешімдер әзірленеді.
Ақырында, тағы бір құрамдас – әлемде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан рекрутингтік агенттіктердің экожүйесін қалыптастыру. Университеттер агрессивті маркетингпен тікелей айналыспайды; олар үшін мұны мамандандырылған компаниялар жасайды. Жоғары оқу орындарының төңірегінде студенттерді іздеп, оқуға түсуге көмектесетін агенттіктер желісі құрылады. Қазақстан да осындай экожүйені дамытуы керек шығар, өйткені өзінің университеттік маркетингін үйрену үшін жылдар қажет болады.
Осылайша, «Study in Kazakhstan»-ды ілгерілету – тек кампустар мен бағдарламалар ғана емес, сонымен қатар кәсіби маркетинг, жаңа университет брендтері, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым, халықаралық көрмелер мен форумдарға жүйелі қатысу. Осының барлығы бірте-бірте қазақстандық жоғары білімнің жаңа бейнесін қалыптастырады.
– Еліміздегі ең күштілер ретінде дайындықтың қай саласын алға жылжытамыз?
– «Study in Kazakhstan» тұжырымдамасы Қазақстанды шетелдік студенттер үшін жоғары білімнің тартымды орталығына айналдыруға бағытталған.
Әлемдік нарықта бәсекеге түсу үшін біз өзіміздің ішкі нарықта және бүкіл әлемде сұранысқа ие мамандықтарға назар аударамыз.
Ең алдымен, бұл ақпараттық технологиялар: бағдарламалау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, деректерді талдау. Қазақстан цифрлық экономиканы белсенді түрде дамытып жатыр және бұл жерде біз жоғары сапалы білім беру бағдарламаларын ұсына аламыз.
Екінші бағыт – инженерлік-техникалық мамандықтар: энергетика, машина жасау, мұнай-газ саласы. Бұл ел экономикасының негізгі бағыттары, бізде нақты индустриялық әлеует бар.
Үшіншісі – медицина және биотехнология, әсіресе фармацевтиканың дамуы және медициналық кадрларға деген әлемдік сұраныс жағдайында бұл өте қажет.
Сондай-ақ экология және жасыл технологиялар, халықаралық бизнес және логистика, туризм және сервис, сондай-ақ педагогика және STEM-оқытушыларды даярлау басым бағыттар болып табылады.
Қазақстанның азаматтық авиация және ұшқышсыз ұшу жүйелерінің жаңа қарқынды дамып келе жатқан технологиялық саласы үшін кадрларды даярлау саласында да әлеует бар.
Бұл салаларды дамыту шетелдік университеттердің филиалдарын ашумен байланысты екенін айта кеткен жөн. Бұл кадрлар даярлаудағы озық әлемдік тәжірибені таратуға және сонымен бірге күшті ішкі ғылыми-білім беру әлеуетін қалыптастыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
– Сіз ЖИ дамыту саласындағы процестерді өте терең түсіндіңіз. Бұл жерде біздің білім беру кейстеріміздің қайсысын атап өтуге болады?
– Жасанды интеллект саласында біз шынымен серпіліс жасап жатырмыз. Шетелдік жетекші университеттермен белсенді ынтымақтастық орнатудамыз. СеулТех, Кардифф университеті, Ковентри қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Кардиффте профессор Гейвин Шадик осы саланың дамуына жауапты. Ол жасанды интеллект саласындағы Ұлыбританияның ең мықты сарапшыларының бірі. Ол Корольдік метеорологиялық қызметте ЖИ бөлімін басқарды, Ұлыбританиядағы ЖИ бойынша негізгі зерттеу орталығы Тюринг институтының директоры болды. Енді ол Қазақстанда толыққанды жасанды интеллект бағдарламасын іске қосуда, оны қыркүйек айында Астанада іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл серіктестеріміздің байыпты және жауапкершілікті көзқарасының көрсеткіші.
Біз әлемдегі алғашқылардың бірі болып жасанды интеллекті барлық студенттерге міндетті етіп енгіздік.
«AI-Sana» бағдарламасы ақпан айында басталып, бес айдың ішінде 650 мыңнан астам студенттің 360 мыңнан астамы сертификатқа ие болды. Сонымен қатар, студенттер күтпеген жерден жоғары нәтиже көрсетті: тек осы қысқа мерзімде олар 119 AI-агентін жасап шығарды, тағы 400-ге жуық құрал жасалып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін бізде экономикада сұранысқа ие 500-ге жуық нақты цифрлық шешім болады. Бұл жоспарланғаннан 10 есе көп. Бұл нәтиже жастардың дұрыс құралдармен практикалық жұмысқа бірден араласатынын көрсетті.

Жақында Мемлекет басшысы жаңа суперкомпьютер – ұлттық есептеу кластерін ашты. Ол стартаптар мен ғылыми жобаларды дамытуға негіз болады. Бірақ бұл бүкіл экожүйенің негізгі «отыны» практикалық дағдылары бар командаларды дайындайтын студенттер мен университеттер. Сондықтан біз оқытудың кәсіпкерлік және қолданбалы форматын басты басымдықтарымыздың біріне айналдырамыз.
Тағы бір сала қауіпсіздікпен байланысты. Әлем өзгеруде және киберқылмыс дәстүрлі құқық бұзушылықтарға қарағанда әлдеқайда көп зиян келтіруде. Бүгінде алаяқтар бетперде киіп қарумен емес, цифрлық схемалар арқылы әрекет етеді. Сондықтан
біз Қазақстанға алғашқы үнді университетінің – Ұлттық криминалистика университетінің (Forensic Sciences University) келуі туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл киберқылмыс, киберкриминалистика және киберқауіпсіздікке маманданған элиталық жоғары оқу орны
Оның сараптамасы еліміз үшін өте маңызды, өйткені бұл саладағы өз құзыреттеріміз әлі жеткіліксіз. Жақында олардың делегациясы Астана мен Алматыда болды, біз ІІМ Академиясы негізінде бірлескен бағдарламаларды іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Осылайша, біз бірнеше траектория: шетелден жетекші сарапшыларды тарту, ұлттық білім беру бағдарламаларын құру, инфрақұрылымға инвестиция салу және Қазақстанның әлі өз құзыреті жоқ тауашаларды жабу сияқты траектория бойынша жүріп жатырмыз. Осының барлығы ЖИ-ді жай сөз емес, экономика мен қоғамды дамытудың нақты құралына айналдырады.
– Сіз қалай ойлайсыз, мүмкін «Study in Kazakhstan» тұжырымдамасының ең басты ілгерілеуі дипломдарымыздың әлемдік деңгейде танылуы болар?
– Дұрыс айтасыз. Біз Қазақстанда жұмыс істейтін жоғары оқу орындары беретін дипломдардың globally employable – дүниежүзілік жұмысқа жарамды болуын қамтамасыз етуіміз керек, яғни әлемдік деңгейде мойындалуы керек. Осы мақсатта еліміз біліктілікті өзара тану туралы халықаралық конвенциялар мен келісімдерге қосылады.
Бүгінде Қазақстан Болон процесінің қатысушысы болып табылады.
Сонымен қатар, тарихта алғаш рет Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы біліктіліктерді өзара тану туралы Токио конвенциясын ратификациялауға бастамашы болдық. Ол ASEAN елдерін, Қытай, Жапония, Корея, Австралия және басқа мемлекеттерді қамтиды.
Құжат қазірдің өзінде Парламентке жолданды, жыл соңына дейін Қазақстан толыққанды қатысушыға айналады деп күтудеміз. Бұл біздің түлектердің дипломдары Еуропада Болон процесі жүріп жатқандай Азия мен Океанияның негізгі елдерінде ресми түрде мойындалатынын білдіреді.
Солтүстік және Оңтүстік Американың өңірлік конвенцияларына қосылу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Сонда қазақстандық дипломды іс жүзінде бүкіл әлем мойындайды. Шетелдік студенттер үшін бұл маңызды дәлел – біздің елде оқи жүріп олар әлемдік нарықта мансаптық перспективаларды ашатын білім алады.

Бірақ екінші маңызды аспект бар – білім беру бағдарламаларын сертификаттау және аккредиттеу. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда кәсіби біліктілік туралы заң қабылданған болатын, бірақ ол әлі толық күшіне енген жоқ. Біздің міндетіміз – қазақстандық біліктіліктің мүмкіндігінше халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету.
Мысалы, бүкіл әлемде қаржы секторында ACCA, CPA, CFA сертификаттары танылады. Бүгінде оларды Қазақстанда тапсыру өте қиын, өйткені бізде тиісті институттардың өкілдіктері жоқ – ең жақын орталықтар, мысалы, Мәскеуде..
Біздің мақсатымыз – бұл академияларды Қазақстанға тарту, сонда студенттер жергілікті университеттердің бағдарламаларын аяқтаған соң халықаралық сертификаттарды осы жерден ала алады. Бұл Қазақстанның білім беру хабы ретіндегі тартымдылығын күрт арттырады.
Нәтижесінде, оқу орнын таңдаған жас үміткер үшін Қазақстан Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия немесе Швейцарияға нағыз балама бола алады. Мұнда ол бірлескен бағдарламалар мен филиалдар аясында британдық, америкалық, кәріс, қытай, түрік, неміс, француз немесе итальяндық білім ала алады; оның дипломы халықаралық конвенциялардың арқасында дүние жүзінде танылатын болады; ол қосымша CFA немесе ACCA сертификаттауынан өте алады, оңай виза ала алады, жұмыс істеу үшін қала алады немесе үлкен және ресурстық елде бизнес аша алады.
Бұл жерде тағы да маркетингтік стратегия маңызды. Біз осы артықшылықтардың барлығын дұрыс жинақтап, халықаралық аудиторияға жеткізуіміз керек. Бұл тек министрліктің ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды бәсекеге қабілетті білім беру хабы ретінде танытуға көмектесетін барлық БАҚ-тың, білім беру саласындағы серіктестер мен сарапшылардың міндеті.
– ЖОО-ның имиджіне оған оқуға түсетін студенттер де кіреді. Біз мәлімделген сапаға сәйкес келетін оқуға түсушілердің деңгейін қамтамасыз етуге дайынбыз ба?
– Ол үшін біз ҰБТ жүйесін қайта қарауымыз керек. Ол қазірдің өзінде маңызды рөл атқарды – сыбайлас жемқорлықты азайтты, ашықтықты арттырды. Бірақ бүгінгі таңда бұл жеткіліксіз. Бізге ағылшын-саксондық жүйеден келетін күшті шетелдік университеттер ҰБТ-ның негізгі іріктеу құралы бола алмайтындығын тікелей айтады. Оны факторлардың бірі ретінде ескеруге болады, бірақ бізге өз стандарттарымыз қажет.

ҰБТ талапкердің жоғары сапасына кепілдік бермейді. Satbayev University нәтижесінде, мысалы, бір жылы студенттердің өте күшті ағынын алады, ал екінші жылы ресми ұпайлары жоғары болғанымен, әлдеқайда әлсіз студенттер ағыны келеді. Бірақ олар әрдайым ЖОО-ның талаптарына сәйкес келе бермейді. Бұл басты мәселе – «оқуға түсер кездегі» сапа тұрақтылығының болмауы.
Сонымен қатар,
Гарвардтың немесе кез келген басқа жетекші университеттің табысты болуының құпиясы – олар он жылдан астам уақыт бойы іріктеудің қатаң сүзгісін сақтап келеді. Үздік студенттер жылдан жылға оқуды бітірердің алдында тұрақты жоғары сапаны қалыптастырады.
Бұл өндірістегідей – егер шикізат бастапқыда әлсіз болса, ешқандай заманауи станоктар керемет нәтижеге қол жеткізуге көмектеспейді. Егер оқуға түсушілер үздіктердің үздігі, ал университеттің ішінде академиялық процестер қалыптастырылған болса, түлектер бітіретін кезде әлемдік беделге айналатын сапа стандарты қалыптасады.
Әр ЖОО-ның өз миссиясының бар екендігі де маңызды. Мысалы, Гарвард көшбасшыларды, қоғам қайраткерлерін, сенаторларды, MIT кәсіпкерлік ақыл-ой жүйесі бар инженерлерді дайындайды. Яғни, әр университет өзінің студентінің кім екенін нақты түсінеді. Бізде мұндай сүзгі әлі жұмыс істемейді. Күшті университеттер ҰБТ мен қабылдау толқынының кепілі болып қала береді – бір жыл – керемет қабылдау, екінші жыл – нашар қабылдау.
Сондықтан біз орталықсыздандыруға көшуіміз керек. Біз SAT-қа ұқсас модельді енгізу туралы айтып отырмыз, онда талапкердің өзі ыңғайлы уақыт пен тестілеу орталығын таңдап, технологияның бақылауымен емтихан тапсырады, сертификат алады және онымен бірге құжаттарды тапсырады. Бұл университеттерге өздерінің миссиялары мен міндеттеріне сүйене отырып, бейіндік контингентті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанда Айви Лигасының британдық баламасы – Рассел тобынан университет кампустары ашылуда: Cardiff University, Queen’s University Belfast, University of Exeter – олардың оқуға түсер кездегі сүзгісі өте қатаң.
Мұның бәрі – Қазақстанда білім беру орталығы ретінде еліміздің берік имиджін қалыптастыра отырып, тұрақты жоғары сапалы кадрлар даярлайтын жаңа деңгейдегі университеттер желісінің пайда болуы үшін жасалған қадамдар.
– Маркетинг тақырыбын жалғастырсақ, шетелде филиалдарымызды ашу да қазақстандық білім беруді ілгерілетудің жақсы әдісі ме?
– Әрине. Бүгінде шетелде қазақстандық жоғары оқу орындарының бес филиалы бар және бұл өте маңызды қадам. Өкініштісі сол, мұндай жобалардың маңыздылығы өте зор болғанымен, адамдар бұл туралы өте аз біледі.

Негізгі мысалдарды атап өтейін.
– Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ош мемлекеттік университетіндегі (Қырғызстан) филиалы 2022 жылы жұмысын бастады. Мұнда бакалавриат пен магистратураның 6 бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылады, қазіргі уақытта 85 студент білім алуда.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкектегі (Қырғызстан) филиалы да 2022 жылы ашылды. Бүгінде ол жерде «Биомедицина», «Компьютерлік инженерия» және «Білім берудегі менеджмент» магистрі сияқты он бағдарлама бойынша 774 студент білім алуда.
– М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Шыршық қаласындағы (Өзбекстан) филиалы Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшыларының қатысуымен 2024 жылдың тамыз айында ресми түрде ашылды. Қазіргі уақытта «Биотехнология», «Ақпараттық жүйелер», «Автоматтандыру және басқару», «Көлік және көлік техникасы» және т.б. он бакалавриат бағдарламасы бойынша 350-ден астам студент білім алуда.
– Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Осмия Тәжікстан мемлекеттік университетіндегі (Тәжікстан) біріккен ақпараттық технологиялар факультеті 2023 жылы ашылды. Алғашқы 20 студент оқуын бастады. Олар Душанбеде екі курстан өтеді, содан кейін Астанаға көшіп, ЕҰУ-де бағдарламаны аяқтайды. Оқуды аяқтаған соң олар ЕҰУ-дің дипломын алады.
– Елбасы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Омбы қаласында (Ресей) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы ашылды. Бұл өз алдына тарихи маңызы бар шетелдік университеттің Ресейдегі бірінші филиалы. Қабылдау науқаны жүріп жатыр, бірінші оқу жылы қыркүйекте басталады. Халықаралық құқық, қазақ филологиясы және кеден ісі бойынша бағдарламалар жоспарлануда.
Бұл жобалардың маңызды имидждік мен стратегиялық маңызы бар.
Бір жағынан, біз білім беру қызметтерін экспорттап, қазақстандық университеттердің жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті екенін көрсетеміз. Екінші жағынан, бұл мәдени дипломатияның арнасы; білім беру арқылы біз басқа елдермен достық байланыстарды нығайтып, Қазақстанның серіктестері мен қолдаушыларының жаңа буынын қалыптастырамыз.
Сонымен қатар, филиалдар – тек оқыту ғана емес, сонымен қатар бірлескен ғылыми жобалар. Олар бізге зерттеулерді локализациялауға, кадрлармен алмасуға және халықаралық академиялық қоғамдастыққа интеграциялануға мүмкіндік береді.
Шетелде филиалдар ашу Қазақстанның зияткерлік және инновациялық хаб ретіндегі беделін нығайтады әрі аймақта және одан тыс жерлерде ықпалымызды кеңейтеді.
– Сіз біздің жоғары мектебіміздің тарихына оның әдеттегі келбетін өзгертіп, Қазақстанға үздік жоғарғы оқу орындарын тартқан министр ретінде нық кіресіз. Бұл жоба сіз үшін нені білдіреді?
– Мен үшін бұл жай ғана жоба емес, бұл жеке миссия. Бүгінде Президент ел үшін көліктік, технологиялық, білім беру «қауіпсіздік шеңберлерін» құруда. Оның көзқарасы мені шабыттандырды: егер сіз министр болсаңыз, жауапкершілікті өз мойныңызға алуға және нәтижеге кепілдік беруге міндеттісіз. Сондықтан да мен барлық мүмкіндіктерім мен күш-жігерімді жаңа серіктестіктер құруға және жоғары білімімізді түбегейлі басқа деңгейге көтеруге бағыттауды өзімнің парызым деп санадым.
Қазіргі әлем өте тұрақсыз. Халықаралық құқық күн сайын бұзылады, ал нақты саясат күштің қатаң заңдары бойынша әрекет етеді. Сондықтан
қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдары мен серіктестік желісін құруды тек білім беру бастамасы ғана емес, ұлттық қауіпсіздік факторы деп санаймын.
Елестетіп көріңізші, жыл сайын елімізде алдыңғы қатарлы елдерден 150 мың студент білім алады. Балалары осында оқиды, күйеулері мен әйелдері осында жұмыс істейді, профессорлар сабақ береді. Кез келген дағдарыс жағдайында бұл елдердің үкіметтері Қазақстанның тағдырына бей-жай қарай алмайды. Бұл қосымша қауіпсіздік жастықшасын жасайды.
Сонымен қатар ұзақ мерзімді перспектива – жұмсақ күш те бар. Жақында біз Пәкістанда қазақстандық ЖОО түлектерінің қауымдастығын аштық. Оны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD-бағдарламасының түлегі, қазір Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылымдар және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі, профессор Мұхаммед Икбал Чоудхари басқарды. Мұндай адамдар біздің табиғи амбассадорларға айналады. Ертең осындай қауымдастықтар басқа елдерде пайда болып, біздің мыңдаған түлегіміз Қазақстанның әлемдегі оң имиджін қалыптастыратын болады.

Бұл әлеуметтік капиталға салынған инвестиция. Британдық дәстүрде old boys network ұғымы – содан кейін олар саясат пен бизнесті анықтайтын Итон немесе Оксфорд түлектерінің элиталық байланыстары бар. Біз өзіміздің халықаралық желімізді қалыптастырамыз. Пәкістаннан, Қытайдан, Түркиядан, Ресейден келген түлектер үйлеріне Қазақстанға деген құрметпен, жеке байланыстарымен оралады. Алдағы жылдарда бұл біздің дипломаттар мен бизнесмендерге үлкен артықшылық беретін болады.
Әрине, мұның бәрі оңай емес. Министрліктегі үш жыл – бұл ұйқысыз, демалыссыз жұмыс, ресурстар үшін үнемі күрес, бюрократияны жеңу. Бірақ мен бұл жолды саналы түрде таңдадым, бизнеспен айналысып, жеке табыс табуға болатын еді, бірақ еліміздің жалпы бай, тұрақты және күшті мемлекет болуы үшін Қазақстанда өте көп бай әрі табысты адамдардың болғаны әлдеқайда маңызды.
Сондықтан мен үшін «Study in Kazakhstan» – бұл білім беруді интернационалдандыру бағдарламасы ғана емес. Бұл үлкен стратегияның, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың, жұмсақ күшті қалыптастырудың және болашақ ұрпақ үшін берік интеллектуалды және әлеуметтік капиталды құрудың элементі.
Әңгімелескен
Александр ПЕТРУХИН
АННОТАЦИЯ
Министр науки и высшего образования РК Саясат Нурбек рассказывает о руководимой им программе «Study in Kazakhstan», в ходе которой осуществляются важные и решительные шаги по интеграции науки и высшего образования Казахстана в мировое пространство, включащие не только открытие кампусов зарубежных вузов и двудипломных программ, но и профессиональный маркетинг, работу над брендами университетов, инфраструктуру мирового уровня, постоянное участие в международных выставках и форумах. Всё это постепенно формирует новый имидж казахстанского высшего образования.
Comments