top of page

Жаңартылған ҰБТ туралы білгіңіз келгеннің бәрі

«Замануи білім беру» журналы редакциясы мен bilim.expert

порталының эксклюзивті материалы


Жаңартылған ҰБТ туралы білгіңіз келгеннің бәрі

ҰБТ-ның болашағы мен жаңа Admissions Insight Test (AIT) форматы үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр, редакцияға талапкерлер мен олардың ата-аналарынан көптеген сұрақтар келіп түсуде. Жаңа емтиханнан не күтуге болады? Оның ашықтығы мен қатал түрде қорғалуы қалай қамтамасыз етілмек? Пәндік қамту аясы қандай болмақ және AIT шетелдік жоғары оқу орындарының есігін ашатыны рас па? AIT әзірлеу жұмыстары тестілеу саласындағы ғылыми зерттеулер, білім беруді бағалау және тестілеу бағытында 1947 жылдан бері маманданған, әлемдегі ең ірі жеке коммерциялық емес ұйым – Educational Testing Service (ETS) компаниясымен бірлесіп жүргізіліп жатыр, ал пилоттық сынақтар 2027 жылдың көктемінде басталады.

Барлық нюанстарды түсіну, AIT-тің нақты әлеуетін бағалау және ең көкейкесті сұрақтарға жауап алу үшін біз Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат НҰРБЕККЕ тікелей жүгіндік.


– Саясат Нұрбекұлы, біздің алғашқы сұрағымыз – елді тестілеу форматын өзгертуге не итермеледі? Оның өзектілігі неге негізделген және мәні неде? AIT білімді тексерумен қатар ойлау қабілетін де бағалай ма, әлде талдау және ойлау қабілетін анықтауға көбірек бағытталған ба?


– Жаңа форматқа көшу жай ғана бір емтиханды екіншісімен алмастыру ұмтылысынан туындаған жоқ. Бірыңғай ұлттық тестілеу өз уақытында өте маңызды міндетті шешті: университеттерге түсуді анағұрлым ашық, бірыңғай және қолжетімді етті. Көптеген жастар, әсіресе өңірлерден келгендер үшін ҰБТ шынайы әлеуметтік лифтіге айналды. Сондықтан біз қолданыстағы жүйенің мықты тұстарынан бас тартпаймыз, керісінше, соларға сүйеніп, бағалау моделін әрі қарай дамытамыз.

Жоғары білім студенттен тек фактілерді, ережелер мен формулаларды білуді ғана талап етпейді – академиялық мәтінмен жұмыс істеу, ақпаратты талдау, дәлелдерді салыстыру, себеп-салдарлық байланыстарды көру, стандартты емес есептерді шешу және өз ұстанымын негізделген түрде тұжырымдау қабілеті де маңызды. Сондықтан академиялық дайындық ұғымын түсіну қайта пайымдау кезеңіне келді.

Бұл ретте жаңа формат пәндік дайындықты тексеруден бас тартпайды. Берік мазмұндық базасыз сыни тұрғыдан ойлау да, аналитикалық пайымдау да мүмкін емес. Болашақ модель мектеп пәндері бойынша бейіндік тестілер сақталатын және бір мезгілде әмбебап дағдыларды бағалайтын модульдер қосылатын модульдік жүйе ретінде құрылады. Әңгіме сыни тұрғыдан ойлау, академиялық жазылым және зерттеу дағдылары, коммуникация, цифрлық және ЖИ-сауаттылық, сондай-ақ креативтілік туралы болып отыр. Бұл модульдердің түпкілікті құрамы мен параметрлері пилоттаудан кейін бекітіледі.

Білім мен ойлауды бір-біріне қарсы қою дұрыс болмас еді. Мақсат – түлектің не білетінін де, сол білімді қалай қолдана алатынын да бағалау.

Ережені жаттап алуға болады, бірақ жаңа есепті шешу кезінде оны қолдана алмауы мүмкін. Ақпарат көлемін мол меңгеруге болады, бірақ дереккөзді талдауда немесе дәлел келтіруде қиындықтар туындауы мүмкін. Жаңа формат бұл айырмашылықты көруге мүмкіндік беруге тиіс.



Мұндай өзгерістерді бір сәтте енгізуге болмайды. Жүйе әзірлеу, апробациядан өту, психометрикалық тексеру және Қазақстанның тілдік және білім беру контекстіне бейімделу сатыларынан өтуге тиіс. Сондықтан көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, ал түпкілікті шешімдер пилоттық және далалық сынақтар барысында алынған деректер негізінде қабылданатын болады.

Біздің түпкі мақсатымыз – емтиханды күрделірек ету емес. Ол мазмұны жағынан дәлірек болып, түлектің күрделі бағдарламаларды меңгеруге және дербес академиялық шешімдер қабылдауға дайын екенін анықтауға мүмкіндік беруге тиіс.


– Бір емтихан аясында коммуникацияны немесе креативтілікті сияқты техникалық тұрғыдан қалай өлшеуге болады?


– Техникалық тұрғыдан бұл мүмкін, бірақ алдымен коммуникация немесе креативті ойлау деп нені түсінетінімізді өте нақты анықтап алу қажет. Бағалауда абстрактілі қасиетті тұтастай сенімді түрде өлшеу мүмкін емес. Әрбір дағдыны қатысушы стандартталған жағдайда көрсете алатын нақты байқалатын әрекеттерге бөлу керек.

Академиялық жазылым модулінде кем дегенде бір кеңейтілген эссе және қысқа жазбаша жауабы бар тапсырмалар қарастырылады.

Коммуникация модулінде ауызша тапсырмалар қарастырылады. Қатысушыға бірнеше дереккөзді зерделеу, негізгі ақпаратты бөліп көрсету, ұстанымдарды салыстыру, дәлел тұжырымдау және оны түсінікті, жүйелі түрде және қойылған міндетті ескере отырып ұсыну ұсынылуы мүмкін.

Бұл жағдайда адамның көпшілдігі немесе оның сөйлеген сөзінен қалған жалпы әсер емес, нақты, алдын ала әзірленген критерийлер бағаланады.

Оларға ойдың айқындығы, баяндау логикасы, тұжырымдардың дәлдігі, дәйектеудің сенімділігі және ұсынылған ақпаратты пайдалана білу мен әртүрлі көзқарастарды ескеру қабілеті жатады.

Креативті ойлаумен жағдай күрделірек. Бұл бірнеше шешім ұсыну, ойдың икемділігін көрсету, фактілер арасындағы ерекше байланысты көру немесе бар ақпаратты қолданудың жаңа әдісін табу қабілетін қамтитын кең ұғым. Сондықтан жаппай түсу емтиханы жағдайында тұлғаның жалпы креативтілігін емес, өнімді ойлаудың жеке көріністерін бағалау дұрыс болады. Қатысушыға бірнеше негізделген шешімді қабылдайтын ашық мәселе ұсынылуы мүмкін. Бұл ретте тәсілдердің алуантүрлілігі, ұсынылған идеяның орындылығы және оның дәйектелу сапасы бағаланады.

Біз үшін емтиханға қандай дaғды жаңашыл естілгені үшін ғана қоспау түбегейлі маңызды. AIT міндеті – талапкердің бүкіл тұлғасын бағалау емес, университетте сәтті оқумен шынайы байланысты қабілеттерді сенімді түрде өлшеу.



– Жаңа форматқа көшу қашан жүзеге асырылады және оған дейін қандай сатылардан өту керек? AIT жобасы бойынша ETS-пен үш жылдық ынтымақтастық 2029 жылға дейін жоспарланғаны және қазір кешенді зерттеулердің бірінші кезеңі аяқталғаны белгілі. Осы зерттеулердің қорытындылары қандай және талапкерлер үшін бірінші пилоттық (сынақ) тестілеуді іске қосу қашан жоспарланып отыр?


– Жаңа форматқа көшу бір сәтте болмайды. Біз бір жыл ішінде қолданыстағы ҰБТ-дан бас тартып, оны бірден жаңа модельмен алмастыруды жоспарлап отырған жоқпыз. AIT әзірлеу және апробациялау жұмыстары жалғасып жатқанда, қолданыстағы ҰБТ түсуге арналған негізгі емтихан мәртебесін сақтайды.

Жоба үш жылға есептелген. 2026 жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында қолданыстағы ҰБТ-ға кешенді техникалық талдау жасалды. Сонымен қатар халықаралық салыстырмалы зерттеу жүргізіліп, оның барысында ҰБТ ACT, PISA, TIMSS және жекелеген AP (Advanced Placement – жоғары күрделіліктегі пәндер бағдарламасы) бағдарламаларымен салыстырылды.

Тағы бір маңызды бағыт білім беру жүйесінің қажеттіліктерін ауқымды зерттеу болды. Сауалнамаға 4102 респондент қатысты, тағы 61 адам тереңдетілген сессияларға тартылды. Қатысушылар арасында қабылдау комиссияларының өкілдері, білім беру бағдарламаларының жетекшілері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар болды. Зерттеу қолданыстағы ҰБТ-ның мықты тұстары стандарттау, ашықтық, қорғалғандық, мектеп бағдарламасын кеңінен қамту және бүкіл ел бойынша тестілеу өткізу мүмкіндігі болып қала беретінін растады.

Сонымен қатар зерттеу қатысушылары түлектің университетте оқуға дайындығын толығырақ бағалауға сұраныс білдірді. Барлық топтар дерлік сәтті оқу үшін қажетті басты дағды ретінде сыни тұрғыдан ойлауды атады. Маңыздылығы жағынан бұдан кейін коммуникация мен академиялық жазылым тұр. Респонденттердің жартысынан көбі креативті ойлауға, жасанды интеллект пен цифрлық сауаттылыққа байланысты компоненттерді қосуды да қолдады. Қатысушылар жаңа емтихан түлекке өз пайымдауларының барысын көрсетуге мүмкіндік беруге тиіс екенін жеке атап өтті, сондықтан толық жауабы бар тапсырмалар мен нәтижелерді мазмұндырақ ұсыну қажет.

Ұлттық тестілеу орталығы мен ETS-тің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша AIT-тің жоғары деңгейлі дизайнының жобасы дайындалып қойды. Онда емтиханның жалпы архитектурасы, болжамды модульдер, бағалау принциптері және негізгі тапсырма түрлері анықталған. Енді әрбір өлшенетін дағдыны анықтауды, спецификациялар мен тапсырма прототиптерін әзірлеуді, когнитивті зертханалар жүргізуді және сараптамалық тексеруді қамтитын неғұрлым егжей-тегжейлі ғылыми кезең басталады.

Бірінші пилоттық тестілеу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Оның міндеті – талапкерлерді іріктеу немесе білім беру гранттарын бөлу емес, модельдің өзін тексеру.

Бізге тапсырмалардың қатысушылар үшін қаншалықты түсінікті екенін, мәлімделген дағдыларды сенімді түрде өлшейтінін, әртүрлі тілдерде бірдей жұмыс істейтінін және қай элементтерді жетілдіру қажет екенін анықтау қажет.



Пилоттан кейін психометрикалық талдау, модельді түзету және анағұрлым ауқымды «далалық» сынақтар жүргізіледі. Жаңа форматтың түпкілікті параметрлері әр кезеңде алынған деректер негізінде анықталатын болады. Біз үшін көшу процесін қабылдау жүйесінің ашықтығын, қолжетімділігі мен сенімін төмендетпей жүзеге асыру түбегейлі маңызды.


– Жаңа модельді апробациялау кезеңінде қолданыстағы ҰБТ жүйесі сақталатындықтан, бұл өтпелі кезеңдегі талапкерлердің екі емтихан арасында таңдау жасай алатынын білдіре ме? AIT пилоттық тестілеуіне қатысу толығымен ерікті бола ма?


– Қазіргі талапкерлер үшін түсу ережелері сақталады, ал негізгі емтихан ретінде ҰБТ қала береді. Пилоттық тестілеуге қатысу толығымен ерікті болады. Оның нәтижелері, жоғарыда айтылғандай, түсуге де, мемлекеттік білім беру грантын алуға да әсер етпейді. Қатысушылар зерттеудің мақсатын, деректерді пайдалану тәртібін және пилот міндетті түсу рәсімдерін алмастырмайтынын алдын ала түсінуге тиіс.

Пилот, психометрикалық талдау және кейінгі «далалық» сынақтар аяқталғаннан кейін өтпелі кезеңнің моделі анықталады.

Қазіргі уақытта ҰБТ пен жаңа емтихан параллель түрде жұмыс істей алатын нұсқа қарастырылуда. Егер зерттеу қорытындысы бойынша екі емтиханның параллель әрекет ету моделі бекітілсе, барлық талапкерлер білім беру гранттары үшін бірыңғай конкурсқа тең жағдайда қатысуы үшін AIT нәтижелерін салыстырмалы шкалаға ауыстырудың ғылыми негізделген тетігі қажет болады.

Жаңа модель алдымен деректер негізінде өз сенімділігін дәлелдеуге тиіс, ал барлық өзгерістер ресми түрде және алдын ала жарияланады. Оқушылардың, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының дайындалуға жеткілікті уақыты болуға тиіс.



– Жаңа формат шетелдік тестілердің бірінің бейімделген нұсқасы болып табыла ма? Тестілеуге психометрикалық әдістерді енгізу қандай нәтиже береді деп болжанып отыр?


– Жаңа формат ешқандай шетелдік емтиханды дайын күйінде көшірмейді. AIT SAT, ACT немесе басқа шетелдік тестінің көшірмесі болмайды. Біз халықаралық тәжірибені зерттейміз, бірақ білім беру жүйеміздің және жоғары оқу орындарына түсудің міндеттеріне жауап беруге тиіс қазақстандық өнімді жасаймыз.

AIT негізін мемлекеттік білім беру стандарттары, қазақстандық университеттердің қажеттіліктері, жүргізілген зерттеулердің нәтижелері және елдің тілдік шынайылығы құрайды. Бұл ретте біз қолданыстағы ҰБТ-ның мықты тұстарын, соның ішінде бейіндік пәндік дайындықты, стандарттауды, ашықтық пен процедураның қорғалғандығын сақтаймыз.

Халықаралық салыстырмалы зерттеу бір шетелдік емтиханды таңдап алып, оны Қазақстанға көшіру үшін жүргізілген жоқ.

Біз дүниежүзілік тәжірибеде қандай шешімдердің тиімділігі дәлелденгенін, олардың қайсысы біздің жүйеге сәйкес келетінін, ал қайсысы бейімдеуді қажет ететінін түсіну үшін ҰБТ-ны ACT, PISA, TIMSS және жекелеген AP бағдарламаларымен салыстырдық.

Психометрикалық әдістерге келетін болсақ, олар емтиханды дәлірек әрі әділ етуге мүмкіндік береді. Әрбір тапсырма нақты қатысушылар арқылы алдын ала тексеріледі. Оның күрделілік деңгейі, дайындық деңгейі әртүрлі қатысушыларды ажырата алу қабілеті, нәтижелердің тұрақтылығы және тілдік топтар арасындағы салыстырмалылығы талданады. Егер тапсырма дұрыс жұмыс істемесе немесе жекелеген топ үшін негізсіз артықшылық тудырса, ол пысықталуы немесе алынып тасталуға тиіс.

Сонымен қатар психометрика нұсқаларды күрделілігі бойынша теңестіруге және нәтижелердің салыстырмалы шкаласын жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде талапкердің ұпайы оған қай нұсқа түскеніне немесе емтиханды қай жылы тапсырғанына тәуелді болмауға тиіс. Мұндай тәсіл жетекші бағалау жүйелерінде қолданылады және нәтижелеріне түсу мен білім беру гранттарын бөлу тәуелді болатын емтихандарға деген сенімнің негізі болып табылады.

Осылайша, біздің міндетіміз дайын шетелдік модельді көшіру емес, танылған ғылыми принциптерді және оларды қазақстандық контекске дәлелді түрде бейімдеуді пайдалану болып табылады.



– Жақында Ұлттық тестілеу орталығы AIT жобасын беделді International Test Commission халықаралық конференциясында таныстырды. Шетелдік сарапшылар реформалаудың қазақстандық тәсілін қалай бағалады? Болашақта түлектеріміз SAT немесе ACT тапсырмастан шетелдік серіктес университеттерге түсу үшін пайдалана алуы үшін AIT сертификатын конвертирленетін ету жоспарланып отыр ма?


– AIT жобасын International Test Commission конференциясында таныстыру біз үшін қазақстандық тәсілді кәсіби халықаралық талқылауға шығарудың маңызды мүмкіндігі болды. Біз дайын емтиханды емес, оны әзірлеу логикасын ұсындық, ол өзіңіз білетіндей, бейіндік дайындық пен әмбебап дағдыларды үйлестіруді, кезең-кезеңімен пилоттауды, психометрикалық тексеруді және қазақстандық контекске бейімдеуді көздейді.

Жоба халықаралық кәсіби қоғамдастықтың қызығушылығын тудырды. Қазақстан дайын шетелдік тестіні сатып алмайтынын немесе қолданыстағы модельді көшірмейтінін, керісінше зерттеулер мен халықаралық сапа стандарттары негізінде өз ұлттық құралын жасайтыны ерекше назар аударды.

Бөлек қызығушылық түсу емтиханының архитектурасына сыни тұрғыдан ойлауды, академиялық жазылымды, коммуникацияны, цифрлық сауаттылықты және жасанды интеллект саласындағы сауаттылықты, сондай-ақ креативті ойлауды қосумен байланысты. Мұндай компоненттер жоғары деңгейдегі жауапты емтихандарда өте сирек кездеседі. Сондықтан халықаралық талқылау біз үшін ресми мақұлдау ретінде емес, жобалық шешімдерді кәсіби талаптармен салыстыру және мазмұнды кері байланыс алу мүмкіндігі ретінде маңызды.

AIT-ті шетелде мойындауға келетін болсақ, мұндай әлеует жобаға басынан бастап қаланып жатыр. Емтихан валидтілік, сенімділік, әділдік және нәтижелердің салыстырмалылығы талаптарын ескере отырып әзірленеді. Бұл ретте ұлттық сертификатты алдын ала SAT немесе ACT эквиваленті деп жариялауға болмайды. Мойындау туралы шешімді әрбір шетелдік университет өз қабылдау саясатына сәйкес дербес қабылдайды.

Сондықтан

AIT алдымен өз өміршеңдігін тәжірибеде дәлелдеуге, өз сенімділігін растауға, тест нәтижелері мен университеттегі оқудың сәттілігі арасындағы байланысты көрсетуге тиіс.

Мұндай дәлелдемелік база қалыптасқаннан кейін нақты шетелдік университеттермен келіссөздерге көшуге болады. Болашақта біздің міндетіміз – AIT нәтижелері халықаралық академиялық қоғамдастыққа түсінікті болуын және түсу кезінде ескерілуін қамтамасыз ету. Алайда SAT немесе ACT-ті толығымен алмастыру туралы айту әзірге ерте. Халықаралық мойындау мәлімдемелерге емес, емтиханның сапасына, жинақталған деректер мен университеттердің сеніміне негізделуге тиіс.


– AIT өткізуге жауапты болатын мамандарды даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? ETS сарапшыларымен бірлескен сессиялардан кейін қазақстандық тест әзірлеушілер АҚШ-қа төрт айлық ғылыми тағылымдамаға аттанатыны хабарланған болатын. Олар онда не үйренеді және бұл тест тапсырмалары қорының сапасына қалай әсер етеді?


– Иә, мамандарды даярлау жобаның жеке бағыты болып табылады. Емтихан сапасы дайын тапсырманы тексерудің бір кезеңімен емес, өлшенетін дағдыны анықтаудан басталып, тапсырманың нақты қатысушыларда қалай жұмыс істегенін талдаумен аяқталатын бүкіл тізбек арқылы анықталады.

Принстондағы ETS орталық кеңсесіндегі ғылыми тағылымдамадан Ұлттық тестілеу орталығының 30 маманы өтеді: 24 тест әзірлеуші, үш психометрие және үш жасанды интеллект сарапшысы. Он төрт бейіндік пәннің әрқайсысы бойынша бір маман, ал бес дағды тестінің әрқайсысы бойынша екі маманнан ұсынылады. Қатысушыларды іріктеу ETS-пен бірлесіп жүргізіледі.



Тағылымдама танысу сипатында болмайды.

Қазақстандық мамандар ETS менторларымен бірге AIT жобасының нақты міндеттері бойынша жұмыс істейді. Олар техникалық спецификациялар мен алғашқы тапсырмаларды әзірлейді, жоғары деңгейдегі ойлау тапсырмаларын жасау тәсілдерін меңгереді, сондай-ақ олардың сапасын, әділдігі мен мәлімделген бағалау мақсаттарына сәйкестігін тексеруді үйренеді.

Жеке бағыт психометрикалық талдаумен байланысты. Апробациядан кейін әрбір тапсырма күрделілік деңгейі, дайындық деңгейі әртүрлі қатысушыларды ажырата алу қабілеті және басқа да статистикалық сипаттамалар бойынша тексерілуге тиіс. Сондай-ақ оның әртүрлі тілдерде бірдей жұмыс істейтінін және белгілі бір топтар үшін негізсіз артықшылық тудырмайтынын анықтау қажет. Мұндай талдау қорытындысы бойынша тапсырма банкке қабылдануы, пысықталуы немесе алынып тасталуы мүмкін.

Жасанды интеллекті жауапкершілікпен қолдануға ерекше назар аударылады. Әңгіме сарапшыны алгоритммен алмастыру туралы емес, міндетті адами бақылауды сақтай отырып, прототиптерді әзірлеу, тапсырмалар сапасын талдау және жұмыс тиімділігін арттыру үшін технологияларды пайдалану туралы болып отыр.

Тағылымдама қорытындысы бойынша қатысушылар ETS сертификаттауынан өтеді. Олар оралғаннан кейін AIT бойынша жұмысты жалғастырады, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы ішінде тұрақты кәсіби мектепті қалыптастыра отырып, қазақстандық әзірлеушілердің келесі буынына тәлімгер болады.

Біз басты нәтиже ретінде қазақстандық мамандарға ғылыми деректер мен бірыңғай сапа стандарттары негізінде емтиханды өз бетінше әзірлеуге, тексеруге және жетілдіруге мүмкіндік беретін ұлттық құзыреттілікті құруды көреміз.


– ЖИ технологияларын қолдану, өзімізге белгілі болғандай, адаптивті тестілеуді, автоматтандырылған бағалауды және зияткерлік аналитиканы қамтиды. Адам қандай міндеттерді жасанды интеллектіге береді? Тест нәтижелеріне шағымдану үшін апелляция беру мүмкіндігі қарастырыла ма?


– Жасанды интеллекті қолдану түпкілікті шешімдерді оған беруді білдірмейді. Біз ЖИ-ді жүйенің дәлдігін, жылдамдығы мен аналитикалық мүмкіндіктерін арттыра алатын құрал ретінде қарастырамыз, бірақ тест мазмұны, бағалау ережелері және талапкердің нәтижесіне әсер ететін шешімдер үшін жауапкершілік адамның қолында қалуға тиіс.

ЖИ тест тапсырмаларының прототиптерін жасауда, деректерді талдауда және нұсқаларды автоматтандырылған түрде жинауда қолданылуы мүмкін. Алайда тапсырманың қандай тәсілмен жасалғанына қарамастан, ол бірыңғай тексеру жолынан өтуге тиіс. Алдымен мазмұндық және сараптамалық сараптама жүргізіледі, содан кейін нақты қатысушыларда апробация және статистикалық талдау жасалады. Тек осыдан кейін ғана тапсырма жұмыс банкіне енгізіле алынады.



Автоматтандырылған жинау мазмұны мен күрделілігі бойынша теңгерілген нұсқаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл нақты құрастырушының субъектілі шешімдерінің әсерін айтарлықтай азайтады, нұсқалардың салыстырмалылығын арттырады және емтиханның қорғалғандығын күшейтеді. Бұл ретте адамның қатысуын толығымен алып тастау мүмкін емес. Тест спецификациясын, мазмұнға қойылатын талаптарды, жинаудың рұқсат етілген параметрлерін және сапаны бақылау ережелерін дәл осы мамандар анықтайды. Сондықтан әңгіме адам факторын жою туралы емес, кездейсоқ немесе ерікті араласу қаупін азайту туралы болып отыр.

Толық жауаптарды автоматтандырылған түрде бағалау ерекше сақтықты талап етеді. Мұнда технологиялық шешімдер адами бақылаумен үйлестірілетін гибридті тәсіл қарастырылған.

Кез келген жаңа автоматты бағалау жүйесі алдымен көлеңкелі режимде жұмыс істеуге тиіс. Бұл оның жауаптарды сарапшылармен қатар бағалайтынын, бірақ оның қорытындылары қатысушының қорытынды ұпайына әсер етпейтінін білдіреді. Тек үлкен көлемдегі деректерде тексеруден өткізіп, мамандардың бағалауымен салыстырып, сенімділігі расталғаннан кейін ғана мұндай технологияны әрі қарай қолдану туралы айтуға болады.

Бұл ретте әділдік, дербес деректерді қорғау, рәсімдердің ашықтығы және жүйелі біржақтылықтың болмауы талаптары сақталуға тиіс. Автоматтандырылған бағалау қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу аса маңызды.

Апелляцияға құқық бейіндік пәндік тестілер бойынша сақталады, мұнда қарау пәні нақты тапсырманың мазмұны мен белгіленген жауаптың дұрыстығы болуы мүмкін. Академиялық жазылым, коммуникация және аналитикалық ойлауды қоса алғанда, дағды тестілері үшін әдеттегі формадағы апелляция көзделмейді. Мұндай модульдерде әділдікті қорғау бірнеше тәуелсіз бағалау, бірыңғай критерийлер және қойылатын ұпайлардың үйлесімділігін тұрақты бақылау арқылы алдын ала қамтамасыз етілуге тиіс.

Біз үшін негізгі қағидат технология мамандарға дәлірек әрі негізделген шешімдер қабылдауға көмектесуге тиіс, бірақ адамның кәсіби жауапкершілігін алмастыра алмайды.


– ETS зерттеуінің ұсынымдарында әртүрлі тапсырған тілдердегі тілдік түсініктілікті және нәтижелердің салыстырмалылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Бұрынғы жылдардағы сұрақтарды қазақ немесе орыс тілдеріне аудару кейде тапсырманың мағынасын бұрмалаған белгілі мәселе қалай шешіледі? Тест бұрынғыдай үш тілде қолжетімді бола ма?


– AIT қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді болады. Тілдік эквиваленттілік жаңа форматты әзірлеу кезіндегі ең сезімтал мәселелердің бірі болып табылады. Тапсырманы бір тілде сапалы дайындап, содан кейін оны екінші тілге сөзбе-сөз аудару жеткіліксіз. Грамматикалық тұрғыдан дұрыс аударманың өзі мәтіннің күрделілігін өзгертуі, ұғымның мағынасын тарылтуы, қосымша көмекші белгі жасауы немесе, керісінше, өлшенетін білім мен дағдыға қатысы жоқ тілдік жүктемені арттыруы мүмкін.

Сондықтан біз сөзбе-сөз аудармадан халықаралық стандарттар бойынша кәсіби тілдік бейімдеуге көшуді жоспарлап отырмыз. Мұндай жұмыс терминдердің бірыңғай глоссарийін пайдалануды, бірнеше білікті аудармашының тілдік нұсқаларды тәуелсіз дайындауын және пәндік сарапшылар мен психометристердің қатысуымен кейіннен салыстырып тексеруді көздейді.

Тапсырмалардың тілдік және мәдени тұрғыдан дұрыстығы жеке тексеріледі. Тұжырымдар, мысалдар мен контекстер қатысушыларға түсінікті болуға тиіс және тілдік немесе мәдени тәжірибеге байланысты артықшылықтар тудырмауға тиіс.

Осыдан кейін әрбір тілдің ана тілінде сөйлейтіндермен когнитивті зертханалар жүргізу көзделеді. Мұндай зерттеулер барысында қатысушылар тапсырмаларды орындап, өз пайымдауларының барысын түсіндіреді, бұл олардың сұрақтың мәні мен жауапқа қойылатын талаптарды бірдей түсінетінін не түсінбейтінін көруге мүмкіндік береді.

Келесі кезең тілдік нұсқаларды пилоттау және статистикалық тексеру болады. Заманауи психометрикалық әдістер дайындық деңгейі салыстырмалы болған кезде әртүрлі тілдік топтар үшін әртүрлі жұмыс істейтін тапсырмаларды анықтауға мүмкіндік береді. Егер айырмашылық өлшенетін дағдымен емес, тұжырыммен немесе аудармамен байланысты болса, мұндай тапсырма пысықталуға немесе банктен толығымен алынып тасталуға тиіс.



Жекелеген жағдайларда мағынаны, күрделілікті, өлшенетін дағдыны және бағалау критерийлерін міндетті түрде сақтай отырып, сөзбе-сөз аударманың орнына тұжырымды бейімдеу дұрысырақ шешім болуы мүмкін. Яғни, тілдік нұсқалар бір бастапқы мәтіннің көшірмелері ретінде емес, бір тапсырманың эквивалентті нұсқалары ретінде қарастырылуға тиіс.

Нәтижесінде, тілдік нұсқалардың салыстырмалылығы сараптамалық және статистикалық тексерумен расталады, ал тілді таңдау ешқандай артықшылық та бермейді, қатысушыны қиын жағдайға да қалдырмайды.


– AIT емтиханы өтетін тәртіп туралы егжей-тегжейлі айтып бере аласыз ба: тапсырмалар саны қалай өзгереді, пән комбинациялары қандай болады? «Икемді тест комбинациялары» деген нені білдіреді? Түлектер емтиханды қайда тапсырады?


– AIT өткізудің түпкілікті тәртібі әлі бекітілген жоқ. Қазіргі кезеңде тестінің жоғары деңгейлі архитектурасы анықталуда, сондықтан тапсырмалардың нақты санын, емтихан ұзақтығын, максималды баллды немесе пәндік комбинациялардың түпкілікті тізімін атау әлі ерте болар еді. Бұл параметрлер тек әкімшілік шешіммен емес, пилоттау және психометрикалық талдау арқылы расталуға тиіс.

AIT екі ірі модульден тұрады деп жоспарланур отыр. Біріншісі — барлық ЖОО үшін ортақ болып, оқуға деген әмбебап дайындықты бағалауға тиіс, ал екіншісі дайындықтың нақты бағытына қатысты болады.

Икемді тест комбинациялары білім беру бағдарламаларының тобына және түсу жүйесінің талаптарына байланысты модульдердің әртүрлі жиынтықтарын қалыптастыру мүмкіндігін білдіреді. Мысалы, бір бағыт үшін сандық және аналитикалық пайымдау маңыздырақ болуы мүмкін, ал екіншісі үшін мәтінмен жұмыс және жазбаша коммуникация маңыздырақ, ал үшіншісі үшін белгілі бір бейіндік пәндер қажет. Бұл ретте талапкер өз қалауы бойынша өзіне ең ыңғайлы модульдерді еркін таңдай алмайды. Комбинация ережелерін Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық тестілеу орталығы және университеттер нақты білім беру бағдарламаларының талаптарын ескере отырып анықтауға тиіс.

Тапсырма форматтары да әртүрлі болуы мүмкін. Дұрыс жауапты таңдау тапсырмаларымен қатар қысқа жауаптар, бірнеше дереккөзбен жұмыс, деректерді талдау және шешімді түсіндіру тапсырмалары қарастырылуда. Толық жазбаша жауап ең алдымен академиялық жазылым модулінде күтіледі. Бұл ретте бейіндік тестілер, ағымдағы логика бойынша, қолмен тексеруге жаппай көшуге тиіс емес: олар үшін дұрыс жауапты таңдау тапсырмалары мен автоматты түрде бағаланатын қысқа жауаптар қолданылуы мүмкін.

Ұзақтығы мен тапсырмалар саны әрбір дағдыны сенімді бағалау үшін ақпараттың қандай көлемі қажет екеніне байланысты болады. Мұнда теңгерімді табу маңызды: тест тым артық жүктеме тудырмай, жеткілікті түрде дәл болуға тиіс. Дәл 2027 жылдың көктеміндегі пилот қатысушылардың әртүрлі тапсырма түрлеріне қанша уақыт жұмсайтынын, қандай модульдерді біріктіруге болатынын және қысқарту немесе қайта өңдеу қай жерде қажет екенін көрсетуге тиіс.

Өткізу орындарына келетін болсақ, компьютерлік тестілеуді, қатысушыларды сәйкестендіруді, ақпараттық қауіпсіздікті және ел ауқымында емтихандар өткізуді қамтамасыз етіп отырған Ұлттық тестілеу орталығының қолданыстағы инфрақұрылымын пайдалану көзделеді. Алайда пункттердің нақты желісі, кестесі мен тіркеу тәртібі операциялық модель бекітілгеннен кейін анықталады.

Басқаша айтқанда, қазір негізгі қағидаттар қалыптастырылды, бірақ бұл талапкерге арналған түпкілікті нұсқаулық емес. Біздің міндетіміз – алдымен әрбір модульдің сенімді әрі әділ жұмыс істейтінін дәлелдеу, содан кейін ғана тапсырмалар санын, уақытты, ұпайлар шкаласын және өткізу тәртібін бекіту.

 

– Қорытындылайық: қай жылдардың түлектері жаңа AIT тестін міндетті түрде тапсырады, болашақта оны тоғызыншы сынып түлектері тапсыра ма және мектеп оқушыларын бұл тестіге дайындау үшін Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жұмыс ұйымдастырылып жатыр ма?


– Осы кезеңде қолданыстағы ҰБТ орнына AIT-ті міндетті түрде тапсыратын нақты түлектер легін атау мүмкін емес. 2027 жылдың көктеміндегі бірінші пилоттық тестілеу модельді тексеруге арналған және түсу кезінде AIT-ті пайдалануға автоматты түрде көшуді білдірмейді. Нақты мерзімдер пилот нәтижелері мен тәжірибедегі кейінгі сынақтар талданғаннан кейін ресми түрде жарияланады. Мұндай сезімтал тақырыпта уақытынан бұрын мерзімін атамаған дұрыс, кейін берілген уәделерді қайта қарауға тура келеді.



Қазіргі түлектер ҰБТ-ға сабырмен дайындала алады. Ол штабтық режимде жұмысын жалғастыруда, ал қолданыстағы түсу ережелері сақталады. Тоғызыншы сынып түлектері үшін AIT жеке міндетті емтихан ретінде қарастырылмайды. Бұл ретте қазір тоғызыншы сыныпты аяқтап жатқан және оқуын жоғары сыныпта жалғастыратын оқушылар жаңа формат әсер ететін буындардың қатарында болуы ықтимал. Алайда бұл туралы әлдеқашан қабылданған шешім ретінде айту әзірге ерте. Бәрі зерттеулер мен сынақтар аяқталғаннан кейін бекітілетін шынайы көшу кестесіне байланысты.

Болашақта AIT-ке механикалық жаттығу арқылы дайындалуға болмайды. Ең пайдалы дайындық саналы түрде оқудан, бірнеше дереккөзбен жұмыс істеуден, деректерді талдаудан, стандартты емес есептерді шешуден, өз ұстанымын тұжырымдау және дәлелдей білу қабілетінен тұрады. Бұл ретте пәндік дайындық бұрынғыдай негізгі мәнін сақтайды, өйткені жаңа модель бейіндік білімнен бас тартуды көздемейді.

Көшу басталғанға дейін демо-материалдар, емтихан сипаттамасы, тапсырма форматтары және дайындық бағыттары бойынша модульдер тізімі алдын ала жарияланады. Әрбір оқушының өз дайындығын саналы түрде құру үшін жеткілікті ақпарат пен уақыты болады.

Біз Оқу-ағарту министрлігімен тығыз үйлестіре жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мектеп бағдарламасы, мұғалімдерді даярлау және түсу жүйесі бір-бәрінен бөлек дами алмайды. Емтихан түлекке мектепте оқытуда көрініс таппайтын талаптарды қоймауға тиіс. Сондықтан өлшенетін дағдыларды орта білім мазмұнымен үйлестіру, педагогтер мен әдіскерлерді тапсырмалар сараптамасына қатыстыру, сондай-ақ мектептерді өзгерістерге алдын ала дайындау қажет.

Бұл ретте міндет мектепте оқытуды тек жаңа тестіге ғана бейімдеп қайта құру емес. Керісінше, AIT білімді тереңірек меңгеруге қолдау көрсетуге тиіс, бірақ бұл ретте оқушыларды ақпаратты тек қайталап шығуға ғана емес, сонымен бірге оны қолдануға, пайымдаулардың барысын түсіндіруге және жаңа деректермен жұмыс істеуге үйрету қажет.

 

Беседовал

Александр ПЕТРУХИН


АННОТАЦИЯ

Интервью с министром науки и высшего образования РК Саясатом Нурбеком посвящено основным предпосылкам и особенностям внедрения нового формата Admissions Insight Test (AIT). Это тестирование, разрабатываемое совместно с международной организацией Educational Testing Service (ETS), предполагает совмещение проверки традиционных предметных знаний с оценкой универсальных навыков, таких как критическое мышление, академическое письмо, коммуникация и цифровая грамотность. В материале изложены первые результаты исследований, планы по проведению тестирования весной 2027 года и стратегия поэтапного перехода на новую модель оценивания.

 
 
 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page