top of page

Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды қалай сақтап, оны өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына қалай дарытуға болады? Балалардың бойында үздік адамгершілік қасиеттерді дамытуға не негіз бола алады? Бұған халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәрбие тәжірибесі негіз болуы тиіс. Балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеу процесінде этнопедагогика элементтерін пайдалану бүгінгі күні бала тұлғасын қалыптастырудың тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады.


Этнопедагогика – бұл белгілі бір халықтың дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына, ауыз әдебиетіне, ұлттық ойындары мен дүниетанымына негізделген және баланың рухани-адамгершілік дамуына, оның ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесі.

Балабақшада этнопедагогика элементтерін тиімді қолдану үшін тәрбиеші шығармашылықпен жұмыс істеуі керек. Балалардың қызығушылығын арттыра отырып, әрбір ұйымдастырылған қызметке ұлттық мазмұнды кіріктіру маңызды. Мектепке дейінгі ұйымдарда этнопедагогика элементтерін қолдану тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

5–6 жастағы балалар қоршаған ортаны белсенді түрде танып, еліктеу арқылы үйренеді. Сондықтан олар үшін көрнекілік, ойын, баяндау және театраландыру сияқты әдістер өте тиімді. Бұл тұрғыда фольклор үлгілерін пайдалану ерекше орын алады.

Мысалы, ертегілер арқылы бала жақсылық пен жамандықты ажыратуды үйренеді және адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіреді. Жаңылтпаштар дыбыстарды дұрыс айтуға үйретіп, тілдік дағдыларды қалыптастырады. Жұмбақтар баланың логикалық ойлауын дамытып, қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді. Ертегілер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар мен жұмбақтар балалардың тілін дамытады, сөздік қорын байытады, ойлауын, қиялын және есте сақтау қабілетін жетілдіреді. Бастапқыда кейбір балалар өз ойын толық білдіре алмай, сөздерді анық айтуда қиналады.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде сөйлеу мәдениеті артады: балалар анық сөйлеуге дағдыланады, мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп, жауапты тұжырымдай алады.

Карапайым математика негіздері сабағында мен де ұлттық мазмұндағы тапсырмаларды қолданамын. Мысалы, «Теңге ілу» ойынында мен оларға санау, салыстыру және жылдам ойлау бойынша тапсырмалар ұсынамын. Балалар бұл ойынды қызығушылықпен қабылдайды, сандарды тез ажыратуды және тапқырлық танытуды, тапсырмаларды өзіндік әрі қатесіз орындауды үйренеді.


Жанар Оспанова. Д/с 14 "Акбопе" г. Астана. Этнопедагогика в детском саду

Қоршаған ортамен танысу сабақтарында мен балаларды қазақ халқының тұрмыстық заттарымен таныстырамын: киіз үй, домбыра, бесік, әшекей бұйымдардың түрлері туралы айтып, олардың суреттерін көрсетемін. Нәтижесінде балалар ұлттық бұйымдарды танып, атап бере алады. Бұдан бөлек, ата-аналардың да қызығушылығы артты: олар үйден қосымша ақпарат әкеліп, бірлескен жұмысқа қатысады.

Тәрбие жұмысы барысында мен балаларды «Тұсау кесу», «Бесікке салу», «Шашу» сияқты дәстүрлерге сахналық қойылымдар түрінде енгізіп, әрқайсысына өз рөлін беремін. Мұндай форматта адамгершілік қағидалары өте жақсы меңгеріледі: үлкендерді сыйлау, отбасына деген сүйіспеншілік, құрмет пен әдептілік таныту. Бұрын ұяң болған балалар мұндай шаралардан кейін өздеріне сенімділік ұялата бастайды.

Этнопедагогиканың тағы бір маңызды элементі – ұлттық ойындар. Қазақша ұлттық ойындар балаларды ептілікке, шапшаңдыққа және ауызбіршілікке тәрбиелейді. Сонымен қатар, бұл ойындарда балалар бір-бірімен өзара әрекеттесіп, әлеуметтік дағдыларын дамытады. Мысалы, «Сақина салу», «Ақ серек, көк серек», «Арқан тарту» сияқты ойындар балалардың белсенділігін арттырып, олардың әрекетке деген қызығушылығын оятады.

Ойын барысында бала ережелерді сақтауды, өз кезегін күтуді және қатарластарымен тіл табысуды үйренеді. Бұл оның тұлғалық дамуына оң әсер етеді.

Балабақша тәжірибесінде дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды пайдалану маңызды рөл атқарады. Ұлттық дәстүрлерді театраландыру және оларды мерекелік шаралар арқылы көрсету балалардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырады. Мысалы, ұйымдастырылған оқу қызметі барысында «тұсау кесу», «бата беру», «шашу шашу» сияқты дәстүрлерді қолдану балалардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырады. Олар үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу және әдептілік сияқты адамгершілік қасиеттерді меңгереді.


Жанар Оспанова. Д/с 14 "Акбопе" г. Астана. Этнопедагогика в детском саду

Этнопедагогика баланың қоршаған ортаны тануына ықпал етеді. Табиғат құбылыстарын халықтық таным негізінде түсіндіру балалардың өрісін кеңейтеді. Тәрбиеші жыл мезгілдері туралы халықтық ұғымдарды қарапайым тілмен жеткізе отырып, баланы қоршаған ортаны түсінуге және оны қорғауға үйретеді. Көктемгі жаңаруды, құстардың қайта оралуын және өсімдіктердің өсуін бақылау балаларда табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.

Этнопедагогиканы қолдану тәжірибеде тамаша нәтижелер береді. Балалар ұлттық құндылықтарды тереңірек құрметтей бастайды, олардың тілі, ойлауы мен шығармашылық қабілеттері белсенді дамиды. Бұдан бөлек, этнопедагогика эмоционалдық күйге өте жақсы әсер етеді: балалар өзін еркін ұстап, ашыла түседі және белсенді қатысуға өздері ұмтылады. Ұлттық ойындар мен ертегілер оқыту процесін жеңіл әрі қызықты етеді.

Қазіргі білім беру жүйесінде этнопедагогиканы инновациялық технологиялармен ұштастыру маңызды. Интерактивті тақталарды, аудио және бейнематериалдарды, ұлттық мазмұндағы материалдарды презентациялауға арналған мультимедиялық құралдарды пайдалану балалардың қызығушылығын арттырады. Жасанды интеллектіні қолдана отырып, ұлттық сипаттағы тапсырмаларды ойын түрінде ұсынуға болады, е: дыбыстарды тану, суреттерді салыстыру, әңгіме құрастыру. Бұл әдістер балаларға ақпаратты тез қабылдауға және есте сақтауға мүмкіндік береді.

Ата-аналармен бірлескен жұмыс тиімді нәтиже береді. Ұлттық тәрбиені үйде жалғастыра отырып, бала алған білімін бекітеді. Ұлттық мерекелерді тойлау және дәстүрлерді көрсету арқылыпада туған мәдениетке деген құрмет қалыптасады.


Жанар Оспанова. Д/с 14 "Акбопе" г. Астана. Этнопедагогика в детском саду

Халықтық педагогика – сарқылмас тәрбие бастауы. Оны тиімді пайдалана отырып, біз болашақ ұрпақты рухани бай әрі жоғары адамгершілікті етіп тәрбиелей аламыз. Балабақшадағы оқыту мен тәрбиелеу процесінде этнопедагогика элементтерін пайдалану ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырады.

Этнопедагогиканы заманауи білім беру жүйесімен үндестікте қолдану – заман талабы және маңызды бағыттардың бірі.


Жанар ОСПАНОВА,

Астана қаласы № 14 «Ақбөпе» балабақшасының

тәрбиешісі, педагог-модератор


АННОТАЦИЯ

В статье рассматривается важность использования элементов этнопедагогики в дошкольных организациях образования. Анализируются пути формирования духовно-нравственных качеств детей через внедрение национальных ценностей и традиций казахского народа в воспитательный процесс. Кроме того, описывается влияние этнопедагогики на развитие речи ребенка, познание им окружающего мира и его социальную адаптацию.



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page